Ей, менің қиын өткелім

Ей, менің қиын өткелім

I
Ей, менің сайран мекенім!
Адамға бермес екі өмір,
(Әрине, болмас екі өлім)
Мен сенен ертең кетемін,
Айдынын қимас аққудай,
Айналып ұшып, өтемін.
Суыптап, бірде жылынғам,
Жүгіргем, бір жығылғам,
Жиырма бесімде ұғынғам,
Он алты жастың не екенін.
Ей, менің сайран мекенім!
Ей, жастық, ердің серті едің,
Ерке едің, ердің серті едің,
Лапылдап тұрған өрт едің,
Қаншама жанды жылытып,
Қаншама жанды өртедің?
Арыма, менің аяулым –
Елуге толар ертеңім!
Жауқазын ғұмыр, жыр-жастық,
Қаншада біздер қыр бастық,
Қаншама рет қар жауды,
Қайтадан бізді тұрмас қып?!
Сонда да біздер жырластық,
Сонда да біздер сырластық,
Он сегіз бенен отызды,
Өзара бөліп, құрдас қып.
Қаншама қыстан өтпедік,
Қаншама рет көктедік?!
Еркесі болдық біз елдің,
Есерсоқ болып кетпедік.
Қиянды қалап, шептегі
Қиындықтарға беттедік.
Ер сыналар майданда,
Еншімізге дөп келіп,
Қаншама қыршын кетті өліп.
Ақиқат дейтін ауылдың,
Қасынан дәйім табылдық.
Ауырдан сауыт жамылдық,
Сонда да бізді жауыр ғып,
Жоғалта алмады ауырлық.
Бір бірімізді бауыр ғып,
Сонда да біздер сағындық.
Ошағы сөнген үйлердің
Оты болдық та, жағылдық.
Махаббатқа да сенгенбіз,
Ғашық та болып көргенбіз.
Баяны бар ауылға
Қозы болып та келгенбіз.
Есерсоқ болып кетпедік,
Еркелей білдік елге біз!

II
Ей, менің нұрлы ғұмырым!
Жастығым, мөлдір-тұнығым,
Ей, менің қыздай қылығым!
Төгіліп жібек тұлымың,
Бойыды басып бұрымың,
Қай жерде жүрсін, құлыным?
Қай жерде жүрме, қай маңда,
Қанатын көктем жайғанда,
Сайранда, жаным, сайранда!
Тұнып қал түпсіз қайнарда,
Қаулаи жет қырқа, сайларға.
Жалаулы жастық майданда,
Жабыға көрме, жайраңда,
Сайранда, жаным, сайранда!
Ей, менің шуақ көктемім!
Көктемім – қимас өткенім,
Ей, менің қиын өткелім,
Қиналмай қалай өткенмін?!
Қалай да қалай кеткенмін?!
Қырыққа қалай жеткенмін?!
Саялы бақты бөктерім,
Саяңнан кетем деп пе едім?!
Ей, менің қиын өткелім,
Қуанышым да көп менің
Өкінішім де көп менің!
Шыт көйлек…
Белін бір бүрген,
Етегін желге ілдірген,
Омырауыңда бүлдірген,
Қасыңдағы қарлығаш.
Кетерін ұшып кім білген?!
Қарындас еді бір жүрген,
Қай жаққа кетіп үлгірген?!
Қай жақта мейлі жүрмесін,
Бақытты болғай іргесі,
Бақытты болғай…
Өз үйі –
Өзінің болмай түрмесі,
Әйтеуір жылап жүрмесін,
Мұңлық боп өмір сүрмесін
Босаға аттап, кіргесін…
(Қашанда, Жаным біргесің!!!)
Қашанда көктем келгенде,
Тұрасың көктеп сен – менде,
Жарылмай жатқан жауқазын,
Тулайды менің кеудемде,
Көктемді мынау көргенде,
Қабірімді қақ жарып, шығарсың сен…
Ей, менің қиын өткелім!

Мұқағали Мақатаев
 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *