Мен өмірді жырлау үшін келгенмін
Джұманазарова Гүлнұр Жансейтқызы
Алматы қаласы, Алатау ауданы ” №177 бөбекжай-балабақшасы” тәрбиешісі
Мен өмірді жырлау үшін келгенмін
Кештің мақсаты: ХХ ғасырдың таңғажайып ақыны Мұқағали Мақатаевтың жырларын өлең сүйер қауымға кеңінен насихаттау.
Кештің көрнекілігі: Мұқағали Мақатаевтың суреті мен «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» тақырыбы, шарлар, ақынның шығармасы мен өміріне арналған көрме. Сазды музыка.
1-жүргізуші: Армысыздар құрметті әріптестер! Қадірменді жыр сүйер қауым. Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Қазақ поэзиясының Хантәңірі- Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты әдеби-жыр кешімізге қош келдіңіздер!
Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге,
Абай болып түңілем бір кісіден, – деп жырлаған ақын биыл тірі болса ақпан айының тоғызында 87 жасқа толар еді.
Бейнебаян «Есіңе мені алғайсың» М. Мақатаевтың өз даусы 1-жүргізуші: Кезінде ақиық ақын М. Мақатаев:
«Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын», – деп қарапайым қазақтың қара өлеңінің жілігін шағып, майын ішті. Дегенмен, өзінің әділ бағасын ала алмай кеткен ақынның әділ таразысы халық болды. Оны күллі халық сүйіп оқиды. Мұқағали шын мәнінде, біртуар екенін халыққа таныта білді. Олай болса Мұқағали Мақатаевтың өмір жолынан деректерге назар аударайық. Ақыл тақтасынан Мұқағали Мақатаев өмірі жайлы слайд көрсетіледі.
Мұқағали Мақатаев (1931-1976)
Шынайы поэзия өкілі, ғажайып ақындардың бірі Мұқағали Мақатаев қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келді.
Балалық шағы соғыспен тұспа-тұс келген Мұқағали өлеңді он-он бір жасынан жаза бастайды. Алғашқы өлеңдері аудандық газетте жарық көрген Мұқағали Шығармалары1960-1970 жылдары үздіксіз басылады, бұл жылдарды ақынның қазақ поэзиясының биік шыңына көтерілген уақыты деп санауға болады.
Ақын тұрмыс тауқыметін тарта жүріп, әпербақан сынға ұшырағанда да “Ақынның ақындығы атақта емес, арда ғана” деген байламды берік ұстап, шен-шекпенге де, лауазым-атаққа да қызықпаған.
М.Мақатаев поэзиясы жұмыр жердің барлық мәселесіне араласқан, кең, ауқымды тақырыпты қамтиды. Оның туған жер, адамдар тағдары, өмір мен өлім, ана мен бала, ақын мен ақындық, соғыс тауқыметі т.б. тақырыптағы лирикасы қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестеленген.
1-жүргізуші: «Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй»-деп Абай атамыз айтқандай, келесі кезекті әсем әнге берейік.
Ән: «Сәби бақыты» Нұрғалиева Айгерім
1-жүргізуші:
«Аққу-киелі құс».Олар екеу болып қана өмір сүреді.Аққуды қазақ ежелден қастерлеп,бақыттың бастамасы,жақсылықтың жаршысы,пәктіктің, сұлулықтың белгісі деп ұғады.Киелі, құс төресі деп санап оған ешқашан оқ атпайды.Оған дәлел ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы.
Көрініс: «Аққулар ұйықтағанда»
1-жүргізуші: Мұқағали – біздің замандағы ғажайып ақындардың бірі. Ақынның өзі «Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем» деген екен. Ендеше, қашан да ақиқаттық ақ туын көтеріп, әділет пен адалдақты тең ұстаған ақынның ғажайып сырлы өлеңдеріне кезек берейік.
Рахымжанова Маржан
Қара өлен
Қалқам,
Мен Лермонтов, Пушкин де емес,
Есенинмін демедім ешкімге мен,
Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.
Жат жерді жастанғанда жазатайым,
Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым.
…Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын,
Қазақтың дәл өзіндей қарапайым.
Түзу-түзу тілінген таспадайын,
Қамшы өремін таспадан басқадайын.
Қаламасаң қамшымды аулақ жүргін.
Қараша үйдің есігін ашпа, ағайын!
Түзу-түзу жыртылған аңыздайын,
Аңызыма неге нәр тамызбайын.
Қара өлеңі қазақтың қаза болса,
Қара көзден неге қан ағызбайын.
Іздемпаздық менің де бар өнерім,
Будан жасап бидай мен тары егемін.
Қазан-миым бәрін де қайнатады.
Дара қойып қазақтың қара өлеңін.
Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
…Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып, өзіне қайтарамын…
Джұманаазарова Гүлнұр
Не сыйлайды, не береді келер күн?!.
Не сыйлайды, не береді келер күн?!.
Неде болса тірі тұрсам көрермін.
Желідегі құлынымын мен елдің,
Көгендегі қозысымын мен елдің.
Не сыйласын, несін берсін ел маған?!
Тұрсақ екен елім де аман, мен де аман.
Таулар менің таусылмайтын бақытым,
Ал ырысым – ұланғайыр кең далам.
Не істемекпін алтын, гауһар, жақұтты
Оларды іздеп өткізбеймін уақытты.
Мен бақытсыз бола қойман сірә да,
Туған елім болса екен бақытты.
Дәнеңе де сыйламасын келер күн
Сый көрмей-ақ суалармын, сөнермін.
Туған тілім тұғырында тұрса екен,
Әрі қара…
Әрі қарай көрермін…
Айдана
Майгүліме
Қалақтай едің,
Қабірінде қалақ тұр.
Туғаныңды, өлгеніңді санап құр.
Сенің аңқау құлағыңдай қалқиып,
Қыр басынан қала жаққа қарап тұр
Қызым менің,
Гүлім менің,
Аяулым!
Жатыр молаң жотасындай қоянныц
Құлпытастың құны маған бес тиын,
Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын?!
Қойман, ботам.
Керегі не көк тастың.
Қыста ақ қар, жазда шалғын шөп бассын.
Өзің келген май айында ақ нөсер,
Ағыл-тегіл бізбен бірге жоқтассын.
Керегі жоқ көк тастың
Бұлданба, жүрек, бұлданба!
Жиылып досың тұрғанда,
Жиырып сені жентектер,
Жымысқы қайғы-мұң бар ма,
Бұлданба, жүрек, бұлданба!
Қызығы тайып, қызы өлген,
Жалғыз-ақ сен бе бұл маңда?!
Қыс қайтып, жасыл көктемде.
Қызғалдақ өсер қырларда.
Өкініш айтып өткенге,
Бұлданба, жүрек, бұлданба!
Сары алтын дейді сабыр іс,
Тепкілей берме, өкпемді.
Қыз деген құрғыр сағыныш,
Сағынту үшін кеткен-ді.
Бұлданба, жүрек, бұлданба!
Жаксыбекова Маржан
Отан
1-жүргізуші: Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Ән: «Аңса жаным» Орындайтын: Схатова Гүлнұр және Тастабаева Шырын қарсы алыңыздар.
Көрініс: «Ана сен бақыттысың»
1-жүргізуші: Балабақшамыздың тәрбиешілерінен құралған мың бұралған биші қыздарымыздың әсем биін қарсы алыңыздар! Би:Қазақ қыздары
Ән: «Бақыт деген»
Орындайтын: Налибаева Э. Серікбаева Шұға
1-жүргізуші: Құрметті тыңдарман қауым!Қазіргі жас ұрпақтың бойын жақсылыққа,ізгілікке,өз ұлтын сүйе білуге баулысақ,сол арқылы мына күрмеуі көп қиын заманда бүкіл саналы өмірінде елінің болашағын жырлап өткен, халқына деген махаббатын тек поэзияда ғана емес,өмірде де,күресте деүлкен азаматтықпен қорғай білген М.Мақатаев мұралары ешқашан өлмек емес. Әрқашан жүрегіңізді ән әуелеп,жандарыңызды жыр тербесін. Осымен кешіміз аяқталды.Келіп тыңдағандарыңыз үшін рахмет.Қош,сау болыңыздар!
Bilimger.kz Республикалық білім порталы
Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.
Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718