Міржақып Дулатовтың «Жастарға» өлеңі мен «Біздің мақсатымыз» мақаласының өміршеңдік мәні
Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес. Қоғамның қазіргі дамуы оның өткеніне үңілуді, зерттеуді талап етеді. Ғасыр басында қазақ қоғамындағы қайшылықты мәселелерді шешуде халыққа жол сілтеп, елім деп езілген, халықтың көзін ашуға тырысқан қазақ зиялылары еді. Сол заманда өмір сүріп, өзінің саяси-әлеуметтік көзқарастарымен халықты «Оятуға ұмтылған» – Міржақып Дулатов еді. М. Дулатовтың арман-мақсаты ғасырлар бойы аяққа басылып, жаншылып келген ұлттық сезім мен сананы ояту болды. Дәл осы тұста ақын қаламынан «Жастарға» өлеңі жазылып шығарылды.
«Найзаменен түртсе де,
Жатырсың, қазақ, оянбай.
Мұнша қалың ұйқыны
Бердің бізге, ой, Алла-ай!», деген өлең жолдарында қазақ халқының қиындығы мен ауыртпалығы суреттеледі. Ресей патшасының саясаты, қазақ халқының хал-жағдайы, білімнің аздығы, сауатсыздық мәселелері Міржақып шығармасының басты идеясы. «Жастарға» өлеңінде қазақ халқын оятуға, көзін ашуға, жастарды білімді болуға шақырады. Бірақ патшалық Ресей қазақтардың сауатты болғанын қаламады. Халықты оқуға үндеген ұлт зиялыларын ату жазасына кесті, кітаптарды тәркілеп, өртеп отырды.
Қаламы қарымды Міржақыптың қолынан «Біздің мақсатымыз» мақаласы жарық көрді. Қаншама қиындыққа қарамай, шындықты ақтарыла жазу, оны баспасөз беттеріне жариялау қиынның қиыны еді. Десек те, Міржақып елдің мүддесіне қызмет ету- парызым деп білетін. Мақалада қазақ халқының ең басты байлығы болған жерді тартып алғандығы, орыстарды сол мекенге қоныстандырғандығы, ендігі кезекте қазақ халқы бұл жерлерде емін-еркін жүре алмайтындай болғандығы туралы жазады. Орыс отаршылдары мұнымен тоқтамағандарын, «Малым жанымның садағасы» деп білген қазақ халқының малын тартып алып, тонап жатқандарын, дін жолында жүрген молдалардың ісіне араласып жатқандығын да жариялайды. Елім деген азаматтарды атып, өлім жазасына кескендігін « Мыңдаған ерлеріміз шалғайда жүр немесе түрмелерде отыр» деп келтіреді. Халықтың алдағы өмірі, жастардың болашағы не болмақ деп алаңдайды.
Әрине, мұның бәрін Міржақып ашынып жазды, өткір қаламы дәл осы жағдайларды ашынғандықтан жаздыртты. Өз басын тәуекелге тікті.
Халық мұңының жаршысы болған Міржақып Дулатұлының ізін жалғап, елі үшін еңбек етер, мұратқа талмай жетер, балғын бала шақтан нұрлы болашаққа жарқын қадам жасайтын егеменді ел ертеңі біз екенімізді әрқашан жадымызда сақтайық!!!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Серік Даниал Жанбулатұлы 1-курс студенті