Тәуелсіз елдің ұрпағымын!
Тәуелсіз елдің ұрпағымын!
«Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі- қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресінде,азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр» – деп елбасымыз айтқандай ата-бабаларымыздың атқа қонып, аңсаған арманына қол жеткізгеніне 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік көңілімізге көңілді көктемдей жылу сыйлады, ерекше күш- қуат дарытып, өмірімізді гүлдендірді. Аз уақытта әлемдік сахнада бойын тіктеп, жанданып, көркейген, егемендік бесігінде тербелген, көк туы көкте желбіреген тәуелсіз елдің ұрпағы болғаныма қуаныштымын!
Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев: «Тәуелсіздігіміз, егемендігіміз, осы тарихты таңдауға тікелей байланысты: өткенді білмей,болашақты анықтау мүмкін емес» – деген болатын. Қаншама нәубат жылдар, ашаршылық,41 – дің сұм жылы, репрессия, 86- ның азаттығы, сықырлаған сары аязда Қайрат пен Лязаттың елім деп еміренген азаматтардың төккен тері. Ал, бүгін территориясы әлемде жер көлемі жағынан 9 орында болған, өз Ата- Заңы, мемлекеттік рәміздері, жалынды жастары бар тәуелсіз Қазақстанға әлем елдері қызыға,қызғана , сүйсіне таңдануда. Елорданың төріне Астана салып,экономикалық,мәдени, рухани жағынан кемелденіп келген тәуелсіз елдің ұрпағымын! Алтай мен Алатаудың, Еділ мен Ертістің, Арқа мен Атыраудың арасын қоныс қылып,жеріміздің асты мен үсті пайдалы қазбаға толып, құтты, қайырлы қоныс еттік.
Өз өлеңімде: «Тәуелсіздік асқақ менің айбыным,
Қанатымды кең жаятын күн бүгін!» ,-деп егемендік шабыт беріп, ақын жүрегімді толқытқан еді. Өр еліміздің өршіл тұсы: қайтпас қайсарлық,тектілік,сөнбес рух- міне тәуелсіздіктің тірегі.
Қазақ ешкімге соқтықпай,жәй жатқан ел, дос болғанға- құшақ ашар туыс, қас болғанға – қиып түсер қылыш болған – қазақ ханы Абылайдың аталы сөзіндей асқақ елміз.Ел болып қалыптасу тарихымызда, елдігіміз бен егеменділігімізді сақтау жолында өмірлерін сарп еткен ұлы тұлғаларды ардақтайтын,тәуелсіз елдің ұрпағымын! Біз жалынды жастар, тәуелсіз Қазақстанның болашағымыз. Сұлу да әсем,жұпар ауасы бар, баға жетпес байлығымыз болған еркіндікті мәңгілік және баянды ету біздің мақсатымыз әрі перзенттік парызымыз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз мәңгілік болсын!