Бейбарыс Сұлтанның 800 жылдығы

 Тұрахан Нұрайым


Биыл Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың дүниеге келгеніне 800 жыл толады. Араб елдерінің «Мың бір түнмен» қатар қоятын халық романы – «Бейбарыста» оның әкесі Жамақ, шешесі әйек деп, олардың нақты есімдерін атап көрсеткен. Бейбарыс – ислам әлемін кірескерлердің шабуылынан және моңғол шапқыншылығынан құтқарған тұлға. Бейбарыс медреселер салуға көп күш жұмсайды, каналдар мен бөгеттерді жөндетеді. Каир қаласында ол салдырған мешіттердің бірі қазір де «Бейбарыс мешіті» деп аталады.

Ол қарапайым құлдан, мемлекет билеушісіне дейін көтеріле алған. Бейбарыс ойлы да кемеңгер мемлекет қайраткері, батыр да жігерлі қол басшы болған. Әуелі ол елдің әл-ауқатын көтерді. Мұсылман текті халықтардың ежелгі жауы — крест тағушыларды талқандады. Кезінде жат елге құл болып сатылып барса да, тектілігін танытып, қажымас қайраттың, мұқалмас жігердің үлгісін көрсетіп, билік басына көтерілген мамлюк қыпшақтардың рухы тек арада жеті ғасыр өткенде ғана барып, Бейбарыс есімі арқылы ата мекеніне оралды.

Тарихи деректерге сәйкес, Бейбарыстың руы – қыпшақ, ол қазіргі Атырау облысының аумағында туылған. ХІІІ ғасырдың 40-шы жылдарында, Дешті-Қыпшақ мемлекетіне моңғол әскері шабуыл жасап, болашақ сұлтан тұтқынға алынды. Осы тұрғыда, 2023 жылы Египет пен Қазақстан Мысырда Мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойын атап өтеді. Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойын тойлау жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтті. Отырыста Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспары талқыланып, бірауыздан бекітілді. Мерейтой аясында 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарлануда, олардың 50-ге жуығы халықаралық және ұлттық деңгейде өтеді. Қазақстан қалалары мен елді мекендердің көшелері мен алаңдарға, спорт сарайларына Сұлтан Бейбарыс есімін беру қарастырылады. Астана, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан  қалаларында Мәмлүктер дәуірі туралы сыр шертетін Каирдің Ислам өнері музейінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар ұлы батырдың мұрасын мәдени-танымдық және ағартушылық бағыттарда насихаттауды көздейді.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *