Қазақ баспасөзі тарихынан ойып тұрып өз орнын алған қолжазба «Садақ» журналы және оның ұйымдастырушысы Жиенғали Тілепбергенұлы

Қазақ баспасөзі тарихынан ойып тұрып өз орнын қалдырып кеткен бұл қолжазба журналы 1915 жылдың қараша айының  9-жұлдызында Уфа қаласында жарық көрген. Ұйымдастырушылары ретінде  Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тілепбергенұлы жастардың оқу-біліміне, сауатына баса назар аударып, дамуына қатты көңіл бөлді. Шығарушылары – «Ғалия»  медресесінің шәкірттері. Журналдың басты мақсаты-жастар қауымын жаңа әдебиетке тарту, өмірдің маңызын түсіндіру, жауапкершілікті арттыру болған еді.  «Садақ» журналын 1915 жылғы 3-санынан бастап Ж.Тілепбергенұлы редакциялайды да, шығарушы міндетін «Қазақ ұймы» атқарады. Осы ретте, «Журналымыздың мақсаты-оқуға кеткен қазақ жастарына жол-жоба көрсетіп, қалам ұстауды, сөз жазуды үйрету, өткендегі өмірдің жақсылық жағын өнеге етіп, жаманшылығынан безіндіру болып табылады» , – деп редакция алқасының  сөзінен  байқаймыз.

 

«Қазақ» газетін үлгі тұтқан бұл журналда өтек өзекті мәселелер қарастырылған. Журналда  Б. Майлин,  Ж.Тілепбергенұлы,

З.Имажанұлы,  Ә.Мұстафаұлы,  А.Әшкеұлы,  Х.Басымұлы  және т.б. авторлардың материалдары жарық көрген.  Осындай  бас буынның қолдауымен, жол сілтеуімен бірігіп,  жастар жарыққа әкелген «Садақта» әуелі қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлының  «Желсіз түнде жарық ай»,  «Білімдіден шыққан сөз» деген махаббат пен тәлім-тәрбие жөніндегі және «Әкесінің баласы-адамның дұшпаны, адамның баласы-бауырың» деген сынды жастарға арналған бірнеше нақыл сөздері басылып шыққан. «Садақ» журналының  Абай  сөзімен басталуы да, журналдың мақсат еткен жолы жаңа әдебиет, озық үлгі болғанын білдіреді.

 

Сөздің шыны керек, журналдың басты бағыты – мәдени-ағартушылық сипатта болды. Журналда  оқу-ағарт ісі мен прогресшілл педагогика саласы туралы мәселелер көтерілген. Сондай-ақ,  Ж.Тілепбергенұлы сол замандағы балаларды оқыту мақсатында мұғалімдер дайындайтын курс ашу керек екендігін айтып  өткен екен. Байқап отырғанымыздай, Ж. Тілепбергенұлы жастардың қамын жеген, олардың сауатты болуы үшін бар күшін салған.  Жастардан бөлек, ересектердің де білімді болуы үшін журналға түрлі әңгімелер мен қызықты мақалалар, новелла, сыни пікірлер жариялап отырған. Осылайша,  Ж.Тілепбергенұлы ел-жұртты газет, кітап оқу, журнал оқу сынды пайдалы дүниелерге  шақырған.

 

Сол дәуірде  20-жасар жас жігіт Жиенғали өзінің шығармашылығындағы бірнеше өлеңдерін, әңгіме-мақалаларын осы журналға жариялап, қаламын ұштады.  Ол- «Жазғы көш» деген  әңгімесінде жайлауға көшу әбігерін, көш-жөнекей жігіттер мен қыздардың ат-жарыс, көкпар ойындарын, шырқаған әндерін тамаша суреттейді. Әсіресе, оның байдың жылқышыға ұрсып жатқан сәтін, жастар думанына торы шолақ атын тақымдай шабба жөнелген кедей баласының жақын қылығын бейнелеуі де сол кездегі ауыл бейнесін көз алдыңа елестетеді. Тағы да алып-қоса кетейін, Ж. Тілепбергенұлының сыншылдығы жайлы. «Садақтың» 1917-1918 жылдардағы он санында қатарынан Халеллидден Жүсіпұлы Сарталиевтың «Мақтым» деген ұзақ повесі жарияланған. Міне, Жиенғали ағамыз осы шығарма талдау жүргізіп, сын жүргізу барысында оның кемшіліктері, роман дәрежесіне жете алмағанын, егер қайтақұрып өңдесе баспаға ұсынуға болатынын айтып көрсеткен.

 

Иә, бұл «Қазақ» газетінің үлгісімен шыққан қолжазба журнал. Алайда, жәй ғана журнал емес, қазақ баспасөз тарихында өзінің еелулі орнын қалдырып кетті. Біріншіден, қалам ұстаған медресе жастарына жазу мектебі рөлін атқарды, екіншіден, қазақтың көркем әдебиеті кадрларының өсіп жетілуіне өз әсерін тигізді. Журнал тек жаңа үлгі табу керек екенін айтып қана қоймай, оны қалай, қайдан іздеу керек екенін көрсеткен. Көбінесе әлемдік озық әдебиетті үлгі тұтып, ал жаңа әдебиеттің тағанын қазақ жұртының өзінің эпосы мен ертегісінен қалау керек деген жолды ұстанған. Жаңалыққа ынта берген «Садақ» журналы әрі қазақ жастар басылымдарының, әрі қазақ әдеби сынының да алғашқы қарлығашының бірі болды.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

  1. Қазақ энцеклопедиясы, 7-том
  2. Аллаберген Қырықбай, Нұсқабайұлы Жарылқасын, Оразай Файзолла. Қазақ журналистикасының тарихы (1870-2008 жылдар). /Қ.Аллаберген, Ж. Нұсқабайұлы, Ф. Оразаев.-Алматы: Білім, 2010. – 308бет.

Болат Айғаным Құрманғазықызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті 1-курс

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *