Музыка пәнінің маңыздылығы

Қазіргі қоғамды дамытудың ғаламдық факторы білім мен ғылым болып табылады. Ал, сол ғылым мен білімнің ішіндегі музыкалық білім беру жүйесі жас ұрпақты мәдениетті, білімді, ақылды да сымбатты болып өсуі үшін ең жоғары мүмкіндіктерді қолдануды мақсат тұтады. Еліміз егемендік алып, өз шаңырағымызды тіктеген тұста ұлттық өнерімізді, мәдениетімізді, білімімізді жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу міндеті қойылды. Әсіресе бастауыш мектеп оқушыларының өз елінің, халқының соның ішінде өзі мекен ететін аймақтың мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне деген сезімдік-эстетикалық қарым-қатынасын қалыптастырудағы музыка өнерінің маңызын айқын көруге болады.

Бастауыш мектептерде музыка сабағын оқуту жүйесіне көптеген өзгерістер, жаңалықтар енгізіліп, авторлық бағдарламалар, әдістемелік жинақтар шығармашылық ізденіспен дамып келеді. Музыка саласындағы дәстүрлі халық музыка байлығын, Қазақстан сазгерлері шығармаларын насихаттау жаңа қырынан алға қойылып, жаңартылған музыка бағдарламалары жасалуда. Дегенмен бұл әдістемелер мен бағдарламалар әлі күнге дейін ғылыми тұрғыда зерттеліп, оны бастауыш мектепте толығымен қолға алынбағандығына көз жеткіздік.

Музыка теориясын жасаған Шығыстың ұлы ойшылы оның басты нысаны — өнердің өкілі болып саналатын музыканың мән-маңызын зерттеу деп есептеген. Ал музыканың тарихи заңдылықтарын зерттеген Әбу Насыр әл Фараби: «Оның дүниеге келуіне табиғи және сезімталдық қасиеттер әсер етті», — деп жазады. Ол бұл қасиеттерге адамның музыканы жазу мен жасауға қабілеттігін, ауыр еңбек бүтіндей тартып әкеліп, шаршаудан серпіліп, демалуға ұмтылуды жатқызады.

Осылайша Әбу Насыр әл-Фараби халық шығармашылығының бастауы болып саналатын – музыкамен поэзияның қызметін былайша айқындайды: біріншіден, тынығу – адамдар ән тыңдау арқылы демалумен қатар рахатқа бөленеді; екіншіден, әсерлі сезімді шығармашылық — өз тәнінің жағдайына әсер еткісі келеді: оның бойындағы белгілі бір жағдайдан, үрей – қорқыныштан жұбату, одан серпілту немесе бірдеңені ұмыту; үшіншіден, белсенді шығармашылық — ән шырқау арқылы өзінің айтқан ауызекі сөздеріне белгілі бір мән-мағына беріп, тыңдаушыны әсерге бөлеп, оның көз алдына терең түсіністік жағдайын елестету [1, 167 — б].

Демек, Шығыстың ұлы ойшылы музыкалық мәдениеттің проблемаларын зерттей отырып, тұлғаның рухани жаңаруын, яғни оның педагогикалық мүмкіндіктерін бөлшектеп оқып – білу музыканың негізі боларлықтай міндеті деп есептейді. Музыканың дүниеге келуін қарастырған ол вокальдық және аспаптық музыканы бөле-жара қарап, ән-жыр өнеріне басты маңыз береді.

Бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық талғамын қанағаттандыра отырып, олардың музыка өнері жөніндегі түсінігін кеңейтуде, ой-өрісін дамытуда заман талабына сай құрылған музыка сабағының маңызы зор. «Балаға білім бергенде, алыстан жақынға, таныстан жатқа көшіп, жаңа білімді ескі білімге байлап беру керек»-деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, оқыту процесіне жаңа көзқараспен қарау керек. Осы бағыттарда мектептерде музыкадан теориялық және тәжірибелік білім беру жүйесінен біраз тәжірибелер жинақталған, солай бола тұрса да, музыка сабағын жүйелі оқыту, әсіресе қазақ мектептерінде ұлттық сазды әуендерге бай музыкалық мұраларымызды молынан пайдаланудың жолдарын ғылыми тұрғыда зерделеу, оны оқушылардың санасына сіңіру қазіргі таңдағы мұғалімдердің төл міндеті.

Басты міндет-оқыту мен тәрбиелеу. Өз пікірінде көрнекті педагог В. Сухомлинский «Өнер — өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал» -деп тәрбие үрдісінде өнерге аса көңіл аудару қажеттілігін қысқа да түсінікті түрде атап көрсетті. Сырлы да сазды әуендерді бүгінгі күн әуендерімен, классикалық музыкамен ұштастыра, шығармашылықпен тақырыпты аша түсіп, оқушыларды музыка әлеміне қызықтыра білу музыка мұғалімінің өз ісінде шеберлігін талап етеді [2, 12-б]. Оқуға ынтасы барды да, ынтасыздарды да, тәртіптілер мен тәртіпсіздерді де музыка әлеміне қызықтырып, оқушылардың рухани бейнесі, танымын қалыптастыра отырып, қоғамның саналы азаматы етіп шығаруда музыка пәнінің маңызы зор. Өйткені Музыка ырғағы кез келген оқушының сана түйсігі арқылы ойлау, қиялдау, елестету сынды психологиялық үдерістерді дамытуына өз септігін тигізері хақ.

Ал, Плотон мен оның ізбасарлары музыканың дүниеге келуінің қайнар көзі ретінде оны тек құдайдан ғана берілген қасиет деп айтса, ал Әбу Насыр әл-Фараби мен оның ізбасарлары жеке тұлғалық және қоғамдық қажеттілік «Музыка жайлы үлкен кітабында»: «Адам өмірдің сан алуан жағдайларына орай музыканы: біреулерге шаттық пен қуаныш үшін, екіншілерге қайғы-мұң үшін, үшіншілерге жұбаныш үшін, төртіншілерге ақындық сұхбат жүргізу үшін таңдай білуі тиіс»,- деп жалпы мәдениеттің, соның ішінде, музыканың пайда болуымен дамуының табиғи және қоғамдық-рухани қажеттіліктері оның негізгі ерекшеліктерін айқындайтынын айтады. Халықтық музыкалық мәдениеті, оның «жыр», «толғау», «жоқтау» және тағы басқа түрлері мен мазмұны деп осы ойдың дәлдігін айғақтайды [3, 79-б].

Өмірге енді ғана қадам басып келе жатқан бастауыш сынып оқушысының жүрек қалауы оның бойына сазды әуен арқылы сіңеді. Сонымен қатар оның музыкадан тәрбие алуының да мүмкіндіктерін айырықша атап өтуіміз тиіс. Халық тәрбиесіндегі балаға тәлім-тәрбиенің қайнар көзі ретінде ананың әуезді сыңғыр үнімен берілетін әлдиін орны ерекше. Бала тал бесіктен әлди арқылы естіген тәрбиелік ұғымдарды санасына құйып өсті. Сол арқылы бой түзеді және сол әуендер бойына тарап, жан дүниесі музыкаға жақын болып өсті. Осыдан бала бастауыш сыныпқа келгенде музыканың жоғарғы деңгейдегі өнердің бір саласы ретінде танып терең ұғынады. Ал, осы кезеңде музыка пәні өз деңгейінде оқушыға берілмесе онда оқушы дүниетанымында әр қилы көз-қарастар пайда болуы әбден мүмкін.

Бастауыш мектептің музыка пәнінде жаңа әдістерді пайдалану арқылы мектептегі сабақтарды жаңаша ұйымдастыру, мұғалімнің рөлі мен қызметінің артуына жағдай жасау, теориялық, ғылыми-педагогикалық және психологиялық зерттеулерге сүйене отырып, оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыру, ақпараттық технологиялар мен инновациялық оқыту әдістері арқылы оқушыларды ізгілікке, елжандылыққа, саналыққа, адамгершілікке, имандылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу қажеттілігі туындайды. Осы адами қасиеттерге тәрбиелеуде ұлттық халық музыкасының алатын орнын көптеген ғалымдар өз ғылыми еңбектерінда зерделеген. Ғылыми еңбектерге талдаулар жасаған кезімізде әрбір ғалым өзінің ғылыми жұмыстарында ұлттық музыканың мектеп оқушысына берер тәрбиесінің мол екендігін баяндаған. Осы тұрғыда бастауыш сынып оқушысына музыка пәнінің оның тәрбиесіндегі ролі мен маңызы айқындалмақ.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *