Жаңартылған білім бағдарламасы аясында
ШҚО білім басқармасы
Өскемен қаласы білім бөлімінің
«№37 көпбейінді орта мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті
мұғалімі Қайсарова М.С
Аңдатпа:мақалада оқытуы қазақ тілінде емес мектептердегі қазақ мен әдебиеті сабақтарын заман талабына сай өткізу жолдары қарастырылады.
Аннотоция: в статье рассматриваются пути проведения уроков казахского языка и литературы с неказахским языком обучения по современным стандартам.
Annotation: The article considers ways of conductinq lessons of kazakh lanquaq and kazakh literature in non – kazakh schools by modern standards.
Тірек сөздер:белсенді оқыту әдістері, интербелсенді оқыту әдістері, ой толғау, кері байланыс.
Ключевые слова:активные методы обучения, интерактивные методы обучения, рефлексия, обратная связь.
Key words: active learning methods, interactive teaching methods, reflection, inverse relationship.
Жаңартылған білім бағдарламасы аясында
Қазақстан Республикасының «Қазақстан- 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында білім беру стратегияның маңызды басымдылықтарының бірі болып табылады. Елбасы мемлекетімізді әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енгізу туралы міндетін қойып отыр(1). Білім беру жүйесі осы мақсатқа қол жеткізуде маңызды рөл атқаратындықтан, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі тарапынан заман сұранысына сай жаңа бағдарламалар қабылдауда. Қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасып, білім беруде ескі мазмұнының орнына жаңартылған білім беру жүйесі жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан Республикасының Президентінің «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында Елбасы «Тілдердің үштұғырлығы» -«Триединство языков» мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруды ұсынды. Ол Жолдауында: «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі-жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі».- деп көрсетілді. Елбасының Қазақстан халқына арналған Жодауында айтылған білім беруге қатысты мәселелер бәрімізді бей-жай қалдыра алмайды. Қазақстандағы әрбір ұрпақтың ертеңгі күні дүниенің төрт түкпірінде өзінің қалаған, ұнатқан және қоғамға пайдалы еркін еңбек ете алатындай болуы керектігіне Елбасымыз аса мән береді.
Заман талабына сай оқушылардың, яғни білім субъектілерінің құзыреттіліктерін жетілдіру, жан-жақты тұлғаны қалыптастыру жалпы білім беретін мектептердің мақсатына айналып отыр. Оқыту қазақ тілінде емес мектептердегі «Қазақ тілі» пәні- мектептің негізгі деңгейінде міндетті түрде оқытылатын пән, бірақ өкінішке орай, өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді жоспарланғандай меңгеріп кете алмай жатқандықтан, «Үштілділік» саясатын қайта қарау қажет деген пікірлер айтылып жүргені жасырын емес. Осыған орай, Елбасының: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді»- деп ескерткенін тағы бір қайталап қойсақ артық болмас. Қазақстан Республикасындағы үштілділік саясатының негізгі бағытының бірі- мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдерінің меңгеріп кетуіне барлық жағдайын жасау. Сол себепті қазақ тілінде оқымайтын мектептерде 1-ші сыныптан бастап қазақ тілін оқыту жүзеге асырылуда. Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді меңгертудің жолдары әралуан болғанмен, әр ұстаз өз шеберлігіне сүйене отырып, осы мәселені шешуге атсалысады.
Оқытудың белсенді және интербелсенді үлгілерін енгізгенде ғана шәкірттің тілді меңгеріп кетуіне кең жол ашылады. Оқушы оқу үдерісіне белсене араласқанда, материалды жеңіл меңгеріп, жақсы есіне сақтайды, мәніне тереңірек үңіледі, сол себепті бүгінгі күн талабы-оқушыны белсенді әрекеттке тарту. Оқыту үдерісінде білім алушы зерттеу тақырыбына, талқыланатын мәселеге, жағдаятқа белсене араласқанда, оның ішкі уәжі оянады. Ішкі уәжі пайда болған оқушының ынтасы арта түспек.
Оқытудың белсенді әдістері –оқу материалын игеру үдерісінде оқушыларды белсенді ойлау және практикалық әрекетке итермелейтін әдістер. Белсенді оқыту мұғалімнің дайын білімдерді баяндауына, оларды есте сақтауы мен қайта жаңғыртуына емес, оқушылардың белсенді ойлау және практикалық әрекет үдерісінде өз бетінше білімдер мен біліктерді меңгеруіне бағытталған әдістер жүйесін пайдалануды білдіреді және ойлау әрекетіне ояту жатыр. Онсыз білімдерді игеруде алға жылжушылық болмайды. Оқытудың белсенді әдістерінің пайда болуы және дамуы оқытудың алдына оқушыларға білім ғана беріп қоймай, танымдық қызығушылықтар мен қабілеттердің, шығармашылық ойлаудың, өз бетінше ақыл-ой еңбегінің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз ету т.б жаңа міндеттер қойылуымен байланысты.(2) Белсенді оқыту әдісі мұғалім мен оқушылардың сабақ барысында өзара белсенді жұмыс істеу арқылы жүзеге асатын болғандықтан, білім алушы субъект мұғаліммен тең дәрежеде әрекет жасай отырып білім алады. Белсенді әдіс оқытудың демократиялық стилін ұстанады.«Естігенімді ұмытамын, көргенімді есте сақтаймын, өзім істегенімді меңгеремін»-деп Конфуций айтқандай, оқушы өзі түсініп орындаған тапсырмасын есінде сақтайды. Мәтінмен жұмыс істеу барысында шәкірттердің білімдерін бекіту мақсатында, мен өз сабақтарымда «БББ» кестесін, «РАПТ»стратегиясын, «Венн», диаграммасын, постер құрастыру, хикаят картасын жасау,ментальді карталарды-mind map кеңінен қолданамын.Ментальді карталарды қолдану үшін әдемі сурет салу маңызды емес, ең бастысы –сызба арқылы мәтіннен түсінгенін көрсетіп, сол сызбаларға сүйене өз ойын жеткізе алса болады. Себебі ментальды карталарды конспект деп те қарастыруға болады, тек бұл оқушыны жалықтыратын көшіріліп жазылған сөйлемдер емес, сызбалар мен суреттер арқылы берілген мәтін мазмұны деп қарастыруға болады.Ең бастысы– осы іс-әрекеттер арқылы баланың ойлау қабілеті дамиды, шығармашылығы артады және берілген мәтіннің өзекті ойын анықтай алуға дағдыланады. Ментальды карталарды ақыл-ой карталары деп те айтуға болады. Ақыл-ой карталары білім алушының есте сақтау қабілетінің дамуына, ойын жүйелеуге,берілген ақпаратты бір жүйеге келтіруге, жұмысын қорғауға көмекші болады.Ментальды картаны орындағанда ең өзектісі ортаға түседі, оны айнала жуан жазумен жазылған сөздер, сызбалар арқылы маңызды ақпарат беріледі ,келесі оның мәнін ашатын жіңішке сызбалар, сөздер жазылады. Ментальды карта және басқа да графикалық органайзерлер арқылы оқытушы білім алушыны белсенді жұмыс істеуге итермелейді.
Интербелсенді және белсенді әдістер арасында ұқсастық болғанмен, олардың өзара ерекшеліктері бар. Интербелсенді («inter»-өзара, «act»-әркет) –үнемі біреумен әркеттестікте, диалог құрып, әңгімелесу үстінде болуы тиіс, басқаша айтқанда белсенді әдіске қарағанда оқушы тек мұғаліммен ғана емес,бір-бірімен кең көлемде әрекетестікте болулары шарт және оқушылар бесенділігі басымдылыққа ие. Ал мұғалім сабақтың мақсатына жету жолында оларға бағыт беруші.Сонымен қатар,оқушыны белсенді әрекетке жұмылдырып, оқу материалын өз беттерімен меңгеруге жетелеп отыратын өзара белсенді жаттығулар мен тапсырмаларды әзірлейді. Интербеленді оқыту сабақтың негізін өзара белсенділікке жұмылдыратын әдіс-тәсілдер құрайды.Оқушылар жаңа тақырыпты да өздері меңгереді.
Интербелсенді әдістер арқылы оқушылар оқу материалын жылдам меңгереді, естеріне сақтауы да тез.Сондықтан инновациялық оқытудың негізі интербелсенді әдістерде жатыр.(3)
Оқушылардың алған ақпаратты есте сақтауының орташа пайызын ескерсек, оқушы талқылау кезінде 50 пайызын есте сақтаса, тәжірибе жасау барысында 75 пайызын, өзгелерді оқыту барысында 90 пайызын сақтайды(4) Ендеше,оқушылармен жұмысты жоспарлағанда, осы ақпаратты естен шығармаған жөн. Оқыту қазақ тілінде емес мектептерде мемлекеттік тілді меңгерту жоғарыда көрсетілген белсенді және интербелсенді оқытуға негізделгенде оң нәтиже беретіні сөзсіз. Ұстаз тілді меңгертуге берілген сабақ уақытын барынша тиімді қолдана отырып, тілдік орта құру арқылы оқу мақсаттарын жүзеге асырады. Әр сабақты жағымды психологиялық ахуал тудырудан бастаймын.Оқушылар «Шаттық шеңберге» тұрып, мұғаліммен де, сыныптасымен де тілдесімге түседі. Бұл,бір жағынан,оқушылардың сабаққа деген ықыласын білдірсе, екінші жағынан, тілдік ортаға көшіп, сөздік қорын молайтуға үлесін қосады.Сабақтың барлық кезеңдері дұрыс ұйымдастырылса, сабаққа қойылған мақсат жүзеге асады.«Қызығушылықты ояту» кезеңінің өз міндеттері бар:
- өз біліміне сүйене отырып, қазақ тілінде ойын жеткізу.
- жаңа тақырыпқа танымдық қызығушылын ояту.
«Мағынаны тану» кезеңінде мұғалім оқушылардың ақыл-ой белсенділігін, қабілетін, шығармашылық іс-әрекетін дамытады. Барнс (1971) сыныпта тіл қаншалықты қолданылса, оқушылардың білім алуына соншалықты әсер ететінін айтады. Барнс білім берудің мұғалімді селқос тыңдағанда емес, вербальды құралдарды қолдану нәтижесінде, яғни сөйлесу, талдау және дәлелдеу барысында жүзеге асатынын көрсетті. Барнстың бұл айтқан тұжырымдамасымен мен толық келісемін, расында, оқушылар бір-бірімен пікір алмасу барысында бір-бірінің ойын толықтырады, бір-бірін тыңдай отырып, жаңа материалды қабылдайды және өзара сұхбаттасу арқылы меңгерген білімдерін есте сақтайды. Себебі оқушылар мұғалімнің түсіндіргеніне қарағанда өз құрбыларының қарапайым түрде түсіндіргенін қызығушылықпен тыңдайды және бір-бірінің айтқан ойына сыни көзбен қарап үйренеді. Қазақ тілінде оқымайтын мектептерде қазақ тілі сабағында интербелсенді әдіс-тәсілдерді қолдануда туғызатын қиындық- оқушылардың сөздік қорларының аздығы.Сол себепті әдіс-тәсілдерді сыныптың білім деңгейін есепке ала отырып, мұқият ойластырып қолдану керек. Мен өз сабақтарымда «Өкіл»стратегиясын жиі қолданамын.Ол стратегия оқушылардың тілдік қорларын байытуға, СТО, көшбасшылық қасиетін дамытуға көмектесе, «Жигсо», «Жигсо-1» әр оқушыдан берілген рөлді жауапкершілікпен орындап шығуды талап етеді.Сол сияқты, «Сен-маған, мен –саған», «Ақылының алты қалпағы» атты стратегиялар,топтық әңгіме, зерттеушілік әңгіме жүргізу барысында интербелсенді оқыту жүзеге асады. Интербелсенді оқыту әдістерін пайдалану кезінде оқушыларда тиянақты білім, қиялдау мен шығармашылық,тез тіл табысу, белсенді өмірлік көзқарас,командалық рух, жеке-дербестік құндылық, өз пікірін білдіру, еркіндік, өзара сыйластық дағдылары дамиды
«Ой толғау». «Рефлексия» сөзінің анықтамасын МАН–ның екінші басылымынан қарастырсақ, рефлексия –(лат. Reflexio – өткенге жүгіну) – субъектінің назарын өзіне, атап айтқанда, оларды қайта ойлап, қорыту мақсатында өз белсенділігінің өніміне аударуы. Филофсофияда рефлексия былай деп түсіндіріледі: 1. Сананың және ойлаудың өзіне жүгіне алу қабілеті. 2.Жаңа білім алу мақсатында білімді талдау. 3.Сана мен жанның күйін өзіндік бақылау.
Педагогикада рефлексия сабақтың бір кезеңі ретінде қарастырылады. Ол кезде сабақ барысында алынған білім сын тұрғысынан талданып, меңгерілген біліммен салыстырылып, өзіндік түсінік пайда болады.(4)
Кері байланысты әр тапсырмадан соң, яғни сабақтың әр кезеңінде жасауға болады. Тиімді кері байланысты ұйымдастыру, рефлексия жасау сапалы оқытудың негізі болып табылады, сондықтан олар оқу үрдесінің барысы туралы түсінік қалыптастырудың бірден бір құралы ретінде оқу міндеттері мен мақсаттарына жету деңгейін анықтауға мүмкіндік береді, мұғалімді оқушының жетістіктері мен қиындықтары туралы хабардар етеді. Сондықтан мұғалім үшін кері байланыс пен рефлексияның жік арасын түсіну өте маңызды. Қарапайым сөзбен айтқанда, рефлексия –өз іс-әрекетін және оның нәтижесін талдау, дәлдеу, өз пікірін білдіру. Кері байланыс пен рефлексияны сауатты ұйымдастыру –сабақты шиыршықты дамытып, мақсатқа жетудің тиімді жолы. Сыныптан сыныпқа өткен сайын алға ілгерілеу арқылы оқушылар тәжірибе жинақтап, терең білім алады. Бұл оларға өздері сүйенетін дереккөздер аясын кеңейтуге септігін тигізіп, сондай-ақ бұл дереккөздерді қалай және неліктен пайдаланатынын түсінуге және бағамдауға көмектеседі. Оқу барысында оқушының жасы мен тәжірибесі де өз бетінше шешім қабылдауына ықпал етеді. Оқушылар өз дағдыларын қайта-қайта қолданып, оны жетілдірген сайын өздерінің алға ілгерілегенін көріп, тәуелсіз әрі еркін сезіне бастайды. Әр кезеңде дұрыс ұйымдастырылған кері байланыс мұғалімге критериалды бағалауды жүргізуге асыруға көмегін тигізетіні сөзсіз. Кері байланыс әрекетін ұйымдастыруда көзделетін басты мақсат: оқушының саналы ішкі рефлексиясын даярлау, сол арқылы қазіргі кезде маңызды болып саналатын өз бетімен еңбектену, бәсекеге қабілетті болу, алғырлық сияқты қабілеттерін дамыту. Бұл -қазіргі уақыттағы мектептерге қойылатын басты талап және мектеп бітіруші түлектің үлкен өміріне қажетті дағдылар.
Оқушылардың қателерін анықтап, олардың өзін жəне оған алып келген түсінбеушілікті талқылай отырып, бұны оқытудың жағымды қыры ретінде қолдану, оқушылар өздері таңдаған əдістері мен ресурстарын неліктен таңдағанын түсіндіру үшін пікірталас жүргізу, оқушылардың топқа немесе бүкіл сыныпқа жасаған таныстырылымын бағамдау, олардың жазбаша жұмысына ауызша кері байланыс ұсыну- ұстаз міндеті.
Әдебиеттер:
1.Н.Назарбаев. «Қазақстан- 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»
- «Оқыту мен оқудың интербелсенді әдіс-тәсілдері», «Назарбаев Зияткерлік мектептері»ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығы. 2015
- С. Симбаева «Белсенді оқу мен оқытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер» Өскемен 2015
- МАН екінші басылым 2016ж