«Тәрбиеші болу –бір бақыт».

                     Тастабаева Шырын Каденовна
                      Алматы қаласы Алатау ауданы

                                         КМҚК «№177 бөбекжай-балабақшасының»

                                                   Кіші «Қуырмаш» тобының ІІ санатты тәрбиешісі

                          

Мен үшін де осынау өмірімдегі ең қастерлі әрі қасиетті мамандық ол – тәрбиеші болу. «Жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дегендей, әу баста ұлтымыздың, тәуелсіз еліміздің ертеңі боларлық бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолын таңдағаныма еш өкінбеймін. Керісінше, ауыртпалығы мен жауаптылығы қырық атанға жүк боларлық мамандықты  таңдау арқылы қоғамдық дамуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанымды мақтан етемін.  Адам баласының өмірінде болуға тиіс бақыттың бірі не десек, ол – өз қалауыңмен таңдаған мамандығыңа деген ыстық ықылас дер едім. Өз еңбегіне жан-тәнімен берілген жан ғана өмірдің мән-мағынасын, қоғамдық ортадағы жауапкершілікті, тұтастай ұлттың ертеңіне қоса алар өзіндік үлесін тереңнен салмақтай алса керек. Бір сөзбен айтқанда, өмірдің мәні адал әрі мағыналы, жемісті әрі нәтижелі еңбекте жатқандығын түбегейлі түйсіне алған әр адам биікке бастар жолдың қадірін салмақтай біледі. Қалаған ісіңе ғашықтық пейілмен қарай білсең, өмірден өз орныңды тапқандығың!  Мұндай философиялық қағида бағзыдан қалыптасқан жоғары адамгершіліктік ұғымдармен астасып жатыр. Шын жүрекпен қалаған мамындық  арқылы ғана және жемісті еңбек арқылы өмірлік  несібеңді, абырой-беделіңді, қоғам алдыңдағы құрметіңді еселей аласың. Ал, тәрбиеші болу – айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын сол мамандықты таңдағандар, осы жолда еңбек етіп жүрген жандар жақсы түсінеді.
        Көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлы: «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын»,- деген екен. Балабақша тәрбиешілері қай кезеңде болсын болашақ  ұрпақты тәрбиелеуге тер төгуде. Бұл жолда үлкен ізденіс, парасат қажет. Ендеше, тәрбиешінің әр күні ізденіспен, ертеңгі азаматты қалыптастыру жауапкершілігімен ұштасып жатады. Тәуелсіз елдің жас ұрпағын лайықты түрде тәрбиелеу – біздерге артылған аса жоғары міндет. Осы міндетті орындау үшін әрбір тәрбиеші жанын салады. Ендеше, олардың әрқайсысының еңбегі қашанда құрметке лайық деп білемін.
      ТӘРБИЕШІ! Бұл әрдайым үлкен әріптермен жазылуға тиіс мазмұнды    сөз   деп танимын. Өйткені, біз елдің ертеңгі азаматтарын тәрбиелеудеміз.                Біз жас ұрпаққа қазыналы да бай ана тілі – қазақ тілін сіңірудеміз. Тіл арқылы бала бойына ұлттық құндылықтарды, дәстүр мен салтты, ұлтымызға тән ізгіліктерді, жалпы адамзатқа ортақ өркениеттік ұстанымдарды жұғысты етудеміз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, менің де осынау қастерлі мамандықтың иесі атанғаныма сегіз жылдай  болған екен. Қиындығы мен қызығы, ауартпалығы мен жауапкершілігі қатар жүретін осы еңбектің жолындағы педагогикалық ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну және      әр тәрбиленушімнің бойынан жылт еткен жақсылықты, талап пен талантты тауып, бұлақтың көзін ашу, биікке жетелеу, сондай ізденістер арқылы биік мақсаттарды орындау. Сондықтан да бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, бұл – бала жанын тереңінен сезінетін, өз ісін жан-жақты білетін, бүлдіршіндерді  жан-тәнімен сүйе алатын, оларды бағалай білетін нағыз маманның қолынан ғана келетін жұмыс. Ұлы педагог  Г.Песталоцци: «Егер де сүйе білмесең, тәрбиелеу құқығың жоқ», деген екен.
Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту еңбекке деген рухани адамгершіліктің қалыптасуына серпін беріп отыру негіз болады. Бірақ бұл қажеттілік балаға күш салмай іске асуы мүмкін емес, сондықтан оны еңбексүйгіштікке, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, дербестікке, белсенділікке және өз еңбегімен айналасындағыларға қуаныш сыйлауға талпынуына тәрбиелеу қажет.
       Батыр Бауыржан  Момышұлы: «Ешкім іштен батыр болып тумайды, батырлық та мінез секілді ,өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деп ұлы ой айтқан болатын. Біз бақшадағы бүлдіршіндерді жақсылық атаулыға тәрбиелеуге, тамаша ортада тәлімді тәрбие беруге әрдайым жауаптымыз.
       «Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы», дейді ғұлама Абай Құнанбаев.
Мұндай қағидалардың барлығы біздің күнделікті жұмысымызда басшылыққа алынуға тиіс екенін ұмытпай, еңбегімізді осы бағытта құрамыз. Сегіз жылдай  тәрбиешілік еңбекте жүріп түйгенім – тәрбиешілік еңбекке мен басы бүтін бой ұсынып, әбден қалыптастым. Бүгінде балаларға мейірім төге отырып, биік белестерге жетуіне жауапты екенімді ешуақытта естен шығармаймын.              

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *