Әлеуметтік желідегі ақпарат ағыны

Бұл мақалада әлеуметтік желідегі ақпараттың өсу динамикасы, ақпараттың адам өміріндегі маңызы, әлеуметтік желінің күнгей һәм көлеңкелі тұстары, facebook пен google-дің ақпарат берудегі әлемдік статистикасы, ақпарат ариялаудағы цензура мәселесі, авторлық құқық сақтамау және алған ақпарат тарату, оларға берілетін жаза түрлері, интернеттің берген ақпараты ғылым еместігі, психологиялық тәуелділік, оқырманның сыни пайымы қалыптасуы тіпті оқырманға қойылатын бірер талаптар қақында жан-жақты талдау жасалынған. Өзектілігі -ақпарат таратуда шындық пен дереккөз келтіруді сақтау; Мәселенамасы (негізгі идеясы)-қай ғасырда да техника темір күйінде, адам шынайылығымен сақталуын саналы түрде тең ұстау; Шешімі-есте сақтау жадын қажетсіз ақпараттан сақтап жүректі қатайтпау мәселелері қарастырылды. Ұялы телефонды әрбір сатып алушының жас деңгейіне қарай рәсімделіп, мектеп жасына дейінгі балалар мен мектепте оқитын оқушының таза парақтай санасы лас ақпаратпен уланбауы үшін қандай да бір механизм жасалуын ұсындым…

           Алты, жиырма бес, елу алты жастағы үш адамға бірдей мөлшерде екі жарым литр суды жиырма төрт сағатта ішкізе аламыз ба? Яки, осы үш адамды бірдей магистратураға түсіріп оқытуға бола ма? Жауабы белгілі… Енді мына қызықты қараңыз, бүгінгі таңда ұялы телефонды еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін ұстай алатын мүмкіндік туды. Ғаламтор жоғары деңгейде жұмыс істеп тұрғандықтан әлеуметтік желіні пайдаланушылар саны 90%-дан асты.  Демек, жас айырмашылығына қарамай ақпарат барлығына бірдей беріледі, оны қорыта алмаған адамдардан қандай қоғам қалыптасып жатқаны алаңдатады. Ұялы телефонды сату нарығында жас ерекшелгіне сай аккаунт ашылса игі еді…

Әлеуметтік желілердегі ақпараттың өсу динамикасы туралы және адам өмірінде оның алатын орны туралы мына статистикаға сүйенсек: әлемде жиырма минут сайын facebook-те 1 миллион сілтеме таралады, сағат сайын facebook-те 4,5 миллион адам қандай да бір іс-шараға шақырту алады. 1 минутта facebook-те 100 мың адам бір-біріне дос болып қабылданады. Facebook бір жылдың ішінде 200 миллион қолданушы жинаған, ал теледидар қаралымына 60 миллион көрермен жинауға 13 жыл уақыт кеткен. Барлық қолданушылардың 50 пайызы аптасына 1-5 сағат уақыт өткізеді. Әр секунд сайын 8-10 адам қандай да бір әлеуметтік желіге тіркеледі. Ал Google-ден ақпарат іздеу саны 24 сағатта 1 миллиардтан асты. Орта есеппен алғанда әрбір қолданушы өз аккаунтына күніне кем дегенде 2 рет кіреді екен. Бұл тек facebook пен Google таралуы мен қаралымы туралы статистика.

 Енді осы секунд сайын қарқындап дамып жатқан әлеуметтік желінің зиянды салдарларына көз жүгіртсек: дүние жүзі бойынша әлемде шамамен жүз адам желіде қалдырған хаты үшін өмірден озады. Ғаламторда уақыт өткізудің тәсілі саналатын порнографиялық бейнежазбалар сайттарды басып озды және әлеуметтік желі әрбір үшінші жұптың айырылысуына басты себепкер болуда. Сонымен қоса тиімді тұстарын да ескеру керек: Америка құрама штаттарында қиылған некелердің он пайыздан астамы әлеуметтік желідегі таныстықтың арқасы. Ата-аналардың алпыс тоғыз пайызы желіде өз балаларымен дос, әрі балаларыны немен айналысып отырғанын қадағалай алады.

 Адам шыр  етіп дүниеге келгеннен ананың әлдилеген үнінен, әкенің өбектегенінен ана мен әке бар екендігі туралы ақпарат алады. Кейін адамның қай жолды таңдауы, қандай мамандықтың иесі болуы барлығы адамға жеткен ақпараттарға байланысты. Технологияның қарыштап дамыған кезінде адам өмірінде ақпараттың маңызы орасан зор. Жиырмасыншы ғасырдың ортасына дейін ақпараттың адамға жетуі үшін айшылық жер артта қалатын және ақпаратты тасушы да, алушының да санасынан сараланып жүрегіне сіңетін. Оның үстіне қағазға жазылған ақпараттың да есте сақталу темпераменті жоғары болды. Ақпаратты беруші адам, оқыған, жауапкершілікті, қоғам оны белгілі деңгейде мойындаған, орны бар болды. Ал қазір, ақпаратты бір секундта бүкіл ел бір уақытта біле алады. Мысалы «Терезеден бала құлап кетті» деген хабар шығады, артынша екі минуттан соң «Қазақстандық бүлдіршін шахматтан әлемдік рекорд жаңартты» деп келеді. Адамдар осылайша терезеден құлаған баланы ұмытып кетеді. Себебі, бәрі арты-артынша келіп жатыр. Алғаш шыққан теледидарларда «ақ, қарадан» екі түс қана болатын. Көрермендер фильм көргенде кейіпкерлердің киімінің түсі қандай екенін, шашының түсі немесе көліктің түр түсі қандай екенін ойлану арқылы да мимен жұмыс істеген. Қазір адамдарға ештеңені ойланудың қажеті жоқ, барлық ақпаратты, ойлануға мұрша қалдырмай шайнап беруде. 

Әлеуметтік желіде таратылатын ақпаратты ешкіммен ақылдаспай, цензураға ілікпей таралуда. Соған сай ақпарат берушінің мәртебесі мен келбеті өзгерді. Бұрын қарапайым халық ақпаратты тыңдаушы болса, қазір халық та ақпаратты жазушыға айналды. Қатардағы азамат күнделікті ішіп, жегенін, кигенін қаймықпай тарата береді. Ең сорақысы жариялауға келмейтін небір құйтырқы әрекеттер, қылмыстар, адам мен жан жануарларға қиянаттар да әлеуметтік желіні жайлап кетті. Бүгінгі таңдағы жасалып жүрген алдау (пранк) жасау арқылы да қаншама жүректің қатаюына себеп болып жатқанын көруге болады. 

Ақпараттың бәрі бірдей бере алатын құқық пайда болғаннан кейін авторлық құқық мәселесі аяқ асты болғанын айтып шырылдаушылар саны да біршама артты. Оған мыналар дәлел, ақын жазушылардың өлеңдері мен сөздерін автордың есімін жазбайды, блог жүргізушінің жазбасын жарты жолдан кесіп алып қоя салу, тіпті дипломдық жұмыс жазғанда да ғалымдардың диссертациялық жұмысын айна қатесіз көшіріп алып қорғайтын студенттер жетерлік. Антилагиаттан 90-100 пайыз етіп өткізудің көп әдістері шығып кеткен. 

Дүние жүзіндегі ғаламторды пайдаланушылардың саны 2020 жылғы есеп бойынша 4,5 миллиардқа жуық. Биыл жыл соңына дейін тағы 3 миллиардқа артып, виртуалды әлемнің көкжиегі кеңи түспек. Жаңалықтар адамдарға әлеуметтік желілер арқылы тарайтын болғандықтан әлемдік деңгейдегі жиырма бес газеттің жиырма төртінде тираж саны күрт азайған.

Әлеуметтік желідегі ақпарат ағынының жақсы жақтарымен қоса орасан зор шығын алып келіп жатқаны да рас. Тіркелушісі көп парақшалар жарнама жүргізгенде арты алаяқтыққа әкеліп соғатын парақшалар мен тауарларды да жарнамалап жібереді. Крезистің бел ортасында отырған қарапайым халық бар мүлкін соңғы тиыны қалғанша салып жіберіп сан соғып, өндіріп аудан күдер үзгендер қаншама… Хаккерлердің бірлескен қауымдастығы да телефон нөмірге келген кодты сұрау арқылы кісі атына миллиондап несие жүктеп жібереді. Ютуб каналдарда ең басты көрінер тұсқа басқа тақырып, соңына дейін көрсең мүлде бөтен тақырыпты талқылап, қаралым жинап, қалтаға ақша түсіріп жүр. Қазақстанда жалған ақпарат таратқандарға 20 АЕК сомасындағы айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген. Ақпарат тұтынушылардың көбі мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмайды. Әсіресе, апатты және төтенше жағдайлар, саяси оқиғалар кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар көптеп тарайды. Қазақстан заңнамасына сәйкес, фейк ақпарат таратқандар жазаланады. Десе де, көп адам мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынынан бейхабар.Жалған ақпарат тарату 2015 жылы жаңа Қылмыстық кодексі қабылданғаннан кейін қылмыс түрінде (274-бапқа сәйкес) қарастырыла бастады. Жоғарғы соттың ақпараттық базасындағы мәліметтерге сенсек: 2015-2016 жылдары – 2 іс; 2017 жылы – 4 іс; 2018 жылы – 1 іс; 2019 жылы – 3 іс қозғалды.  ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жүргізген мониторингі бойынша 110 мыңнан астам жалған және қоғамға зиянды материал жойылды.  ІТ сарапшы Тимур Бектұр «Ақпараттық гигиена» деген термин барын айтып, ақпарат тұтынушы мен ұсынушы арасындағы қарым-қатынасты, олардың әлеуметтік желідегі дағдыларын реттеуге болатынын жеткізді. Жалған ақпаратты шектеуге белгілі бір механизмі құрылса, едәуір жүйеленер еді бәлкім …

Қоғам жалған ақпаратқа шындай сеніп ақиқатын көрмейтін, мойындамайтын әдет қалыптастырды. Ақпараттың шынайылығы жоғалған соң, адамдардың да бір-біріне робот секілді қарым-қатынасы ғаламдық маңызды мәселеге айналуда. Ақпарат адам өмірінде өте маңызды рөл атқарады. Ақпаратқа иелік ететін адам әлемге тиесілі десек болады. Кейде кейбір ақпарат өмірден қымбатқа түседі. Шынында бұл ақпараттық дәуір ме, әлде адамдар ырықсыз түрде «ақпараттанып» жатыр ма? Адам әр күні өзі қаласа да, қаламаса да түрлі ақпараттарға ұшырасады. Әлде бір интернет басылымнан мағыналы, қажетті ақпаратты я болмаса танымдық мақаланы оқып отырып та өзі қажет етпеген жарнамалық ақпараттарға тап болып жатады. Теледидарды, газет-журналдар мен өзге ақпарат құралдарын айтпаған күнде, кейбір ақпараттарды сіздің жақын достарыңыз, таныстарыңыз, туыстарыңыз жолдап беріп жатады. Таң атқаннан кеш батқанға дейін қажетті-қажетсіз ондаған, жүздеген ақпаратқа ұшырасасыз. Сонда, осының бәрі кімге, неге керек? 

Әдетте, информацияны көп білуді білімділік санайтын адамдар да бар. Тарихшы Тұрсын Жұртбайдың мынадай сөзі бар «Интернет ақпарат береді, бірақ білім бермейді. Интернет көп ағдайда мағлұмат береді, бірақ мағлұмат ғылым емес»  Қаншалықты көп жаңалық оқып немесе көрген сайын дүниеге деген танымыңыз бұрмалана бермек. Бұны Калифорния университетінің әлеуметтанушылары да дәлелдеген. Э.Холмен бастаған зерттеу нәтижесі жаңалықтардың адамдардың танымын бұрмалаудағы ықпалының орасан зор екенін көрсетті. Осы зерттеу нәтижесінде BBC Future арнайы мақала да ұсынған. Батыс елдерінде ақпараттың құны бізден әлде қайда жоғары екені мәлім. Соған сай, ақпараттардың жигілі де бізден әлде қайда көп. Шетелдік ықпалды ақпарат құралдарын қарап отырсаңыз қандай да бір оқиға, саяси өзгерістер біздегідей тек бірер күннің ғана маңызды тақырыбы болып қана қалмайды. Оны апта бойы, ай бойы, тіпті жыл бойы тақырыптан қалдырмай қадағалап, даму процесін көрсетіп отырады. Біздің елге де осындай жұмыс барысын енгізу керек-ақ…

«Астана ақшамы» газетінде көрсетілген мәліметке қарасақ, Қазақстанда 5,6 миллион адам әлеуметтік желілерді күнделікті пайдаланады екен. Ең танымал әлеуметтік желілердің қатарында күніне 252 мың рет қаралатын «В контакте», 410 мың рет қаралатын «Facebook»-ті жатқызуға болады. Әлеуметтік желілердегі әрбір екінші адам өзі жайында өтірік мәлімет жазатын көрінеді. Тарқатып айтсақ, олардың 29 пайызы есімі мен жасын, 23 пайызы отбасылық жағдайын, 22 пайызы түр-әлпеті және қызығушылықтары туралы, 17 пайызы білімі мен жұмысына қатысты жалған ақпар беретін болып шыққан. Ол ол ма, тіпті осы әлеуметтік желі арқылы танысып, отбасын құрып жатқандар немесе осы әлеуметтік желінің кесірінен шаңырағы шайқалып жатқандар да бар. Қазірде әлем халқының 57 пайызы бетпе-бет тілдесуден гөрі ғаламтор арқылы тілдеседі екен. Әлеуметтік желі адамдарды шынайы өмірден алыстатады. Бұл әсіресе, жастар арасындағы күрделі проблема болып отыр. Күн ұзаққа желіде отыратын адам адамдармен шынайы араласа алмайды, тұйықталып, ғаламторға тәуелді болады. Әлеуметтік желілер – уақыт ұрлаушылар. Адамның желіге тәуелділігі сондай, бас алмастан отырып минуттардың, оның артынан сағаттардың қалай жылжып кеткенін байқамай да қалады. 

Ақпарат ағыны аданың алған тынысынан да қатты қарқындаса да, саналы адам өзіне керегін алып, керексізін ысыра біледі. Осы орайды оқыған ақпаратқа оқырманның сыни пайымы қалыптасуы керек. Алған ақпаратты оқып қана қоймай, ақпараттың дәлігіне көз жеткізіп, керек жерін дәптерге түртіп алып, қарама-қарсы пікірі болса оны бөлісіп отыратын парасатты қоғам орнауына елдің әр азматы борышкер. Керек десеңіз, оқырманның өзіне бірнеше талаптар қойылуы керек. Мысалы, әлеуметтік желіге кіргенде білі саласынан, театр, кітапхана, өнер адамы, саяхат, денсаулық сақтау тағысын тағы сондай салалардың нағыз мамандарының тек бір-біреуіне ғана тіркелу керек. Сонда алатын ақпарат неғұрлым жүйелі болмақ. Бүгінгі таңда алысты жақын қылатын да, жақынды алыс қылатын да осы әлеуметтік желідегі ақпараттар легі екені рас…

Адамзаттың Абайының сөзімен:

Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық білім кітапта,

Ерінбей оқып көруге -демекші, ар-ұжданның, абыройдың қалыбынан шықпай, әрненің артық-кемін ажырата білу жаны да, тәні де тәуелсіз ұрпаққа тән қасиет. Асылында адам баласы жер бетіндегі бар игіліктің пайдасын сезінуге құқылы…

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *