“Абай қарасөздері – тәрбиенің қайнар көзі “

 

Абай – қазақтың ұлы ақыны, философы. Абайдың дүниетанымдық көзқарастары, ой-пікірлері XIX ғасырдың екінші жартысында қалыптасты. Әйгілі шығыс классиктері: Фирдауси, Сағди, Ширази, Науаилардың шығармаларын оқып, олармен жете танысты. Сонымен қатар батыстың атақты ойшылдары мен кемеңгер философтары Сократ,В.С.Белинский, тағы басқаларының шығармаларын оқыды. Оқыған шығармаларындағы көзқарастарды  өз дәуірімен салыстыра ой қорытып отырды және олардың ой-пікірлерін қазақ өмірінде  болып жатқан өзекті мәселелерді қара сөздері арқылы түсіндіруге тырысты. Адамзат қауымында болып жатқан жан мен тән, өмір мен өлім жөнінде  жазылған философиялық толғамдары  қазақ халқының басында қалай болып жатқандығы жайлы түсіндіріп, оған өз көзқарасын білдіруге тырысты.

    Абай қара сөздерін публицистикалық стильде жаза отырып, оқырманмен сырласады, пікірлеседі, кеңескен түрде мазмұнды да мағыналы өзіндік ой-пікірін білдіреді. Абайдың өзі қара сөзін жазар алдында оқырманға «керек кісі болса  алсын, алмаса, өз сөзім өзімдікі»  деген болатын.

    «Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп,

   Жүрмесін деп аз ғана сөз шығардық,» – дей отырып, «Атымды адам қойған соң» үндемей қалмайын, өмірден көрген- түйгендерімді кейінгі жастарға айта отырайын, егер де шалыс басып жүрген жастар болса, келеңсіз іс-әрекеттерін түзетер, ой-елегінен өткізер дегенді айтқысы келеді. Абай қара сөздерінің барлығы да сол замандағы әлеуметтік күрделі мәселелерді сөз еткенімен, бүгінгі таңда да қара сөздеріндегі ғибратты ойлары мен ақыл-кеңестері  әлі де маңыздылығын жойған жоқ, керісінше, Абайдан алар өсиетті  кеңестері нағыз осы дәуірге лайықталып жазылғанға ұқсайды. Соған қарағанда Абайдың: «Дүние – үлкен көл, заман − соққан жел», «Алдыңғы толқын ағалар, артқы толқын інілер, кезектене бөлінер, баяғыдай көрінер» деген сөздерінен-ақ Абай тұжырымдамаларының қазіргі жастар үшін де берер тәрбиесі орасан зор болары анық.

  Отыз бірінші қара сөзіндегі айтылар ойға көңіл бөлсек: «Естіген нәрсені ұмытпасқа төрт түрлі себеп бар: әуелі көкірегі байлаулы берік болмақ керек, екінші – сол нәрсені естігенде, я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер бір кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер». Абай осы төрт нәрсені ашып айту арқылы үлкен мәселені көтеріп отыр.  Адам баласының есту арқылы біліп–танудың қаншалықты қажеттігін әдемі түсіндіріп береді. Абайдың бұл ғибратты ойлары  білімді де ойлы, зерделі де саналы, көкірек көзі ашық болатын  жас ұрпақты тәрбиелеуде айрықша маңызды екендігін біле түсеміз. Адам бойында, Абайша айтқанда, «Толық адам» болып қалыптасу үшін естіген нәрсені ұмытпаудың төрт түрлі себебін үнемі ойға түйіп жүруді еске салады.

   Отыз үшінші қара сөзінде Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек,» – дей келе, талапты болудың бірнеше шарттарын түсіндіріп береді. «Әуелі білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемек керек” деген сөзінің астарына үңілер болсақ, мұнда жастарды білімге ұмтылдыра отырып,  алған білімін махаббатпен, сүйіспеншілікпен іске асыра білу керек дегенді айтады. Абайдың осы ғылым-білім үйренудегі алты шарты қазіргі таңдағы жастарымыздың бойында болар қасиеттер болу керек деген ойда боласың, себебі қазіргі жастарымыз шет ел асып, сол елден алған білімін, ғылымын елімізде іске асырар болса, елдің экономикасы да, мәдениеті де, ғылымы да дами түсер еді.

    Абай адам бойындағы ұнамсыз мінездерді де көп сынға алады. «Мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың. Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? … Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? –   деп, адамның ұнамсыз істерден аулақ болып, адам баласына Алланың берген сыйын қадірлей біліп, оны жамандыққа емес, еліне ғылымы мен өнерін, экономикасын көтеретін ғылым мен білімді үйренуге шақырады. Сонда ғана Абайдың айтқан мал тапқың келсе, өз кәсібіңді көтеретін жолды  ізде дегені, оны ұрлықпен емес, таза жолмен табуды үйретеді. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ, одан басқа нәрсемен оздым дегенінің бәрі ақымақтық», − деп ғылым, білім жайын сөз ете отырып, ең алдымен орыс ғылымын насихат етеді. Себебі күнкөрістің де, мақсатты тіршіліктің де, мал табудың да жолын орыс өнерімен байланыстырады. «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Залалынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек … Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті» дейді. Абайдың бұл өсиетін ақыл таразысына салар болсақ, қазіргі жастарымызға  экономикасы дамыған, ғылым мен техникасы алда жүрген батыс пен шығыстың ғылымы мен білімін үйреніп, оны іске асыр дегенді айтса керек. Абай орыстың ғылым, білімінің залалынан сақтан, жақсысынан үйрен десе, қазіргі кезде батыстың залалынан (батыстың залалды нәрселері өте көп қой) сақтанып, өзімізге қажетті жақсы жақтарын алуды ойлану керектігін айтуға болады.  Міне, Абай қара сөздеріндегі еңбек, ғылым, адамгершілік, әдептілік мәселелерді сөз еткені, оның  адам баласын, әсіресе, жастардың, ғылым мен білімді үйрене отырып, өз еліңді көркейте біл дегені болса керек. Сондықтан да Абайдың қара сөздерінен әлі де ғибратты ақыл-кеңестерді аларымыз мол, қара сөздерін тұшынып оқып, Абай айтқан жолмен жүрер болсақ, қазақ елінің жастары өнегелі, ақылды, алған білімдерін еліміздің экономикасын көтеретін саналы жастар болары сөзсіз.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *