Тәуелсіздік бәрінен қымбат!

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіз ел ретіндегі өзінің мүлде жаңа тарихына қадам басты. Сол күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңына қол қойды. Ал бұл заңның Жоғарғы Кеңесте талқылап, қабылдануы да сол кезең үшін үлкен белес еді.

     Желтоқсанның екпінімен келген Тәуелсіздіктің біз үшін орны қашан да бөлек. Сондықтан да «толарсақтан саз кешкен» батыр бабаларымыздың әр жылда төгілген қанының, ұлы мұраттар жолында құрбан болған асыл азаматтарымыздың асқақ армандарының, сәбиін білегімен, даласын жүрегімен тербеткен аналарымыздың аққан жасының, Жаратқаннан тілеген медетінің арқасында қол жеткізген Тәуелсіздікті біз әрқашан мақтан тұтып, қастерлей білуге тиістіміз. Біле білсек, бұл біздің азаматтық парызымыз, адамдық борышымыз.

     Тарихқа көз жіберетін болсақ, Тәуелсіздік – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, ең алдымен барша қазақстандықтардың арман-мұратының салтанат құруы. Патша дәуірінде де, Кеңес Одағы кезінде де тәуелсіздікке деген ұмтылыс халықтың едеуір бөлігінде қалыптасты. Біз бірнеше жүз жыл отаршылдықтан кейін ХХ ғасырдың аяғында қайта жаңғырған мемлекетпіз. Тәуелсіздік – бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған шыдамының өтуі. Қазақстанның тәуелсіз, егеменді ел ретінде танылғанына міне отыз бір жыл толып отыр. Тәуелсіздік сияқты ұлттық мерекені бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек.

     Сонымен қатар, 88 жылдық тарихы бар Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті – еліміздің қоғамдық өмірі мен білім, ғылым, жалпы оқу ағарту саласының қалыптасуы мен дамуы кезеңдерінің куәгері. Университет – ұлағатты ұстаздардың даналығы мен жастардың жалынды істерін, білім мен ғылымға деген ізденісі мен құштарлығын бойына сіңірген, таусылмас білім ордасы. Қасиетті қарашаңырақ тарихының әрбір кірпіші оның белгілі ғалымдары, оқытушылары мен студент жастарының творчестволық талмас қайраты мен күнделікті еңбегінің арқасында қаланған. Тәуелсіздіктің 31 жылдығы қарсаңында «Тарих-география» мамандығының 1 курс магистранттарының арасында «Тәуелсіздік тұғырым» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелдің мақсаты тәуелсіздіктің елімізге жайдан-жай келе қоймағанын көрсетіп, егемендік үшін күрескен ата-баба, ұлт зиялыларының, Желтоқсан оқиғасына қатысқан батырлардың қосқан үлесінің зор екендігін көрсету болды. Бұл шарада әр магистрант тәуелсіздік жолында күрескен тұлғаларды айтып, еліміздің егемендік алғаннан кейінгі жетістіктерін талқылады.

     Ендігі ұрпақтың мақсаты мол біліммен қаруланып, кең — байтақ жерімізді теріс пиғылды басқыншылардан қорғау. Талай жерде құрсақта жатып, құрбан болып кете жаздаған тәуелсіздігімізді пәле жаладан аман сақтайық, ғұмыры ұзақ болғай. Ынтымағымыз жарасқан, бірліктегі ел бола берейік. Бұл мен сияқты мыңдаған қазақ халқының тілегі. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Профессор м.а Қозғамбаева Г.Б.

тарих факультетінің 1 курс магистранты Әубәкір Г.Р.

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *