Өзәіе арналады…
ӨЗІҢЕ АРНАЛАДЫ…
«…Өмірдің қысқалығы сонша, ол туралы ойланып та үлгермейсің…»
Жүректен шыққан жан айқайымды, өкінішімді, сағынышымды, махаббатымды осы мәтінмен бастауды жөн көрдім.
«Өмір» деген 4-ақ әріптен тұратын сөзді түсіну үшін адамға сан ғасырлар жеткіліксіз болар. Аллах Тағала сол сан ғасыр ғұмыр берседе, біз өмірдің мәнін түсіне алмай келеміз. Баға жетпес байлықтың бағасына жете алмай, шынайы қуанатын кезеңдерде қуана алмай, болмашы қиындыққа сынып кетіп жатамыз. Өзгеге деген қызғаныш, көреалмаушылық сезімдері, ешкімге керексіз өсектерге еріп, көзімізді шел басып, көңіліміздің қарайып, адамдық қасиеттерден айырыла бастағанымызды сезбейде қаламыз.
Мен қазіргі 23 жасымда көп нәрсені түсініп үлгергендеймін. Көп нәрсе көрдім деп айта алмаймын, дегенмен өміріме сабақ болатындай сәттерді бастан өткіздім десем де болады.
Бұл мақаланы жазуыма себепші болған жақында өмірден өткен, жанымның бір бөлшегі болған алтыным, мені сөзсіз түсінген жалғызым, егізімдей болған сіңілім. Мен бұл жағдайдан кейін 20 жылға есейгендей болдым. Ішімде болып жатқан алай-дүлей сезімдерімді айтып та, білдіріп те жеткізу мүмкін емес. Әрине, бәрі бір Аллахтың қолында, Аллахтың сынағына көнбестен басқа шара жоқтығын біле тұра, ішіңдегі сағыныш, өкініш сезімдері жаныңды жегідей жеп барады.
Жаныңа жақын адамыңның енді жоқтығына көндігу ең ауыр сынақтардың бірі болар. Естіген сәтте сенбегеніңмен, біраз уақыттардан кейін келетіндей болғанымен, күн өткен сайын үмітің үзіліп, көнбеске амалың болмайды екен. Қазіргі сәтте, барлық нәрсе сіңілімді есіме түсіруде. Бірге тамақтанған кафелер, бірге жүрген көшелер, ғимараттар, тіпті қарапайым заттар сіңілімнің бейнесін есіме түсіретіндей. Тынысым тарылып, жүрегім қарс айырылуда. Ол адамды жіберу маған өте ауыр болды. Мен ол үшін қазір тек дұғамен ғана көмектесе аламын деп кім ойлаған. Бір-ақ күнде айырылып, сыңғырлаған күлкісін, еркелеген дауысын есту арман болып қалатыны үш ұйықтасамда түсіме кірмес еді. Тіпті оны қалай қатты жақсы көретінімді, оның орнын өзге ешкім баса алмайтындығын білмей өмірден өтіп кеткеніне өзегім өртенеді.
Өмірлеріңізді өкінішпен өткізбес үшін, жақын жандарыңызды, ата-аналарыңызды, сіз үшін уайымдайтын әрбір жанды бар кезінде бағалаңыздар. Жақсы көретіндеріңізді айтыңыздар, көңілін аулаңыздар. Түс секілді болған бес күндік өмірде саған жанашыр жақын жандардан басқа артық ешнәрсе жоқтығын кеш болмай түсініңіздер. Күндеріңізді болмайтын өсекпен, өтірікпен, өздеріңізді алдаумен өткізіп алмай, алға қарай ұмтылып, ешбір жанға жамандық ойламай, тура жолда ғұмыр кешуге тырысыңыздар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағала белгілеп қойған тағдырды дұғадан басқа ештеңе өзгерте алмайды». Қалған ғұмырларыңызды құлшылықта,дұғада өткізуді Аллам нәсіп етсін!
Иемберді Ләззәт Қуанышбайқызы
15.04.2002-09.10.2022
Арманы көп болған ақкөңілім, бұ дүниенің алдамшы қызығында көре алмадың, о дүниенің мәңгілік рахатын көруді нәсіп етсін жаным. Жұмақтың 8 есігі ашылып, жаның жәннәттің төрінде болсын алтыным.
Мәңгілік жүрегімдесің…
Өзіңе арналады Ләззәтім…
Қызайбай Фариза Қайратқызы