Алаш ұранды Сарыарқа газеті

Сонау ықылым заманнан бері қай халықты алып қарасақ та, сол елдің өсіп-өркендеу жолында баспасөз рөлі өте маңызды рөл атқарады. Расымен, тасқа қашалып жазылған әрі сарғайған парақтардағы алтын жазулардың құны мен мәні ешқашан жоғалмайды. Бұл пікіріме тарихымыздан белгілі сонау Сарыарқа газеті дәлел бола алады. Бүгінде тамыры тереңде жатқан ғасырдан да ұзақ ғұмыры бар бұл газет Қазан төңкерісі кезінен бері ұлт мүддесі үшін шырылдады. Алдынан кездескен саяси цензураға, түрлі сүрлеу-соқпақтарға батыл түрде қарсы тұрды. Бодан елдің санасына тәуелсіздік рухын сіңіріп, жұртты оятқан “Қазақ” газетімен үндес, бағыттас бұл басылым 1917-1918 жылдары Семей қаласында шығып тұрды. Газеттің жауапты шығарушысы – алаштың ардақты азаматы, соңынан кеңестік саясаттың құрбаны болған Халел Ғаббасұлы.

Сарыарқа газетінде Алашордалықтар ел үшін емініп, жұрт үшін жұмылып қызмет еткен. Халқының қалін алыстан аңдап, қайтсек басы азат, көзі ашық жұрт боламыз деп қам жеген. Сол жолда малын да, жанын да аямаған. Қаймана қара қазағын өрге сүйреп, ойраны шыққан ордасын қайта тігіп, әлемдік өркениеттен қалмауын мақсат еткен қаймақтардың еңбегі өлшеусіз. Еткен еңбек, төккен тердің өтеуіндей болып есімдері ел жадынан өшпейді, қайта уақыт өткен сайын жақұттай жарқырап, жақындай түседі. Осындай сом тұлғалардың бірі Халел Ғаббасұлы. Себебі Алаш қозғалысының көшбасшылары бастаған осынау зор тарихи күрес керуенін жалғастырушы Халел Ғаббасұлының көсемсөздік, яғни публицистикалық еңбектері Алаш үні «Сарыарқада» жарық көрді. Ал ол басылым 1917 жылы Алашорда автономиясы дүниеге келіп, оның ел тарихындағы азат мемлекеттік құрылым екендігін, халықтың ұлттық тәуелсіз үкіметінің мақсат-мүддесі жұртымыздың ғасырлар бойғы арманының тарих шындығына айналған көрінісі болғанын елге ұғындырушы басылым, бір ауыз сөзбен айтқанда, азат ел мемлекетінің үні болды. «Сарыарқа» газетінде ол жарық көрген күннен бастап терең ойлы, ағартушылық, ұлт азаттық идеяларын ту еткен, отарлық езгіге қарсы, қазақ ұлтының экономикалық, саяси, рухани өрлеуі жалынды еңбек етіп жүрген ұлт зиялылары қызмет етті. Олар газетте халықтың тұрмыс-тіршілігін, елде болып жатқан жағдайларды кеңінен қамтыған мақалалар легін жариялап тұрды. Сондай-ақ Алашорда үкіметін құру, қазақ мемлекетінің негізін қалау секілді маңызды мәселелер қозғаған саяси мақалалар да жазды.

Газеттің ұстанған мақсаты мен бағытын басылым беттерінде жарық көрген мақалалардан да көруге болады. Ресей империясындағы саяси өзгерістер қазақ қоғамдық ойына қозғау салып, қазақ зиялыларын саяси-әлеуметтік, мәдени көзқарастар тұрғысынан әр арнаға тоғыстырды. Елдің «көзі, құлағы һәм тілі» болу мақсатында жұмыла еңбек ету, халыққа қазақ қоғамындағы саяси өзгерістердің мәнін жете ұғындыру, жаңа шыққан Алашорда үкіметінің ұлттық мүддені ту еткен шешімдері мен заңдық құжаттарын жариялау, елге оң жол, дұрыс бағыт беру, жалпы елдің нақты өмірі мен болашағына қызмет етуі – «Сарыарқаның» ең басты ұстанымы болғаны ақиқат. «Сарыарқа» газеті алғашқы сандарынан бастап-ақ ел өміріндегі ең өзекті де өткір мәсеселерді қаузады. «Қазақтың тарихы», «Дін таласы», «Әйел теңсіздігі» секілді көптің көкейінде жүрген тағдырлы тақырыптарды сөз етті. Аяғынан қаз тұрып, тәй-тәй басқан, енді ғана ес жиып келе жатқан қазақ елі үшін солкездегі бірен-саран көзі ашық азаматтардың себебімен оң-солын тануына түрткі болған «Сарыарқа» газетінің атқарған қызметі ұшан-теңіз. Сайын даланың төсінде шашырап жатқан оқырманға көкейтесті мәселелерді үздіксіз жариялап, жұртшылықтың таным көкжиегін кеңейтті. Халықтың санасын, саяси өмірге көзқарасын қалыптастырды.

“Сарыарқа” газеті біздің ата-бабаларымыздың мұра етіп тапсырып кеткен, елдің тыныс-тіршілігін сипаттайтын, тарихқа сапар шеккізіп, кемелдендіретіндей құндылықтарға бай газет. Естеріңізде болса, осы ”Сарыарқа газеті” үшін қаншама Алаш зиялылары бар жанын салған болатын. Сол кісілердің еңбегін бағалайық! “Газет халықтың көзі, һәм, құлағы” деп Ахмет Байтұрсынұлы атамыз айтқандай,біз үшін дәл осы газеттің орны әрдайым ерекше. Қорытындылай келе айтарым, газет көбейсе, оқырмандар көбейіп, таңдап-талғап оқиды демекші, ”Сарыарқа” газетінің ғұмыры ұзақ болсын, алға қойған мақсаты айқын болып ел үшін, халық үшін еңбек ететін газет ретінде тарихта өз атын алтын әріптермен мәңгілікке қалдыра берсін!

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1. “Сарыарқа” газеті. 1917 жыл. Ғ.Әнес.-Алматы: “Арыс” баспасы
2. Қ. Бекхожин “Қазақ баспасөзінің даму жолдары”
3. Қ. Бекхожин “Қазақ баспасөзінің тарихының очеркі” (1860-1958) Алматы “Мектеп” 1981
4. Атабаев Қ. Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дерек көзі (1870-1918). Ғылыми монография. – Алматы: Қазақ университеті, 2000. -358 бет

Қалдыбаева Балғын Қайратқызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті 1-курс

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *