Ғылыми зерттеу жұмысын ұйымдастыру және жоспарлаудың маңызы
Ғылыми зерттеу жұмысын ұйымдастыру және жоспарлаудың маңызы
«Ғылым — қоршаған әлемнің барлық
құбылыстарын жүйелеу арқылы жинаған адамзат ойының
көпғасырлық жұмысы».
Альберт Энштейн
Ғылыми техниканың қарқынды дамуының қазіргі жағдайында ғылым, ғылыми-зерттеу және ғылыми-техникалық ақпарат ұғымдары жиі қолданылады. Ғылымның қарқынды дамуы, дүниенің жаңа бейнесін қалыптастырудағы рөлінің артуы, замануаи даму қарқынынан қалыс қалмай ғылым саласын дамытуға үлес қосу үшін білімді ұрпақ тәрбиелеудің қажеттігі айқын сезілген кезеңде мамандар даярлауда оқу жоспарларына «ғылыми зерттеулер негіздері» енгізіле бастады. Бұл пән арқылы студенттерге ғылым, ғылыми зерттеулер, ғылыми зерттеулердің негіздері жөнінде терең білім беру көзделді. Соның нәтижесінде адамзат қоғамында ғылыми түсініктердің ауқымы кеңейіп, ғылым саласында жаңа идеялар артуда.
Жалпы «ғылым» ұғымына түсінік беретін болсам, ол адамның табиғат пен қоғам туралы обьективті білімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін танымның ең жоғаргы сатысы деуге болады. Ал қандай да бір ғылыммен айналысуда оның мәнін түсініп, жаңалықтар енгізуде ғылыми зерттеулер жүргізілетіні анық. Осы тұста ғылыми зерттеу дегеніміз – бұл объективті әлем құбылыстарының даму заңдылықтарын зерттеу және оларды түсіндіру. Ғылыми зерттеудің негізгі мақсатын сипаттайтын болсам түрлі дерек көздерінде көрсетілгендей – нақты объектіні анықтау және ғылымда әзірленген таным қағидаттары мен әдістері негізінде оның құрылымын, сипаттамаларын, байланыстарын жан-жақты, сенімді зерттеу, сондай-ақ адам қызметі үшін пайдалы нәтижелер алу, өндіріске одан әрі тиімділікпен енгізу болып табылады.
Ғылыми зерттеулер әлеуметтік өндіріспен байланыс түрлері, экономика үшін маңыздылық дәрежесі, нысаналы мақсаты, қаржыландыру көздері, жүргізу ұзақтығы бойынша жіктеледі. Бұл жіктеулердің өзінен-ақ ғылыми зерттеудің түрлі салаларды қамтитынын көруге болады. Осындай түрлі бағыттағы зерттеу жұмыстарының нәтижесі сол саладағы жаңа ашылулардың пайда болуына себеп болады.
Зерттеу жұмысын жүргізу алдын ала жоспарланады. Белгілі тақырыпта зерттеу жұмысын ұйымдастырудың кезеңдеріне сәйкес алдымен зерттеу жұмысының мақсат-міндеті анықталып, мазмұны нақтыланады. Осы құрылым бойынша теориялық және тәжірибелік бөлімдерде зерттеу тақырыбына байланысты жұмыстар жүзеге асырылады. Зерттеу мақсатында белгіленген нәтижеге қол жеткізу үшін зерттеу жұмысының жоспарына сай іс-әрекеттер жүйелі түрде орындалуы керек деп ойлаймын. Белгілі бір ғылымдағы теориялық болжам мен білімнің тәжірибе жүзінде дәлелденуі зерттеу жұмысының маңызды бөлігі болып есептеледі.
Магистрант ретінде ғылыми зерттеу жұмысымен айналысуда ғылымның түрлі салаларының ерекшеліктері мен ғылыми зерттеу жүргізудің талаптарын меңгерудемін. Өзім үшін ғылымның бір бағытын зерттеу жұмысыма арқау етіп, осы бағыттағы білімімді толықтырудамын. Ғылыми зерттеу саласындағы аз ғана тәжірибеме сүйеніп, зерттеу жұмысының шығармашылық ойлау мен қабілетті талап ететін сала екендігін түсіндім.
Себебі жоғары қызығушылықпен, шығармашылықпен орындалып, құрылымдық байланысы, жүйелілілгі сақталған зерттеу жұмысының нәтижесінде ғылымға белгісіз түрлі фактілерді анықтау, жаңа, құнды ақпарат құру процесі жүзеге асады. Қажетті жағдайларда оң шешім қабылдау, бұрын түсініксіз немесе аз зерттелген процестер мен құбылыстарға терең түсінік беру, әртүрлі құбылыстарды біріктіру, талдау, зерттелетін процестің мәнін анықтау, көптеген тәжірибелік деректерді ғылыми жалпылау зерттеушінің шығармашылық қабілетін талап етеді.
Қандай да бір істің нәтижелі болуы оның қаншалықты шынайы ынта -жігермен орындалғанына байланысты болады. Ғылым жолы оңай жол емес екендігін қарамастан қазіргі таңда осы жолда жетістіктерімен танымал бола бастаған жас ұрпақтың өсіп келе жатқандығын көреміз. Демек, ғылыми зерттеу жұмысымен айналысу, оны түсіну ғылыми салаға қызығушылығы, нақты иедясы мен мақсаты бар әрбір адамға қолжетімді деп санаймын. Қоғамдық жаһандану үрдісінде ғылым саласының дамуы басты шарттардың бірі екендігін ескере отырып, осы бағыттағы көзқарастары оң болып қалыптасқан, тың идеялармен таңдандыратын тұлғалардың күн санап көбеюі қуантады. Осы үрдістің нәтижесінде әлемдік бәсекеде елеулі мәнге ие жаңалықтар ашуға мүмкіндік артады деген сенімдемін.
.