Бала тәрбиесі – жауапты іс
Бала тәрбиесі – жауапты іс
Абдуалиева Гүлнұр Бауыржанқызы
Ел боламын десең, бесігіңді түзе
Мұхтар Әуезов
Бала тәрбиесі ешқашан салғырт қарауды көтермейтін, аса бір күрделі де маңызды іс. Адамды адамдық қалыпқа келтіретін де – тәрбие жұмысы. Балаға жас кезінде әсер ететін құбылыстар әр түрлі болғанмен оларды тәрбиелеуші – отбасы және мектеп.
Ұрпақ тәрбиелі болса, сол ұлттың болашағы да жарқын болмақ. «Баланы жастан» деп халқымыз бала тәрбиесін,туғаннан бастау керектігін айтып кеткен. «Отан – отбасынан басталады» деп те айтамыз. Отбасы ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды қалыптастыратын мектеп десекте болады.
Баланың нағыз азамат болуына ықпалды ортасының бірі – отбасы. Өз халқын, Отанын сүйетін нағыз азамат тәрбиелеуде ата-ана ерекше рөл атқарады. Ұрпақтан – ұрпаққа ауысып отыратын ізгілік, адамгершілік,үлкенді құрметтеу, ұяңдық сияқты халқымыздың асыл қасиеттері ерте заманнан бері атаның қанымен, ананың сүтімен бойымызға сіңіп келеді.
Қандай ұлт болмасын бала тәрбиесін елеусіз қалдырмаған. Мысалы, жапондар бала тәрбиесіне аса мән беретін ұлттың бірі. Олар «балаңды бес жасқа дейiн патшаңдай күт, он бес жасқа дейiн құлыңдай жұмса, ал он бестен кейiн досыңдай сырлас» деген тәрбие негізін берік ұстанатын халық. Олар бала тәрбиесін «ұл, қыз» деп бөлмейді. Жапон халқының бала тәрбиесіндегі ең үлкен жетістігі – баланы 5 – 6 жастан бастап жауапкершілікке үйретіп, тәртіпке бағынуға бағыттайды. Сол себепті де, жапондықтардың баласы он бесінде оң-солын ажыратқан, тәртіпті, жауапкершілікті ала алатын тұлға деуге болады. Қазақта да «Он үште отау иесі» деп, ер балаға он үшке дейін жауапкершілікке баулитынын білеміз. Осы жауапкершілікке баулуды бүлдіршін кезінен қалыптастырсақ, еліне қызмет ететін, оңы мен солын ажырата алатын тұлға тәрбиелеріміз анық.