Мен таңдаған мамандық!
Мен таңдаған мамандық!
Серикбаева Айгул Кошмуратовна
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті
Мамандық таңдау – болашаққа қадам басу. Мамандық – бұл әрбір адамның сүйіп, әрі қуана жасайтын ісі, оның ертеңгі болашағы. Әр адам мамандығын өзі таңдауы және оған құрметпен қарауы керек. Себебі мамандық таңдау үлкен жауапкершілікті қажет етеді және адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Адамның өмір сүруі мамандықпен байланыс тауып жатады. Барлық адам асқақ арман мен биік мақсатқа ие. Әрбірінің өз бағыты, арман қылған бағындырар биігі болады. Ал биік шың адамға оңайлықпен келмейтіні анық.
Кемеңгер дана Абай атамыздың «Сенде бір кірпіш дүниеге, Кетігін тапта, бар қалан»,-деген қасиетті сөзі өз мақсатына жету үшін біздерге зор мүмкіндіктерге жол ашып, қоғамға пайдалы әрекет етуді көздейді.
Мен арманыма жету жолында 2006 жылы Маңғыстау облысындағы білімнің қара шаңырағы Шахта орта мектебін аяқтап, арман қуып, болашаққа қанат қақтым. Мен таңдаған мамандық-бала кезден бергі арманым, жаныма жақын «География» пәні мұғалімі болу еді. Осы мамандыққа түсу үшін өңірдегі аймақтық бірегей жоғарғы оқу орны Ш.Есенов атындағы мемлекеттік университетті таңдадым. 2006-2010 жылдар аралығында аталған университетте білім алып, бакалавр академиялық біліктілігін алдым.
География – бұл жаратылыстану ғылымдарының заңдылықтарын қолдану арқылы практикалық және далалық эксперименттік зерттеулермен айналысатын мамандық. Мен оқыған кездерден-ақ білікті университет оқытушыларымен, жан-жақты жабдықталған өндірістік базамен қамтамасыз етілген. Жыл сайын өткізілетін далалық эксперименттік тәжірибелер Маңғыстаудың табиғи-ландшафттық, тарихи орындарынан бастау алып, зона-аралық тәжірибеміз Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарының табиғат зоналарын зерттеумен, Ресейдің Саратов облыстарына дейін сапар шегіп аяқталатын.
Университет қабырғасында оқып жүрген кезімде өз мамандығымның қыр-сырына терең бойлай бастадым. География пәні мұғалімі бүгінгі күннің сұранысындағы пән екендігі, табиғи зерттеу жұмыстарымен айналысатынын түсіндім.
Бізді болашақта өз ісінің жетік маманы ретінде қалыптастыру мақсатында г.ғ.к., доцент Р.К. Тоғызаев, г.ғ.к., доцент А.Д Демеев, п.ғ.к., доцент Ж.Ж.Мамаева, п.ғ.к., доцент Э.У.Сағындыкова, аға оқытушылар З.З. Джонова, Н.Қ.Арашова, А.Е.Жидебаева және т.б көптеген оқытушылар саналы да сапалы білім нәрімен сусындата білді. Бұл профессорлық оқытушылық құрамның әрбір өнегелі сөзі біздің биік белестерді бағындыруымызға жол ашты. Топ жетекшісі т.ғ.к., доцент Бисенова Лаура Есенқызының рухани жанашырлығы мен ерекше қолдауы да бізді тек алға ұмтылуға, кедергілерді жеңуге, ғылыми ізденімпаздыққа тәрбиеледі.
Мен Гео-06-1 тобында 30 студент болып білім алдық. Барлығы облыстың әр өңірінен келген студенттер болатын. Осы группаластарым қазіргі таңда облыстың іргелі мектептерінде әртүрлі қызмет атқарады. Дархан Қыстаубаев – Құланды орта мектебі директоры болса, облыстағы мектептерде оқу ісі, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып Гүлсара Сейтова, Рано Алигулова, Арай Жалғасова, Гулфариза Рахметова сынды білікті мамандар қызмет атқаруда. Ал Бегейбай Дина группаласым Республикалық «Үздік педагог-2018» конкурсының жеңімпазы және қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі пәндік олимпиядаларға оқушы даярлап жүрген білікті ұстаз. Динаның оқушылары ғылыми жобаларда әрқашан алдыңғы орынды иеленеді. Группаластарымның осындай биік белестерден көрінуі-университет оқытушыларының қалтқысыз еңбегі. Осындай группаластарыммен бірге төрт жыл білім алып, «география» пәнінің мұғалімі бакалавр академиялық біліктілігін алдым. 2011-2013 жылдары осы университеттен «жаратылыстану» ғылымдарының магистрі деген академиялық біліктілікке ие болдым. Осы магистратураны бітірген жылы өзімнің білім алған «Биология және география» кафедрасына оқытушы болып қабылдандым. Өзіме дәріс берген профессорлық оқытушылық құраммен қоян-қолтық жұмыс жасап келемін.
Қазіргі таңда «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасының ІІІ курс докторантымын. 2019 жылы Түркия Республикасы, Стамбул Айдын Университетінде ғылыми тағылымдамадан өттім. Аталған оқу орнында білім алушыларға әлемдік озық деңгейде білім беру мақсатында қажетті жағдайлар қалыптасқан. Тағылымдамада өзімізге бекітілген ғалым-оқытушылардың сабақтарына қатыстық, диссертация жұмысын мерзімінде орындау бағытында тәжірибелер алмасылды. STEM лабораторияда біз қазіргі заманғы СТАРТАП жобаларының жұмыстарымен танысып, ғылыми жұмыстарды талапқа сай орындау әдістерін үйрендім. Университет кітапханасында ғылыми жұмыстарды халықаралық талаптарға сай орындау үшін белгілі ғалымдардан кеңестер алынды. Тағылымдама барысында “4-th International EMI ENTREPRENEURSHP SOCIAL SCIENCES CONGRESS NISANTASI UNIVERSITESI” атты Халықаралық ғылыми конгреске қатыстым. Конгресске Ұлыбритания, Канада, Венгрия, Бангладеш, Марокко, Қырғызстан ғалымдары, сондай-ақ Түркияның түрлі университеттерінен баяндамашылар қатысты.
Мен осы конгресте ғылыми жетекшім Егенисова Алмажай Құлжанқызы басшылығымен «FEATURES OF EMOTIONAL INTELLIGENCE OF FUTURE PSYCHOLOGIST STUDENTS» тақырыбында баяндама жасадым.
Менің осылай еңбек жолым таңдаған мамандымнан бастау алып ғылыми ізденіспен жалғасын табуда. Алдағы кезде докторлық диссертациямды қорғау менің басты мақсатым болып табылады.
Бүгінгі таңда университетіміз – мемлекеттік аттестациялау мен аккредитациялаудан өткен заманауи ірі университет. Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті – аймағымыздағы білім мен тәрбие берудің, ғылым мен мәдениеттің басты орталығы. Университетте мұнайгаз өнеркәсібі, жол көлігі, машина жасау салалары үшін, сондай-ақ педагогика, құқықтану, экономика, ақпараттық жүйелер, стандарттау, қаржы, геология, экология, жылу энергетика, құрылыс мамандарын дайындау іске асырылады.
Унтверситет – білім беру және ғылыми-зерттеу қызметінің тиімділігін арттыру, білім беру қызметі сапасының әлемдік стандарттарына сәйкес профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің ұтқырлығын кеңейту мақсатында жұмыстар атқаруда.
Қазіргі кезде «география» білім беру бағдарламасы білім алушыларды тұлғалық және әлеуметтік жағынан дамытуға, білім беру үрдісі психологиялық – педагогикалық тұрғыдан қамтамасыз етуге, бәсекеге қабілетті халықаралық талаптарға сай кәсіби біліктілігі жоғары географ – педагогтарды даярлау мүмкіндігіне ие.
Менің қазіргі таңда еңбекке етене араласуыма, жетістіктерге жетуіме білім ордасы – Университетімнің қосқан мол үлесі деп білемін!
Жайнай бер, жасара бер– білімнің ақ ордасы, бақ ордасы!
Серикбаева Айгул,
жаратылыстану ғылымдары магистрі, Yessenov University-дің жаратылыстану ғылымдары кафедрасының аға оқытушысы.