«Алаш» көсемі Әлихан Бөкейханның Тәуелсіздік жолына бағытталған философиялық негізі

«Алаш» көсемі  Әлихан Бөкейханның Тәуелсіздік жолына бағытталған философиялық негізі

Мукатаева А.А. б.ғ.к., Д.Б.Мақсұтова магистрант, Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті, Семей қ., Қазақстан Республикасы

 

Аңдатпа: Бұл мaқaлaдa Әлихан Бөкейхановтың философиянсының негізі сонымен Алаш Ордасын құрып, халқымыздың егеменді түрде өмір сүруінің алғышарттарын жасаған Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов туралы тың деректермен таныса отырып, оның өз халқының болашағын жарқын етудегі ерен еңбектерін айқындауға, қазақ ұлтының шын жанашыры бола білген Әлихан Бөкейханның тау тұлғасын танып-білу, зерттеп-зерделеуге арналған.

Аннотация: данная статья посвящена изучению и изучению горной личности Алихана Бокейхана, который стал истинным сторонником казахской нации, ознакомившись с новыми данными об Алихане Бокейханове, Лидере Нации, создавшем Алашскую Орду и создавшем предпосылки для суверенного существования нашего народа.

Annotation: this article is devoted to the basis of the philosophy of Alikhan Bukeikhanov, as well as familiarization with fresh facts about the leader of the nation Alikhan Bukeikhanov, who created the Alash Horde and created the prerequisites for the sovereign existence of our people, to identify his merits in brightening the future of his people, to know and study the mountain personality of Alikhan Bukeikhanov, who became a true sympathizer of the Kazakh nation.

Түйнді сөздер: Алаш, философия, субстанция, Мейдзи төңкерісі, жер-ландшафт философиясы

 

Кіріспе      

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ халқының бақытты келешегі, ұлттық тәуелсіздігі үшін күресуші үлкен зиялы топ қалыптасты. Солардың бірі көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, публицист, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы, Алашорда үкіметінің төрағасы болған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов.

Әлихан Бөкейхан – қазақтың басын бiрiктiрiп, ерiктi ел болуын көксеп, сол мақсатқа жету жолына өз бойындағы бар қасиетiн: ақыл-ойын, өнер-бiлiмiн, жiгер-қайратын, бар саналы өмiрiн арнаған адам. Егер ол өзiнiң бас пайдасын ғана ойлап, патша заманында мансапқор болып, шен-шекпенге қызығып, ұлық болғысы келсе, өзi ақсүйек, хан әулетi әрi оқымысты Әлихан   Бөкейханға ол жол оңай едi. Бiрақ Әлихан қара басының қамын ойлаған жоқ, туған халқының қамын ойлап, белiн бекем байлап, ел үшiн еңбек ету жолына түстi. Әлихан – қазақ тарихында демократиялы баламалы түрде сайланған Алаш Орда – Ұлт кеңесінің тұңғыш төрағасы»

«Алаш»  зиялыларын бас­тап Әлихан қазақ елін Батыс Еуропа өркениеті деңгейіне жеткізуді түпкілікті мақсат етіп алды. Осы мақсатқа ол мәдениеті мен әлеуметтік-экономикалық болмысы жағынан қазаққа бір табан жақын жапондардың әйгілі «Мэйдзи төңкерісі» тәжірибесі мен оның жемістерін ден қоя зерттеді.

 

 

 Негізгі бөлім

Әлихан Бөкейхан философиясы – қазақ саяси философиясының негізі, тұтас қазақ философиясының жаңа тұрпаттағы көрінісі. Әлихан Бөкейхан философияға ерекше құрметпен қараған, оған мынадай анықтама берген: «Оқудың ең қиыны – философия». Әлихан Бөкейхан – тұлғасы әлемдік саясат пен мәдениет тарихында үлкен құбылыс. Әлихан Бөкейханды қазақтың ғана емес, адамзаттың ұстазының бірі десе артық айтқандық емес. Бүгін қадірі білінбегенмен ертең білінер. Осы тұрғыдан алғанда Әлихан Бөкейханды қазақтың саяси философиясының негізін қалаған ірі тұлға ретінде ғана емес, адамзатқа ортақ саяси қайраткер, философ-ғалым ретінде қарастырған дұрыс. 1905 жылы Қарқаралыда көтеріліс болды, оны жаншып тастау қажет деген желеумен империялық жүйені арқаланған генерал-губернатор күш көрсетуге қазақ даласына казактардың отрядын жібергенде, азулы аждаһаға арыстандай айбат көрсеткен Әлихан Бөкейхан болды [1]

Әлихан Бөкейхан философиясының негізі – елге, жұртқа қызмет ету, адамзат баласына еркіндік рухының дәнін себу, яғни, энциклопедиялық масштабтағы дүниетаным.

Әлихан Бөкейхан философиясының субстанциясы – қазақ халқының еркіндігі. Әлихан Бөкейханның еркіндік рухының философиясы субстанциялық дүниетанымында анық көрініс тапқан: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!»  Бұдан нені байқаймыз, тұлғаның шаһиттік өмірге (ұстараның жүзі) саналы баруы, өмірінің мәні – халқына жол көрсету. Елге, жұртқа ғұмырын арнау шешіміне жігер еркіндігі бар тұлға ғана бара алады. Философияда жігер еркіндігі – тұлғаның өз харекетін өзі айқындауы, өзінің харекет ету жолындағы еркіндігі мен мүмкіндігін өмір философиясына айналдыруы. «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді» – бұл не? Бұл философиялық танымда – рефлекция, тұлғаның өткенді саралап, көкжиектің көркем болуын мақсаттауы. Мақсат, елдік дәстүрді жалғастыру: «Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын». Әлихан Бөкейхан елге, жұртқа қызмет етудің үздік үлгісін рефлекциялық жолмен тарихи сананы жаңғырта еске түсіреді.[2]

«Кезінде Алаш қайраткерлеріне «Жапон тыңшысы» деген жала жабылды. Мұның себебі Әлихан Еуропа елдерінің қалай дамығанын зерттеді, Батыс жұртының дамуына терең үңілді. Жапон елінің өркендеу бағытына көз жіберді. Қазақстанды 20-25 жылдың ішінде сол Жапониядай ғылым мен білімге сүйенген қуатты елге айналдыруды армандап қана қоймай, жоспар құрды. Мәселен, Қытай үкіметі баяғыда мемлекеттік қызметке аларда кез келген болашақ шенеуніктен мемлекет тарихы жөнінде емтихан алатын болған. Соған қарап қызметке алатын болған екен. Бұл да сол сияқты, Әлихан Алаш армиясы білімді болуы керек деп есептеді. Қазақтың әр баласының ес білгеннен бастап білім нұрына шомылу керектігін айтып, Ахметтерге тікелей тапсырма берді. Оқулықтар жаздырды. Осының бәрі Әлихан Бөкейханның қазақ деп соққан жүрегінен, білімінен ғана емес, мінезінен еді.  Әлихан қазақ халқының тек білімді ғана емес, сонымен қатар, бай мемлекет тұрғындары болуын көкседі. Дания мемлекетінің кедейшіліктен 21 жыл ішінде қалай аяқтан тұрғанына қараңдар деді. Шынында да, 1879 жылдардағы Дания мал шаруашылығы жөнінен дамымаған арттағы ел еді, 1900 жылдары мал шаруашылығын дамытып, өзін өзі қамтамасыз қылып, кедейшіліктен құтылды. Тығырықтан шығудың төте жолдарын көрсеткен сол Әлихан Бөкейхандай
жандармерия басқармасының назарына алғаш рет студенттік жылдары-ақ ілігіп, «саяси сенімсіздердің қара тізіміне алынады». Ол институтты бітіргеннен кейін Омбы қаласындағы орман шаруашылығы училищесінде оқытушы,  «Степной Край» газетінде қызметкер болып жұмыс істейді.

Бізге жеткен деректер мынадай:
1.«Бірде тегі неміс В.Радловқа Әлихан Бөкейхан: «Сіз қазақтың құқықсыз екенін биік орталарда айта жүріңіз» деп қолқа салғанда, анау: «Құдай әрбір ұлтқа түрлі тағдырды бұйырады. Сіздер бұған көндігулеріңіз керек» депті. Мұны естіген Әлихан Радловты көрсе, не кілт бұрылады екен, не ол кіргенде шығып кетеді екен. Бұл не? Бұл – принцип. Бұл – «ғалым бүйтіп айтпайды, сенің қасыңда отыру – ұлтымды қадірлемегендік» деген протест».[3]
         Әлихан Бөкейханға дейін саяси философия контексінде ел тәуелсіздігі үшін күрестің жолын ешкім көрсете алмады. Әлихан Бөкейханның саяси дүниетанымына Еуразия кеңістігінде іштен де, сыртан да «жаулар» көп болған. Оған себеп: оның ерлік мінезі, терең білімі және ақсүйекке тән бас имейтін асқақ тұлғалық табиғаты және аса қуатты саяси концепциясы болатын. Абылай хан, Кенесары хан дәстүрін жаңа форматта саяси жолмен жалғастыру – тәуелсіздік санасының оралуы үшін күрес болатын. Әлихан Бөкейхан жоқты іздемеді, жаңа жолмен жоғалғанды іздеді. Әлихан Бөкейхан философиясы болмысының түйіні – елдің ертеңіне деген құштарлық болатын, басқаша айтсақ, жоғалып кетпеу философиясы, яғни бар болу танымы. Бар болу неден?

Әлихан Бөкейхан соған жауап іздеген, саяси философияға ойшылдықпен келген. Қайтсем халқымды еркіндікке шығарам деген жолда философиялық-танымдық ізденісте болған. «Барды қалай жоғалтқан, бодан күйге қалай түскен, адамзат баласына ғажап өркениет әкелген түркі әлемі осыншама неге құлдыраған, одан шығар жол қайсы?»  деген сауалдарға жауап іздеген. Осы ізденіс жолында Әлихан Бөкейхан мінез философиясына ерекше ден қояды. Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінде Досмайыл ақсақал хатына қаратып жазған «Ашық хат» атты мақаласында философиялық ой толғаған. Онда Әлихан Бөкейхан: «Адам баласы қылып жүрген іс ой-ақыл болып басталады, адамды бала тапқан қатындай қинап, сөз болып сөйлетеді, я жазылады, ақыл-сөз сонан соң барып іске айналады. Не жұмыс қылсақ осы үш: ақыл, сөз, іс – сырат көпірінен өтпей жұмысқа айналмайды» дейді [4]

Терең білім, ұлтының төл тарихына, көне мәдениеті мен салт-дәстүріне деген шексіз сүйіспеншілік, туған жерінің түкпір-түкпірін зерттеу, халқына кіршіксіз әрі адал қызмет ету, алты Алашының бостандығы мен құқы үшін тынымсыз күрес – міне, осының бәрі қазақтың ХХ ғасыр басындағы Ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының жетекшісі, қазіргі Қазақстанның іргетасын қалаған Алаш автономиясының төрағасы Әлихан Бөкейхан тұлғасының бір қыры ғана еді.

Әлихан Бөкейханның туған халқының бостандығы мен жарқын келешегі үшін сарп еткен бүкіл саналы ғұмыры мен жанпидашыл қызметі – ұлт көсемі болудың ең жарқын үлгісі, өнегесі болатын.

Ә. Бөкейхан – негізгі күш санада деп білді. Ұлы Даланы мыңдаған жылдар мекендеген түркілердің ұрпағын ұйытатын ұран – Алаш ұраны екенін жақсы білді. Сондықтан оны саяси философияның туы ретінде халқына ұсынды: «Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сөйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр. Жалпықазақ сиезінің қаулысын қабыл етіп, қазақ өз алдына саяси болуын қостайтындар, сайлауда кандидат списогін «Алаш» партиясының списогі деп жүргізулері керек».

