ОҚУ-ЖОБАЛЫҚ ӘДІСТЕР АРҚЫЛЫ ЖОҒАРЫ МЕКТЕПТЕГІ ЖАРАТЫЛЫСТАНУ БІЛІМДЕР ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ
ОҚУ-ЖОБАЛЫҚ ӘДІСТЕР АРҚЫЛЫ ЖОҒАРЫ МЕКТЕПТЕГІ ЖАРАТЫЛЫСТАНУ БІЛІМДЕР ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ
Қазіргі жоғары мектеп «бұқаралық, жалпы оқытудан» болашақ мамандардың дербес жұмыстарына, оқу-жобалық іс-әрекетінде жүзеге асатын оқытудың белсенді формалары мен әдістеріне сүйене отырып жекелік тұрғыда оқытуға ауысуы тиіс.
Жоғары білімді дамытудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес жоғары оқу орындарының басымдық міндеттері болып болашақ мамандарды білімдендіру мен іскерліктерін қалыптастыру ғана емес, олардың өздігінен білімін жетілдіруге қабілеттерін дамыту, жеке әрекеттер мен шешім қабылдауға даярлау, өзіне, өз ісіне және іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу табылады.
Қазіргі жоғары мектептердегі инновациялар студенттердің жеке талап-сұраныстарына сәйкес келу мен олардың интуициясының дамуына көмектесу, логикалық ойлауын дамыту, эксперимент өткізудің қауіпсіздігіне арналған мүмкіндіктерді ұсыну, орасан мол перспективаларды қарастыруға мүмкіндік беруді талап ететін тиімді оқыту ортасын құру міндеттерімен ерекшеленеді. Экологиялық проблеманың ұжымдық шешімі оқу іс-әрекеттерін ұйымдастырудың әр түрлі формаларында жалпы принцип түрінде жүзеге асады.
Дәстүрлі оқыту әдістері бойынша негізінен, репродуктивтік ойлау іс-әрекеті, жадына сақтау мен ұғыну ұйымдастырылады. Оларға ақпараттық-хабарлау, түсіндіру-иллюстративтік, репродуктивтік және танымдық іс-әрекеттерді ұйымдастыру жолдарының басқа да түрлері жатады. Осы аталып өткен әдістер студенттердің таным процесіне анық мотивациялары қалыптасқан жағдайда ғана тиімді болады [1].
Белсенді оқыту әдісі деп төменде көрсетілетіндей ерекшеліктерімен айрықшаланатын оқу-танымдық іс-әрекетін ұйымдастыру мен басқару амал-жолдарының жиынтығы айтылады:
- білім алушылардың мінез-құлқы мен ойлауын белсендіруге бағытталуымен;
- білім алушылардың оқу процесіне жоғары дәрежеде жұмылдырылуымен (білім алушылырдың белсенділігі оқытушылардың белсенділігімен салыстырылады);
- білім алушылардың өз ара және (немесе) бағдарламаланған материалымен, және (немесе) жеке жетекшісі мен өзара әрекеттерінің міндеттелуімен;
- сабақтың шығармашылық сипаты мен эмоцияналдылығымен, мотивация дәрежесінің көтерілуімен;
- кәсіптік, интеллектуалдық, құлықтық дағдылар мен іскерліктердің тез игерілуі мен пайдалы дамуына бағытталуымен.
Белсенді оқыту әдістерінің көмегімен студенттердің жеке шығармашылық белсенділігі деңгейіндегі ойлау іс-әрекеттері ұйымдастырылады. Оларға проблемалық-іздеу әдістері, проблемалық баяндамалар, ішінара іздеу, зерттеу әдістері, сондай-ақ дискуссиялар, нақты жағдайларға талдау жасау, ойын әдістері, практикумдар мен оқу-жобалық іс-әрекеттер жатады. [2]
Жобалық оқыту идеясының тарихи және ғылыми-теориялық тамырлары тереңде жатыр. Дейтұрғанмен, бұл идея аумағында білімді меңгеру тұтас теориялық-әдіснамалық тұрғыдан қарастырылмаған, оқыту мазмұнының, білім алушылардың жобалық іс-әрекеттерін педагогикалық басқару құралдарын іріктеу принциптері анықталмаған.
Оқу-жобалық әдістер жоғары мектептегі экологиялық білім жүйесін құрудың ең перспективалық бағытын білдіреді. Бірақ кәсіптік білім беруде нақ осы жобалық әдістер ең аз зерттелген мәселелер болып табылады. Соған қарамастан практикада педагогиалық және білім беру жұмыстарында жобаларды қолдану бойынша айтарлықтай тәжірибе жинақталған.
Отандық мектептерге проектілік оқытуды ендіруге 20-жылдарда алғашқы қадам жасаған «Ойлау педагогикасы мен психологиясы» еңбегінің авторы Д.Дьюри. Ол өз зерттеуінде өмірден алынған қарапайым практикалық міндеттерді шешу бойынша балалардың іс-әрекеттерін ұйымдастыру мәселелерін шешуге талпынған .
Оған қоса Д.Дьюри білімнің стандартталынған мазмұнынының қажеттілігін жоққа шығарады және жалпы оқытуды балалардың практикалық қызығушылығымен байланыста қарастырады.
Д.Дьюридің теориялық құрылымдары негізінде оның ізбасарлары оқытудың жобалық жүйесін немесе жобалау әдістерін жасаған. Оның мәні білім алушылардың өз қызығушылықтары есепке ала отырып мұғаліммен біргелікте қандайда бір практикалық міндеттерінің шешімін табуымен сипатталады. Ал қазіргі ғалымдардың айтуы бойынша мұндай оқыту барысында оқушылардың құлшынысы мақтанышқа айналғанымен, кешенді-жобалар айналасындағы әр түрлі оқу пәндерінің материалының топтастырылуы мектептің оқушыларды білім жүйесінің қажетті көлемімен қамтамасыз ете алмауына алып келді.
Жоғары оқу орындарына жобалық әдістердің белсенді ендірілуі өзара қарым-қатынас мәдениеті мен әлеуметтік ұйымдастырушылықтың жаңа формаларын іздестіруге бағытталған жалпы әлеуметтік мәдени процестерден тікелей талап етіледі. Олар технология мен этика арасында, жекелік тұрғыда және ұйым тарапынан шығармашылыққа үлес қосу арасында, білімнің жіктелуі мен проблемалардың пәнаралық сипаты арасында пайда болған алшақтықтарды жою механизмдерін белгілеуге мүмкіндік береді.
Студенттердің оқу-жобалық іс-әрекеті деп нақты өмір жағдайларындағы экологиялық тұрғыдан реалды практикалық проблемаларды шешу процесінде студенттердің кәсіптік тәжірибелер мен дағдыларды игеру кезіндегі қолданбалы бағыттағы оқытудың интерактивтік әдісі түсініледі [3].
Жоғары білім беру саласын дамытудың жаңа тұжырымдамасы қазіргі болашақ мамандардың өздігінше әрекет етуі мен шешім қабылдай алуын, өзінің іс-әрекеттері мен мінез-құлқына, өзіне жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруды қажет етеді.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Мангасарян В.Н – Экологическая культура общества, электронный учебник. http://www.ecosaf.com/1/2/1.php. http://www.libok.net/view/57613
2. Сагиндыкова Э.У. Болашақ маманның экологиялық мәдениеті. Электронды оқулық.2012ж
3.Сагиндыкова Э.У. Оқу проектілері-болашақ мамандардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру құралы.Алматы-2005ж.
Сагиндыкова Э.У Ш.Есенов атындағы КТИУ
ЖҒ каф. доценті