“Қазақ” газетінің ұлттық сипаты

ХХ ғасырдың басында қазақтың мүддесін қалай қорғау керек еді? Бұл Алаш
қайраткерлерінің көкейінде тұрған ұлттың қамы үшін өзекті мәселе болатын
ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағыдай қолға қару алып көтеріліс жасаудың халық үшін тек зиян әкелетіні көзі қарақты әр азамат үшін анық еді. Ұлт тағдырына өздерін жауапты сезінген Алаш қайраткерлері қазақ халқының мүддесін қорғауда білектің күшімен емес, ақыл-ойдың қамымымен есе қайтарудың жолын таңдады. Бұл жол ұлттың мүддесін қорғауда ұлттық-саяси мінберге айналған «Қазақ» газетін өмірге әкелді.
Газет әдебиетіміз бен мәдениетіміздің гүлденуіне ғана емес, сондай-ақ ұлттық сананың дамуына, азаттық идеясының лаулап жануына, ел тәуелсіздігі жолындағы ғасырларға ұласқан ұлы күрестің қанат жайып, ақырында жеңіске жетуіне қосқан үлесі орасан зор басылым болды.Кезінде “қазақтың еңкейген кәрі, жасына дейін түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, етек-жеңін жиғызған “Қазақ” газетінің тарихи құны жоғары.
1913 жылдан бастап шығып тұрған басылымның “Қазақ” деп аталуы туралы алаштанушы ғалым М.Қойгелдиев: “Қазақ” газеті белгілі бір дәрежеде,сол кезеңдегі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының ең белсенді қайраткерлері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы және М.Дулатовтың үлкен еңбегінің ортақ жемісі еді” деп өз бағасын береген еді. Осы тұрғыда басылымның қазақ деп аталуында екі түрлі мағына бар екендігі анықталды. Біріншіден: газет жалпыұлттық газет болғандықтан, мақсаты жері бөлшектеніп, елі бытырап жүрген қазақ халқын топтастырып, бір ортаға біріктіру болғандықтан да ұлт атын иемденіп “Қазақ” аталды. Екіншіден, ғылыми, әдеби айналымда қазақ атының өз аты аталмай, қырғыз аталып келгендігі белгілі, сондықтан, туған халқаның төл атын қайта оралту мақсатында, қазақ зиялылары өз баспасөзін осылай атауды мақұл көрген. Ахмет Байтұрсыновтың бұл жайында: “Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетамыздың есімін “Қазақ” қойдық” – дейді. Осыдан аңғаратынымыздай, ұлт зиялылары газетті шығаруда ұлттың мүддесін басты орынға қойды. Бұл азаттық қозғалыстың жиырмасыншы ғасырдағы өркениетті түрі болатын.
“Қазақ” газеті – мұзжарғыш кеме секілді болды. Бұзылмай тұрған қамалды бұзып, қазақ өміріне қазақ әдеби тілінің нормаларын, таза қазақ тілін алып келді. Қазақ ұлтының әдеби тілі Абайдан бастап қалыптасты дейтін болсақ, ал осы басылым әдеби тілдің жалпыхалықтық қолданысқа енуіне ықпал етіп, тілші – барлығын да осы нормада жазуға үйреткен “Қазақ” газеті болды.
Газет тек тарихымызды танып білу үшін ғана емес, оның бай мұрасы, материалдары тіпті қазіргі күнге дейін керек және өз маңызын жоя қоймаған көп дүниелерді кездестіруге болады. Оның ішінде бүгінгідей дамып жатқан алмағайып заманда жолдан адаспай, өз даңғылымызды табуға бағдар болатын құндылықтар көп. Газеттің 1917 жылғы 226-санында “Ел еркі өзінде” деген М.Дулатовтың мақаласында айтылар ойдың бүгінгі күнмен үндес, әлі де құнын жоймағандығын дәлелдеу үшін мақаладан үзінді келтіре аламыз: “Хакімдердің айдауынан, хакімдердің түрткісінен басқа түк көрмеген біздің қазақ не берсе, хакім береді, не істесе, хакім істейді деп мұрнын тескен тайлақтай жетекшіл болып қалған. Әлі де болса әркімнің жетелеуіне қараса, онда бостаншылықтың игілігін дұрыс көре алмайды. Өз тіршілігін өзі істеп, өз шаруасын өзі жөндеп, өз күнін әркім өзі көрген сияқты бостаншылық болған соң әр жұрт өзіне керек істің бәрін өзі істеуі керек”. Бұл алаш азаматының халқына қалдырған аманаты. Газет ұйқыға кеткен қоғамның саяси сауатын ашуға белсене кіріскен болатын. Осы бағытта елдің жоғын жоқтайтын, байтақ далаға қоныстанған ел арасында ендеп кете алатын, сол арқылы ұлттық идеяны , бостандық пен бірлікті насихаттай алатын баспасөздің рөлі ерекше сезілген еді. Мұндай мақсат – мұратты 5 жыл ғұмыр кешіп, 265 нөмірін жарыққа шығарып үлгерген “Қазақ” газеті шебер орындап шықты. Басылым туралы Мұхтар Әуезов: “Қазақ” газеті – ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жинап, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытқа тура келді. Бұл тұтынған жолда “Қазақ” газеті өз міндетін дөп атқарды”, – деп жазады.
“Қазақ” газеті бүкіл қазақ халқының саяси орталығы болды.Сол кезде өзге жұрт өкілдері “киргиз” деп өз атымызбен атамай, кемсіте қарайтын кезде ұлт намысын қозғайтын мұндай мінбер елдігіміздің қалыптасуы үшін де қажет еді. Басылымның негізгі мақсат міндетін газетті шығарушылар алғашқы нөмірдегі беташар мақалада-ақ көрсетіп берді: “Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетміздің есмін “Қазақ” қойдық.Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі осы” /Қ. – 1913. – №1/.
“Қазақ” газеті халық алдындағы өз миссиясын орындады. Сол кездегі қазақ халқының ұлттық мұң-мүддесінің, теңдік пен бостандыққа ұмтылған күресінің, тарихы мен мәдениетінің, күнделікті тұрмыс тіршілігінің айнасы болды. Сонымен қатар қазақ тіліндегі кәсіби газет стилін қалыптастырып кетті. Газет ұлтты қалыптастыру жолында өте зор еңбек етті. Газет аз уақыт өмір сүрседе, алдын қойған мақсатын орындай білген баслым болды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Публицистика негіздері: оқу құралы / Бауыржан Жақып. -2. – Алматы: Қазақ университеті,2018. – 444б.

Бағдаулет Арайлым Сакенқызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті 1-курс

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *