ҰБТ тапсырмай тұрып, грантқа түсудің жолы қандай?
ҰБТ тапсырмай тұрып, грантқа түсудің жолы қандай?
Қай уақытта да білім саласы басты назарда. Себебі кез келген мемлекеттің болашағының жарқын болуы – білімді жастардың қолында. Жыл сайын мектеп бітірген әр жас түлек жоғары балл мен мемлекеттік білім грантынан үмітті. Алайда, көп оқушылар ҰБТ тапсырмай тұрып, грант жеңіп алу мүмкіндігі туралы біле бермейді.
Еліміздің үздік жоғары оқу орындарында тегін білім алудың бірнеше жолы бар. Алғашқысы олимпиадаға қатысып, университеттің ішкі грантын жеңіп алу. Әр жыл сайын Халықаралық Ақпараттық Технологиялар университеті “IT nation”, Халықаралық бизнес университеті “Unicon” және “BizZone”, Қазақ-Америка университеті “American education challenge”, Сүлеймен Демирел университеті “SPT”, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті “Al-Farabi” атты пәндік олимпиадалары ЖОО-ның білім беру бағыты бойынша өткізіліп, ішкі грант ойнатылады. Болашақ түлектер қатысып, бақтарын сынап, 100%, 50%, 25%-дық жеңілдіктер ұтуға мүмкіндіктері жоғары.
“Олимпиадалар туралы мүлдем білмейтінмін. Қазан айында Халықаралық бизнес университетінің грант ойнататындығы туралы “Instagram” әлеуметтік желісінен көріп, бағымды сынадым. Қазақстанның түкпір-түкпірінен кіл мықтылар жиналып, сынға түстік. 6 кезеңнен сүрінбей, гранд-финалға жолдама алдым. Нәтижесінде, 4 жылға 100% жеңілдік ұтып, қазір білім алудамын.” – деп UIB университетінің 1-курс студенті Динара Болатова өз тәжірибесімен бөлісті.
Айта кететін жайт, жеңілдіктерді қолдану үшін ҰБТ-дан шектік балл жинау міндетті. Олимпиада ақпараттары мен шарттарын университеттердің бас парақшасынан көрсеңіздер болады.
Кезекті бір жолы – халықаралық ғылыми жобалардың жүлдегері болу. Биылғы жылдан бастап ғылыми жобалар конкурстарының жүлдегерлері ҰБТ-дан босатылады. Ғылым мен техника бойынша халықаралық “ISEF Regeneron” конкурсы, “INFOMATRIX-ASIA” халықаралық олимпиадасы, “Google Science Fair” ғылыми жобасы, “First Robotics” робототехника бойынша халықаралық біріншілігі ұйымдастырылады.
Мүмкіндіктерді жібермей, арманыңыздағы оқу орнына грантқа түсіңіз.