1910 жылы Санкт-Петерборда басылып шыққан «Қазақтар» очеркінде, өзі тәрбиелеп өсірген «Алаш» зиялыларын бас­тап Әлихан қазақ елін Батыс Еуропа өркениеті деңгейіне жеткізуді түпкілікті мақсат етіп алды. Осы мақсатқа ол мәдениеті мен әлеуметтік-экономикалық болмысы жағынан қазаққа бір табан жақын жапондардың әйгілі «Мэйдзи төңкерісі» тәжірибесі мен оның жемістерін ден қоя зерттеді.

«Мэйдзи төңкерісінің» тарихын зерттегенде Әлихан туған еліне жапон тәжірибесін бұлжытпай, айнытпай қолдануды жоспарлаған жоқ, ол мүмкін де емес-ті. Оған себеп, Алаш көсемінің көзқарасынша, біріншіден, Жапондар 1868 жылға дейін қазақ елі сияқты артта қалған аграрлық ел болса да, тәуелсіз дербес мемлекет болды да, жоспарлаған түбегейлі реформаларын сыртқы күштердің ықпалынсыз, араласуынсыз жүзеге асыра алды [4].

Әйтсе де, Әлихан Ақпан төңкерісіне дейін өзінің жақын үзеңгілестерімен мәдениет, оқу-ағарту саласындағы реформаларын бастап, жартылай іске асырып та үлгерді. «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ, – деп үзілді-кесілді мәлімдеді Әлихан 1913 жылы «Қазақ» газетінде «Түрік баласы» деп жариялаған мақаласында, – Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы». Оған қоса Алаш көсемі 1904 жылдан бастап Дала және Түркістан өлкелеріне бөлінген еліне жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі – земствоны енгізу үшін күресті [5].

Әлихан Бөкейханның философиялық танымы өте терең: «ақыл – сөз – іс» үштік танымның бірлігін шығару «қылкөпірден» өткенмен тең екенін айтады.
«Гәп егін салғанда, мал баққанда ғана емес: егін сал, мал бақ, кен қаз, бірақ – шебер бол!» – деп үндеді Әлихан Бөкейхан соңына ерген алты Алаш халқына.

Әлихан Бөкейхан қазақ философиясының негізгі құндылық-арнасы жер-ландшафт философиясының негізін қалады. Ландшафтық ойтаным әр этностың өсіп-өнген жерімен (туған жер, туған ел) тығыз байланысты. Ландшафтық ойтаным жоғалса, этностың жан тамыры үзіледі. Әлихан Бөкейхан философиясындағы ландшафтық ойтаным – субстанциялық тереңдігімен, реминиценциялық санасымен, пассионарлық ұмтылысымен ерекшеленеді. Адам мен жер – мың тамырмен байланысқан феномендік құбылыс. Ана-Жер-Ана деген ұғым бар, бұл бекер емес. Оған Асан Қайғының «Жер-Ұйықты» іздеуін қосыңыз. Жер – тіршіліктің тірегі. Қазақ жері қазақтың болашағы екенін терең түсінген Әлихан Бөкейхан оған алдымен қазақтардың өзінің құрметпен қарауын талап етті.

Философияда – жер философиясы, ол – үрей философиясы деген де түсінік бар. Ол да бекер емес. Жерден айырылған халықтың күні қараң. Соны терең таныған Әлихан Бөкейхан жер философиясына өзгеше жауапкершілікпен келіп, халқына түсіндірген: «Жер туралы көрген зорлық көп. Жер десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі – негізгі ғұмыр мәселесінің ең зоры. Жер ісін «ала қашты, тартып алды, тиіп кетті» қылмай, ақылмен, сабырмен атқарған оң»[6].

Әлихан жапондардың тәжірибесін үлгі ете отырып, қазақ елін қысқа уақыттың ішінде мәдениеті мен экономикасы өркендеген әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарына жеткізуді ойлады. Оның кәміл сенімінше, Қазақ елінің дүние жүзіндегі қуатты агро-өнеркәсіптік мемлекетке айналатындай зор әлеуеті бар. «Қазақ» газетіндегі мақаласында ол халқына отырықшылық тұрмысқа көшіп, қолынан келетін ең жақсы кәсібі – мал шаруашылығын өркендетуден бастауды ұсынады: «Еуропада Швейцария жұрты жері Түркістан, Алтай, Алатаудай ғұмырында қар кетпейтін биік тау, малға жақсы, егінге жаман, адамы отырықшы болып қалада отыр, шаруасы мал бағу. Жер аз болған соң малдың басын азайтып, сүйегін асыл қылып мал бағып тіршілік қылып отыр. Аустралия жері біздің қазақ жері сияқты шөл, топырағы жасық болған соң Англия жұрты қой бағып мал шаруасын қылып отыр. Аустралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүріп келіп Петербор базарында сатылады. Малы көшіп жүр, адамы қала болып отыр».

Бүкіл саналы өмірін халқына, халқының азаттығына арнаған Əлихан Бөкейхан барлық қажыр-қайратын, білім, дарын-талантын патша өкіметі кезіндегі отаршылдық, қанау кезінде қалам күшімен жазылған еңбектерінде қалың қазақтың өз ішіндегі алауыздық, жалқаулық, өтірік, ұрлық, шаруаға қырсыздық сияқты кесапат мінездерді сынап, ел тағдыры үшін ең маңызды нəрсе, негізгі байлық,тіршілік көзі — жерге иелік екенін терең сезініп, осы бағытта жұмыс жасайды, ғылыми зерттеулер, мақалаларды жарыққа шығарады[7].

 

 

Қорытынды

Әлихан Бөкейханов Алаш көсемі бола жүріп Алаш зиялы қауымын ұйымдастыра білді. Бір команда болып бәрі бірі үшін бірі бәрі үшін ұлт мүддесі үшін қызымет етті олардың еткен еңбектері ұшан теңіз.

Олар. Қазақтың өз алдына ел, мемлекет болғанын, өзгелермен терезесі тең болғанын көкседі, көрген жоқ. Бірақ олар осы күнді жақындатып кетті.
Бар білімін, қажыр-қайратын, Тәңірі сыйлаған талантын тек кана халқының көзін, бағын ашуға, азаттыққа арнады.Ұлтқа ұстаз, халыққа қамқор болды. Артында мейірім, шуақ қалды. Біз жылдар бойы соған жылындық. Тек қана «Алаш», «Қазақ» деген ұғыммен ғана тыныстады. Толыққанды құрметтелуі қажет. Біз өз қадірімізді өзіміз кеш білетін, кеш түсінетін халықпыз. Енді кешігуге болмайды. Көл-көсір дүние жимады, кітап, ақыл, парасат, ілім-білім жиды. Аспанмен астастырып үй салмады, саяжай соғып, саунаға түсіп, сайран салмады, есік пен төрдей мәшине мінбеді, кісі ақысын жемеді, халқын, Отанын оттан да ыстық сүйді. Әр қазақтың баласының мандайынан сипады, сол қарадомалактың келешегін ойлап түн баласына көз ілмеді, отқа да, суға да түсті, жанбады, батпады. Рухы өлмеді. Сол рух кешегі қиын күндерде де бізді желеп-жебеп жүрді. Кейбіреулер «бізге Тәуелсіздік қантөгіссіз келді» дейді. Тәуелсіздік әперген солардың шелектеп төккен  қаны, шүберекке түйген жаны» екенін мәңгілік ұмытпайық.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы хрестоматиясы. 5 том. – Қарағанды: Болашақ – Баспа, 1994–2000.
  2. 2. Қыр баласы. «Қазақ», 1913 ж., №2. Орынбор.
  3. 3. Минору Сонода. «Мэйдзижаңғыруы»– М., 2001.
  4. 4. Алаш. Алашорда энцклопедия Алматы «Арыс»,2006 ж.
  5. 5. “Қазақстан тарихы этникалық зерттеулерде”, 2008 ж.
  6. Қыр баласы. Жер комитеті. // «Қазақ», №227,1917 жыл. Орынбор
  7. Сұлтан-Хан Аққұлы. Әлихан Бөкейханның публицистикасы мен бүркеніш есімдері турасында. // Бөкейхан Әлихан. – Толық. екінші бас. – Астана: «Сарыарқа» баспасы, 2016.

 

 

 

 

 

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *