Ағылшын тілін оқытудың тиімді жолдары
Елімізді дамыту тұрғысында білім беру жүйесінде бірталай іс-шаралар жүзеге асуда. Соның бірі үштұғырлы тіл. Қазақ, орыс, ағылшын тілін еркін меңгерген жан-жақты білімді шәкірт тәрбиелеу қазіргі күннің басты талабы.
Ағылшын тілі — əлемдегі тілдер арасынан көркемдігі мен бейнелілігі, тазалығы мен сөздік құрамының молдығы жөнінен дамыған тілдердің бірі. Қазақстанда ағылшын тілі үшінші тіл ретінде оқытылады, сонымен қатар ол білім беру жүйесінде жоғары мәртебеге ие. Ол кейбір мемлекеттік байланыстарда қолданылады және мектептерде оқытылуы тиіс міндетті пән болып табылады.
Шет тілін үйрету-қиын да, қызықты жұмыс. Қазіргі кезде ұстаздарға қойылып отырған талап жаңа технологиялық әдістерді қолдана отырып, сапалы және терең білім беру, оқушылардың ойлау, есте сақтау, көру қабілеттерін жетілдіру. Мектептерде жаңа технологиялар арқылы оқыту шет тілін үйренудің сапасы мен маңызын арттырады. Шет тілін оқыту процесінде тілді дұрыс үйрету, ауызша сөйлеу, сауатты жазу, мәнерлеп оқу өте маңызды.
Ағылшын тілін саналы меңгерту, оны өз деңгейінде қажеттілікке айналдыру, бір жылғы мәселе емес, сондықтан ағылшын тілін оқыту ісімен шұғылданатын мамандар арасында туындайтын бір сұрақ: ағылшын тілінде өз ойын ауызша және жазбаша еркін жеткізе алуға қалай үйрету керек? Оқушыны ынталандыру үшін қандай әдіс – тәсілдерді, технологияларды қолданған жөн?
Ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің алдындағы бірнеше міндеттердің бірі – оқушыларды сауатты оқу, жазу, сөйлеуге үйрету. Сауаттылықтың негізгі алғышарты – тілдің грамматикасын меңгерту.
Ағылшын тілі грамматикасын оқытып үйретуде мынандай әдіс-тәсілдер қолданған тиімді.
– Кестелер, тірек – сызбалар;
– Мақал-мәтелдерді пайдалану;
– Тест тапсырмалары;
– Грамматикалық ойындар.
Тілді мейлінше жақсы меңгеріп шығу үшін ана тілді барынша аз қолдануға тырысу қажет. Бұл дегеніміз тек ағылшын-ағылшын (ағылшын-орыс не болмаса ағылшын-қазақ емес) сөздіктерін қолдану, ақпаратты www.google.com/ncr арқылы іздеу (ақпаратты орыс немесе қазақ тілдерінде бермейді), Wikipedia-дан Simple English-те мақалалар оқу.
Ағылшын тілі сабағында оқушылардың тілін дамыту, білім-білік дағдыларын қалыптастыру, сөйлеуге деген қызығушылығын, белсенділігін арттыру мақсатында қолданылатын əдістерге төмендегілерді жатқызуға болады:
- Ауызша əдіс — теория жəне фактіге негізделген білімді қалыптастыруда, үй тапсырмасын жəне жаңа сабақты пысықтауда, ережелерді қайталауда пайдаланылады.
- Көрнекі əдіс — бақылау қабілетін дамыту, оқылатын мəселеге ықыласын көтеру жəне оқу материалының мазмұнын көрнекілік арқылы түсіндіруде қолданылады.
- Практикалық əдіс — практикалық іскерлік пен əдетті дамыту үшін жəне тақырып мазмұнына сəйкес практикалық жұмыстарды жүргізу үшін түсіндірілген материалды оқушылардың қаншалықты меңгергенін бақылау үшін пайдаланылады.
- Ойын əдісі — оқушының сабаққа деген қызығушылығын оятып, белсенділіктерін арттыра түседі, сонымен қатар оқушылардың сөйлеу-білік дағдыларын қалыптастырады.
Шетел тілін үйрену тұлғаның рухани жан дүниесін байытады, ой-өрістерін кеңейтеді, көркемдік талғамын тәрбиелейді, халықаралық достыққа, мәдениетке тәрбиелейді. Оқушының жеке тұлға ретінде дамуына жағдай жасауға бағыт алып отырған бүгінгі білім беру жүйесінде әлемдік стандарттар талабының негізгі компоненттерінің бірі деп танылған көптілдік оқытуға көңіл бөлу бүгінгі заман талабы.
Қорыта келгенде, ұлы данышпан Әл – Фараби: «Ұстаздар – құдды жұрт айтатын, тамшысымен тас тесетін су сияқты» – деген екен. Болашақтың бүгінгіден де нұлы болуына ықпал етіп адамзат қоғамын алға жетелейтін күш – білім. Шет тілін меңгере отырып әлемнің озық ойлы мемлекеттерімен теңесетін дамыған, қуатты ел болуда өз білімін аямайтын жас ұрпақ тәрбиелеу мұғалімге қойылатын баста талап екенін ұмытуға болмайды.