Абыралыға
Абыралыға
Мен жасымнан көп көрдім (6)
Мұсылманды, кәпірді.
Абыралыдай көрмедім
Намаз білмес пақырды.
Қираәтін1 оқытып
Көріп едім, шатылды.
Ниет қыла білмейді,
Не қылады нәпілді2.
Намазшамның3 артынан
Құржаң-құржаң етеді.
Жер ұшық4 берген кісідей,
Тоңқаңдай ма, не етеді.
Нәпіл түгіл намазы –
Бәрі желге кетеді.
«Еннатайына кәлкәусар»5,
Пашол дереу, күнәкар
Аяғын ойлап айтқаны:
«Әні-шаны күлаптар».
Осы оқумен намаздың
Қай жерінде сауап бар?
Тегін ойлап байқасаң,
Мұнда ми жоқ, құлақ бар.
1 – Қираәт (арабша) – оқу, құран оқу.
2 – Нәпіл (арабша) – міндетті бес уақыт оқылатын намазға қосымша оқылатын намаз.
3 – Намазшам (парсыша) – күн бата оқылатын намаз. Шам – кешкі, кеш.
4 – Жер ұшық – ауырған адамды күн батар алдында күн батысқа қаратып жерге жатқызып-тұрғызып ұшықтау.
5 – «Еннатайына кәлкәусар» – шынында да құрметің, сыйың кәусар суындай.
Абай Құнанбаев