АСТАРЛАП СӨЙЛЕУ ҚАНЫМЫЗДА БАР
“Барып едім, жоқ екен, айтып едім, келем деді, Келмегені келгені ғой, келмесе егер келер еді”. Бұл жұмбақ емес, екі адам ғана түсіне алатын ұғым, сөйтсе де, әлдекімдерді “Бұл не дегені екен?”,-деп терең ойға қалдыратын ұғым. Мұны айтқан 7-8 жастағы жеткіншек еді. Ойын-тойға келген жігіт өзінің сүйікті қызын жиынға шақыруға әлгі баланы жұмсайды. Бала барады, қыздың шешесі үйінде жоқ екен. Шешесінен рұқсатсыз ешқайда баспайтын қыз: “Шешем келеді, рұқсат берсе, барамын, ал бермесе бармаспын” – деп сәлем айтады. Бала қайтып келсе, жиын-той басталып кеткен. Жұмсаған жігіт топ ішіне түсіп кеткесін, бала “қыз келмейді” деп, баттитып айтудың орнына, басқалары түсінбеуі үшін әдейі астарлап, жоғарыдағы ойын тақпақтап айтады. Мұны тек жігіт қана ұғынады.Біздің қазіргі жас жеткіншектеріміз де астарлы сөйлеуге осылай дағдыланса ғой, шіркін!
Астарлау ой жасыру eмес, арнайы түсінетін кісілерге бағытталған тұспалдау, уақытша ғана ойды құпиялау. Астарлап сөйлеу – отырған адамдардан ой бүкпелеу емес, олардың әзірше ғана түсінбей қалуы үшін, ой иесінің өзіне ғана керекті адамның түсінігіне сай ыңғайлап айтылған, әдейі қолданылған ымы, меңзеуі (ойы, ұғымы).
Астарлап сөйлеу – халқымыздың сөйлеу мәнері. Бұл тек сөйлеу шеберлігімізді ғана емес, сөйлеу мәдениетімізді де танытатын, ойлау қабілетімізді аса тереңдететін құбылыс. Өне бойы қарттарымызды тыңдап өскен қаршадай азаматтарға да үлгі боларлық, тіпті кісі қызығарлық қисын. Кезінде “Қалай, қалай сөйлейді” деп, таңданған да едік. Әсіресе, жастарды терең ойлауға машықтандыратын еді.
Сабан айдап жүрген жігіттің қасынан екі аттылы: біреуі жас қыз, екіншісі мосқал тартқан адам өтіп барады.Оларды көріп, әлгі жігіт: “Пай-пай, мына қыздың астындағы жорғасын-ай, қасына кеткен жолдасынай!” – деп таңданады. Жорғалы қыз сәл кідіріп: жігіт-ау, әй, жігіт! Аңдысын-ау, аңдысын, аңдап сөйле сонғысын, бұл жігіттің шешесі менің шешемнің қайын енесі, сонда мен бұл жігіттің несі? – деп жауап береді. Мұны естіген жігіт ұялғаннан жерге кіріп кете жаздайды. “Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі”: деген мақал осындай тәжірибеден алынған болса керек.
Көз қысу да, ым да, иықтың әр түрлі қимылы да, бас шайқау да, көз аларту да, қол сілтеу де бір кездерде (осы қимылдардың тілдік атауы болмаған кезеңдерде) мифтік ұғымға ие болып, сол ұғым халқымыздың әлі де болса кәдесіне жарап келеді. Бұл ерте заманғы “сөйлеу” мәнері. Осындай қимыл құбылыстарына түсінген халық, сонымен “сөйлеуін” жалғастырп келе жатқан қазағым ой тереңдету мақсатында астарлы сөйлеуді де ертеден бастады. Соған келешек ұрпағын да баулып келді. Бірінің-бірі ойын сөйлемей-ақ ұғынатын халық отырған-тұрған қалыбынан түсінетін, бет әлпетінен ұғынатын-ды, қайғысын түсінетін, күлімдеуінен әр түрлі жағдайын байқайтын еді.
Сөйлеуіміз ымнан басталып, содан әрі қарай тереңдей берді. Өйткені айналадағы құбылыстар мен заттарға арнайы атаулар пайда болды, ол атаулар сол заттардың мағынасын ашты, мағыналары да күрделі түсініктермен беріле бастады, тіл мәдениеті өнерге дейін көтерілді. “Өнер алды қызыл тіл” деді. Данышпандар өз ойларын көркемдей түсті, біздің ойымызды поэзиямызға жақындата бастады.