Қазіргі жастар тілінің сөйлеу ерекшеліктері.

Абай облысы, Семкй қаласы,Шәкәрім университеті
Қабылқақов Әміржанның
«Қазіргі жастар тілінің сөйлеу ерекшеліктері»
атты ғылыми мақаласы.

АУЫЗЕКІ СӨЙЛЕУ СТИЛІ
Қазақ ұлттық әдеби тілінің жіктелуінде ерекше тілдік жүйеге құрылғаны- ауызекі сөйлеу стилі. Оның ерекшелігі сол- сөйлеудің алдын- ала дайындықсыз, тікелей қарым-қатынас жасау барысында жүзеге асатындығы. Тіл мәдениетін қатаң сақтауға талап қойыла бермейтіндігі. Сондықтан ауызекі сөйлеуде әдеби тілдің нормасынан тыс сөздер сөз тіркестері- варваризмдер, кәсіби сөздер, жаргондар, диалектілер,сленг сөздер ұшырасып отырады. [1, 26 б.] Кешегі Еуропа ғалымдары А. Янушкевич пен В. Радлов тамсанған ұлттың нәрлі тілінің бейнелілігі азайып кетті. Оның бір көрінісі бейəдеби тілдегі жаргондар мен сленгтердің сөйлеу тілінде белең алып бара жатқандығы. Жастар арасында қолданылатын көңілге қонымсыз, құлаққа жат сленг сөздер бүгінде олардың санасын улап бара жатыр. Тіпті жылдам тарап жатыр деуге болады. Ал, бұл өз кезегінде адам ойының дамуына аз да болсын бөгет жасайды. Белгілі ғалым Рабиға Сыздық: «Ауызша сөздің жиі қолданылатын жері – алқатоп алдындағы сөздер. Алқатоп алдында дұрыс сөйлеп дағдыланған адам күнделікті ауызекі сөйлеуде де біршама әдеби нормаға сай, дұрыс сөйлеуге үйренеді. Бүгінгі қазақ қоғамында күнделікті тұрмыстық ауызекі сөйлеудің әдеби тіл нормасымен көрінуі жоққа тән» – деген тұщымды ой айтады. Шынымен бүгінгі қоғамда ауызекі сөйлеу тілі тым қарабайырланып, бейнелі сөздердің қолданысы көмескі тартып бара жатқандығы дау тудырмайды. Ал қазіргі әлеуметтік ортада жастар арасында сленг тілінде сөйлеу орнығып келеді.

 

 

«СЛЕНГ» СӨЗІНІҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ
«Сленг» сөзінің шығу тарихына келер болсақ, алдымен «сленг» деген не? Ол жаргонның бір түрі, сөздерге жаңа мағына беру. «Сленг» – күнделікті өмірде белгілі бір заттың атауы үшін қолданылатын, қалыпты тілден ауытқыған, мысқылды, мәнерлі сөздер. О баста аталмыш сөздер жасырын топтар арасында, ұйымдардың бір- бірімен қарым-қатынасы нәтижесінде, құпия ақпараттармен араласу нәтижесінде жүзеге асқан. Кейін жастар арасында сәнге айналып ерекше сөйлеу үшін және өздерін басқалардан бөлек, күшті сезіну себебімен де болуы мүмкін. Күнделікті естіп жүрген жаргон, орысша, қазақша сөздермен ғана емес шетел тілімен де кездеседі.
Сленг тілдің қызықты, сонымен бір уақытта күрделі құбылыстарының бірі. Көптеген зерттеушілер сленгті қоғамдық диалектіге жатқызады. Диалект, соның ішінде сленг үнемі тілдік нормаға, стандартқа қарсы қойылады. Ағылшын лексикографиясында “сленг” термині өткен ғасырдың басында кең тарала бастады. Үлкен Оксфорд сөздігінде бұл сөздің шығуы «language of a low or vulgar type» мағынасын беретін сөз ретінде 1756 жылы тіркелген. Сленгты зерттеуші Эрик Партридждың айтуынша, slang сөзі to sling – to utter етістіктеріне қатысты. Қазіргі заманғы лексикографияда сленг сөзі “ауыз екі тіл”, “диалектизм”, “вульгаризм”, “жаргонизм” сөздерімен бірқатар қолданылады

 

 

ҚАЗІРГІ ЖАСТАР ТІЛІНДЕГІ СЛЕНГТЕР
Жастар жаргоны арасындағы ерекше орынды жастар сленгі алады. «Жастар сленгі» 13- 23 жас аралығында қолданылатын ерекше түрде қалыптасқан және жоғары не төмен деңгейдегі сөйлеушілердің барлық сатысына ортақ тілдік норманың нұсқасы болып табылатын лексикалық құбылыс» — деп бұл ұғымға филологтар анықтама береді.
Бүгінгі жастар сленгтер мен жаргондарды әртүрлі себептерге байланысты қолданады:
1. әсер қалдыруы үшін;
2. елден ерекше болу;
3. өзгелер түсінбеу үшін;
4. белгілі бір әлеуметтік топқа жататынын көрсету үшін;
5. әзіл ретінде де қолданады. [4]
Бұл жастардың ойлау мен сөйлеуінің нақты көрсеткіші болып отыр. Бір ерекшелігі, мұндай сөздер белгілі бір топқа ғана тән болғандықтан, олар басқа топтарға түсініксіз болуы мүмкін. Әсіресе «студенттік топ» деп аталатын ортада басым. Өйткені жас азаматтар шет тілдеріне көбірек көңіл қоя отырып, орыс тілінің мәртебесін көтеруді мақтан етеді. Осының нәтижесінде «тіл шұбарлығы» байқалады.[3] Ой жеткізудегі мәнерліліктің аздығы мен қысқа қайырылған тіл жұтаңдығы көрінеді. Оған ақпарат ағынының артуы, әлеуметтік желідегі қарым-қатынастар, күнделікті түрлі тілдегі бағдарламалар да өз ықпалын тигізіп жатыр.
Жастардың күнделікті қолданып жүрген сленгтерінде орыс сөздерінің көптеген компоненттері кездеседі. Мысалы: «грамотно айтып тастады», «мықты шарит», «тормозы ұстап қалды» — бір жағдайдан шешім таба алмай қалды, осыған синоним ретінде «зависать етіп қалды» деген тіркес бар, «типаж болу», «блатной болу» — менменсу тіркесімен байланысты. «Құлаққа лапша ілу» — өтірік айту, «маяк тастау», «гудок тастау» — қысқа ғана қоңырау шалу. Міне жаһандану заманында ешбір сүзгіден өтпеген ақпараттар тасқыны ағылып, жастардың көзін тұмандандырып, санасын уландырып барады. Осыларға төтеп беретін қазақы тіл, ұлттық салт-дәстүр. Бүгінгі жастардың арасында тіл байлығының нашарлығынан дейміз бе, әйтеуір бір сүреңсіз, нәрсіз сөздер өршіп тұр. Оған өздерінше «жаргон ғой» — деп, айдар тағып әлде қандай болатынын көресіз. Уақыт өте келе интернет арқылы өзгеріске ұшыраған тіл мәдениетінің нормалары бұзылып, жаппай сленг, жаргон, арго тәрізді дисфемизмдермен ластануы мүмкін. Жаһандану дәуіріндегі жан-жақтан ретсіз келіп жатқан ақпараттар тасқыны жастардың санасын осындай паразит сөздермен улап жатқаны айқын.

 

 

 

 

 

 

КОМПЬЮТЕРЛІК СЛЕНГТЕР
Ауызша сөйлеуде бастауыш сынып оқушыларының сөздік қоры аз,өйткені қазіргі кездегі шетел ойындары мен мультфильмдеріндегі орыс тіліне аударылған сөздерді қолданады.Ойын тіліндегі сленгтерді қолданатындар бар. Бұдан нені байқаймыз? Соңғы уақытта жасөспірімдердің компьютер ойындарымен әуестенуі күшейіп отыр. Бұл да бір компьютерлік сленгтердің пайда болуына алып келеді. Мысалы, орыс тілінен «инет», «комп», «клава», «винда», «хомяк», «норм», «поч», «дз», «батон», «думер» «босс», «нуб», «про», «авчик», «БМП», «Го, гоу», «моб» т.б
Ағылшын тілінен, «ten x», «BB», «GG», «GL», «HF», «OMG», «W8»
сленгтері пайда болған. [5] Отбасында баланың сөйлеу әрекетінің дұрыс қалыптасуына жеткілікті көңіл бөлінсе, мектепке келгенде оңай хат танып, үлгерімі жақсы болады. Осындай балалардың тіліндегі сөз қоры 4000-ға дейін жетеді. Мектеп жасына дейінгі және бастауыш мектеп оқушыларының сөз әдебі ата-аналар мен тәрбиешіліердің ерекше көңіл бөлетін мәселесі. Бүгінгі жас балғын көркем шығармаларға да аса қызығушылық танытпайды. . Басын оқып, өзіне таныс емес сөздер екендігін көрсе болды, жауып тастайды. Менсінбеушілер көбінесе қала қазақтары. Неге дейсіз ғой? Өйткені кез келген адам тіл арқылы дүниені таниды, ал олар орыс тілді балалар мәдени кеңістіктің өкілдері болып кеткен. Оларда тілді мәжбүрлеу құдіреті бар, олар жас кезінен сол тілді игергендіктен соның құзырынан шыға алмай қалады. Оған жоғарыдағы мысалдарды қосыңыз, сонда бала тілі қандай тіл болып қалыптасып жатқаны көрініс береді.

 

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ СЛЕНГТЕР
Қазіргі жастардың кітап оқуға деген құлшыныстарын әлемді жаулаған компьютер алмастырып отыр. Жаһанданудың жалынды жетістігі өмірдің жан-жақты жетістігін өтеп отыр. Дамудың мықты үлгісі бүгінгі жастарды толықтай баурап алды. «Интернетке тәуелділік» сияқты жүйке дерті атауы да ғылыми айналымға енгеніне біраз жыл болып қалды. Интернеттің, дәлірек айтқанда тек жүйке жүйесіне емес, тіл мәдениетіне де әсер тигізетіні бәрімізге мәлім шығар. Интернетте қазақ тіліндегі сайттар көбірек болса бір сәрі. Қазақ тілі интернетте кешеуілдеп дамып келе жатқаны ешкімге жасырын емес. Қазіргі жастар көп пайдаланатын «онлайн » жүйесінде жастар көбінесе негізінен орыс, ағылшын тілдерін қолданатындықтан бұл жүйеде қазақша сөздің мағынасы да, грамматикасы да өзгеріп сала береді. Мысалы, онда төл әліпбиіндегі ә, і, ң, ғ, ү, ұ, ө қаріптерін қолданбайды десе де болады [3]. Сонда қазақша диалогтер мынадай түрде жүргізіледі:
– Салем! (Сәлем)
– Кал калай! (Қал қалай?)
Біздің 100 томдық ауыз әдебиетіміз бар. Неткен байлық! Осы байлық тың секілді игерусіз жатыр. Бүгінде кез келген бала «беті табақтай» дегеннен гөрі «беті компьютердің мониторындай» дегенді тезірек ұғады. Бір сөзбен айтқанда, көркем сөйлеу, көркем жазу күнделікті қолданыстан шығып барады. Мұның арты тілдің өзіндік бояуын жоғалтуға, тілдік нормалардың бұзылуына, айналып келгенде, қазақ тілінің толықтай құнарсыздануына әкеліп соғады. Жасыратыны жоқ, заманауи деп танылған ғаламтор желісінің қазақ тілінің тазалығын сақтаудағы кері әсері көбейді. Жастардың әлеуметтік желілердегі жазбаларында немесе бір-бірімен хат алмасқанда пайдаланатын түрлі жаргон сөздер, оған қоса бір сөйлемде қолданылатын бірнеше тілдегі сөздер сәнге айналып барады.
Ең сорақысы, біз осы сорақылыққа үйрене бастағанымыз. Бірақ, күндердің күнінде жаһандану деп жанұшырған онсыз да кітап оқымай кеткен қазақ баласы сауатсызға айналса, не болмақ? Ал бүгінгі жастардың, жоғары білімді адамдардың, қолында дипломы бар мамандардың, ең беделді университеттерде білім алып жатқан студенттердің желідегі бір-біріне жазған амандық-саулығын оқығанда төбе шашың тік тұрады. Мысалды алыстан іздемей-ақ, көз алдымызда мектеп партасында отырған сыныптас ұл-қыздардың ұялы телефонына көз қиығыңды тастасаң да жеткілікті. Мұндай «диалогтарда» бас әріп, үтір, нүкте дегендер болмайды. Мәселен:
– слм (сәлем)
– прива. кк дел (Привет! Как дела?)
– спс (Спасибо!)
– нестеватсын
– кино көріватрм
– келшиш («келсеңші» дегені)
– Кошиш (қойшы)
– КТА болыватыр
– раха
– Кай канал табалмайатырм.
Әлеуметтік желілердегі жазылатын мұндай дилогтардан көз тұнады. Өкінішке қарай, қате сөздер мен орашолақ сөйлемдердің тасқынын ауыздықтау мүмкін болмай отыр, жасыратыны жоқ, заманауи деп танылған интернет торабының бүгінде біздің қоғам үшін онсызда жағдайы төмен тіліміздің тазалығын сақтаудағы кері әсері көбейді. Сауаттылық, тіл тазалығы мәселелері екінші орынға шығып,ең бай, оралымды тіл деп бағаланған қазақ тілі заман ағымымен бірге лайланып бара жатыр [3].

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Әміров. Р. Қазақ ауызекі тілінің синтаксистік ерекшеліктері/оқулық/. «Мектеп» баспасы,- Алматы, 1997. – 92 бет.
МАҚАЛАЛАР
2. Құдайберген. А. Жастар неге жарымжан сөзге құмар, Алаш айнасы,. газеті 02.02.2015;
3. Акимбекова. Г. Сөйлеу мәдениетіне мән берсек, Ана тілі,. 28.08.2014
4. Қасенов. Е. Қазіргі ауызекі сөйлеу тіліндегі фразеологизмдер және лингвоэкология, Ақиқат журналы,.02.03.2020
5. Федорова Г.Н. Компьютерный молодежный сленг в речи студентов СОФ МГРИ, Журнал Профобразование Росии и стран СНГ.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *