«Туған жер – тұғырлы мекен» байқауының «Аялап атамекенін, Қызғыштар қорып жүр екен..» аталымына
«Туған жер – тұғырлы мекен» байқауының «Аялап атамекенін, Қызғыштар қорып жүр екен..» аталымына
Жетекшісі:Килыбаева Айгерим Амандыковна
Туған жерім, армысың,туған өлкем,
Аққулардың өлкесі болған мекен
Қойнауы шежірелі,тұнған тарих,
Мақтанышпен өзіңді жырлап өтем.
Қаратаев мектебі киелі ордам,
Талай үздік биікке сан ұмтылған
Үздіктердің жас буын жалғасымын,
Ақындықты жаныма жақын тұтқан
Жандарбекқызы Айкөркем
5 – сынып оқушысы
Туған өлкем
Сал Мұхит әні туған құдіретті,
Қажым мен Қаратаев туған өлке
Мұқағали таңданып,таңдай қаққан,
Зиялылар мекені болған жерге
Тұлғалардың тарихы тұнған өлке,
Қарақамыс,Саралжын,Мұхит елі
Тарихта аты қалар мәңгілікке
Алдаберген Сәндігүл
7 – сынып оқушысы
«Туған жерім – жүрегімнің бөлшегі» аталымына ұсынылған жұмыстар
«Аңызы терең,арманы биік аймақпыз…»
(эссе)
Қиядан қиялдана қара төмен,
Көрінер тақиядай қара төбең.
Көрінер сол даладан маңайдағы,
Меңдей боп, қадірменді Қаратөбем.
С .Сейітов.
Дәл осы шығарманы жазарда қалай бастарымды білмей, ұзақ ойландым. Мүмкін,өзге тақырыптардың бірі болатын болса, ойланбай-ақ бастап кетер ме едім? Өйткені, шығарма «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында болмақ. Сол Отан – анаңың кішкентай бөлшегі туған жерім туралы толғансам деймін.Туған жер, өзіңді әспеттейтін сөз таба алмайтындай, қандай құдіретің бар еді? Өзіңе арнап әспеттелген сөздер бар ғой, бірақ бірін де лайық көрмедім. Өйткені, сенің есімің бәрінен де биік!
Туған жер, туған ана, туған тіл… Үшеуі бір- бірінен ажырамас егіз ұғымдар ғой. Бірақ, осы ұғымдар ішінде сенің есімің тағы да биік!
Жазы ыстық, қысы қатты Саралжынның,
Жазда құм, қыста боран салар жынын.
Көк шалғын көркі жердің- көк Ақбақай
Тыңдаған Мұхитының сан ән- жырын,- деп, Ж.Молдағалиев тебірене жырлаған осынау жырдың тақырыбы- менің өлкем, менің айнам, менің биігім, менің асқар шыңым – Саралжыным! Менің өлкем талай таланттың жырына арқау болған киелі мекен, қадірлі мекен – Саралжын. Киелілігі сол, топырағында үш жүзге ән оздырған М. Мерәліұлы, М. Бекімов, Ғ. Құрманғалиев, Б. Қаратаев асыр салған тума таланттар өмірге келді. Осындай дарындарды дүниеге әкелген алтын мекен Саралжында менің де кіндік қаным тамды. Сол үшін де бақыттымын!
Менің ауылым Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданына қарасты кішкентай ғана елді мекен. Саралжынды айта келіп, Қаратөбемді қалайша айтпай кетемін? Адамда екі ана, аспанда екі күн болмайтыны сияқты, екі туған жер де болмайды дейміз. Бірақ, менің екінші туған өлкем ,екінші анамдай болған жер, ол- Қаратөбем. Қастерлі Қаратөбемнің дәл өзінде өмір кешпесем де, ол мен үшін қолжетпес құнды қасиеттерді бойыма алыстан дарытып тұратын сияқтанады.
Сары далада саңқылдаған үні қалған М.Мерәліұлы мен Ғ.Құрманғалиевтің туған жері- Қаратөбе! Ол жерді мәңгі мекендеген Ұзақ күйшіге Құрманғазы шәкірт болып өткен. Ол жерде Махамбетке серік болған Жұмыр, Қылыш деген батырлар аруағы қалған. Отыз ұл мен Зәурештен айырылған, байлықтан белгі қалмаған Медет те сол далада сайрандаған. Сан алуан өнер иелеріне мекен болған сол қасиетті топырақ жас ұрпақ бойына ізгілік нұрын себетін секілді…
Атамекен … Туған жер … Бұл қай құлаққа да естілер асыл ұғымдар. Адам өмірге келіп, етек жия бастаған сәттен- ақ туған өлкесін қадір тұтады, сүйеді. Мен Саралжынымды сүйемін! Жырақтасам сағынамын. Оның бүгінгі шөл даласы, дауылды жазы, жәндігі- бәрі, бірі мен үшін қымбат. Туған жердің ыстық болатыны сол, сәл ажырасаң сағынасың, шарқ ұрып іздейсің. «Туған жерден өзге жерге табаның тисе, жетімексің»,- демей ме Нұрсұлтан атамыз. Расымен де, өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болғанға не жетсін ?
Туған жер-дала төсінде жаңа өмір шуағын төгуші. Саралжын- мен үшін үнемі тоқтаусыз соғып жатқан жүрегім іспетті.
Ғаламда қасиетті мекенін сүймейтін адам болмайды. «Ұясын ұнатпаған құс оңбас» дейді орыс даналығы. Құдай- ау,туған жеріңді, кіндік қаның тамған киелі мекенді қалайша сүймеске?
Саралжын, топырағыңның өзі киелі ғой! Топырағыңда Қадыр ақын, Ақұштап ақын, Қажым ақын аунады. Бойымда титтей ғана, ақындық дарын мен қабілет болатын болса, ол да сенің құдіретің мен шексіз даралық қасиетінің арқасы, Саралжыным! Өзіңді мәңгілік мекен еткен Шәңгерейдің ұрпағымын, өзіңде туып, сенің көркеюің жолында күрескен алғаш заңгер Бақытжанның ұрпағымын. Сондықтан, менің қаным мен жанымда сөз өнерінің алтын қазынасы мен қара қылды қақ жарар әділдіктің болмауы мүмкін емес. Оларды туғызған да, мына сен ғой, Саралжын!
Ауылымыздың терең тарихынан сыр шертетін «Ақбақайдағы төрелер қорымы» орналасқан. Онда Мұхит бабамыздың зиратымен бірге ақын Шәңгерей Бөкеевтің де зираты бар. 2006 жылы 22 қыркүйекте Мұхит бабамыздың 165 жылдығына орай бой көтерген «Мұхит баба кесенесі» оның өзі әлі де зерделеуді қажет ететін , өлеңмен өрнектесем,
Тон тозып, уақыт озып қайдан білсін,
Мұхиттың әні мәңгі қалатынын
деп толғағандай әннің, өнердің мәңгілік мекені.
«Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» дейді халық даналығы. Қандайда бір жағдайға қарамастан мен үшін Қаратөбе орны бөлек болып қала бермек. Қазақстан атты алып ғимараттың түндігін түріп, керегесін керіп, ажарын ашып, желегіне бес құрлықтың белдеуін байлаған кемеңгер Елбасымыздың бастамасын қуаттаған Қаратөбе ел тарихында тамырын тереңге жайып келе жатыр. Бұрынғы заманда алыстан тек төбе көрінсе, қазір зәулім-зәулім ғимараттар, биік – биік ағаштар, мектептер, түрлі спорт клубтары мен мұндалап сайрап тұр.
Мен туған өлкемнің гүлденіп көркеюі жолында күш жігерімді еш аямаймын. Туған жерім үшін қандай сынға болмасын табан тіреп, төтеп беремін. Өйткені, туған жер бәрінен қымбат, бәрінен ұлы!
Көркейе бер, гүлдене бер, киелі Қаратөбем! Жайнай бер, жасара бер, Саралжыным!
Өтеген Алмагүл Тілекқайырқызы
8 – сынып оқушысы
Атамекен! Туған жер! Туған ел! Тума – туыс! Осы сөздерді бір – бірімен байланыстыратын нәзік сезім, құдіретті күш, мәңгілік махаббат бар сияқты. Оны көзбен көрмейсің, жүрекпен сезініп, санаңа сіңіресің. Егеменді еліміздің ұрпақтары біздің қанымызда да осы махаббаттың қуаты барына мен сенемін.
Қай дәуірде де ата – бабамыз «Туған жер» деген киелі ұғымды санамызға ертерек сіңіруге күш салған. Оған дәлел ,әкемді бала кезінде атам алдына алып отырып, ауылдан шыққан батырлар, зиялы адамдар, жер – су атауларының шығуына байланысты тарихи әңгімелерді көп айтады екен. Сол отбасылық дәстүр ұрпақтан – ұрпаққа жалғасса екен деген әкемнің ойы мені біраз ойландырып тастады. Туған жер алдындағы перзенттік борышымызды адал өтеуге үйрену отбасынан басталатынын сонда ғана анық ұқтым.
Менің туған өлкем – Саралжын! Талай талантты ақындар жыр арнаған, киелі мекен, тектілер мен зиялылар ордасы дер едім. Менің өлкем талай таланттың жырына арқау болған қадірлі мекен – Саралжын. Киелілігі сол, топырағында үш жүзге ән оздырған М. Мерәліұлы, этнограф М. Бекімов, ақын – ғалым Қ.Жұмалиев, тұңғыш заңгер Б. Қаратаев сынды тума таланттар өмірге келді. Осындай дарындарды дүниеге әкелген алтын мекен Саралжында менің де кіндік қаным тамды. Тамыры тереңге жайылған тарихи өлкеде дүниеге келу, маған да мәртебелі жүк артады.
Туған жер туралы ой қозғағанда туған жердің топырағы мен жусан иісіне зар болған бабаларым есіме түседі. Солардың ішінде Сұлтан Бейбарыс бабамыздың бір түп жусан иісіне зар болғаны жан жүрегіңді елжіретер көрініс емес пе? Міне, осыдан – ақ туған жерге деген ұлы махаббат сезіміне тең келер ештеңе болмақ та еместігіне көзім жетті.
Ойымды түйіндей келе, туған жерге сүйіспеншілік анамыздың бесік жырынан, әкеміздің ақыл парасытынан бастау алады деп ойлаймын.
Мақсот Ақкенже Махамбетқызы
8 – сынып оқушысы