Білімдіден шыққан сөз. Абай Құнанбайұлы

Білімдіден шыққан сөз

 

Білімдіден шыққан сөз

Талаптыға болсын кез.

Нұрын, сырын көруге

Көкрегінде болсын көз.

Жүрегі — айна, көңігі — ояу,

Сөз тыңдамас ол баяу.

Өз өнері тұр таяу,

Ұқпасын ба сөзді тез?

Әблет басқан елерме,

Сөзге жуық келер ме?

Түзу сөзге сенер ме

Түзелмесін білген ез?

«Айтшы-айтшылап» жалынар,

Ұққыш жансып шабынар.

Ұқпай жатып жалығар,

Ұйқылы-ояу бойкүйез.

Жас баладай жеңсік қой,

Байлаулы емес ақыл, ой,

Ойлағаны — айт пен той,

Ыржаң — қылжаң ит мінез.

Сұлу қыз бен я батыр

Болмаған соң, тәңрі алғыр,

Шығып кетер, я қалғыр,

Оған ақыл — арам без.

Жақсыға айтсаң, жаны еріп,

Ұғар көңіл шын беріп,

Дертті ішіне ем көріп,

Неге алтынды десін жез.

«Ой, тәңір — айшыл» кер есек,

Қулық, сұмдық не өсек.

Болмаған соң, бір есеп —

Мейілі қамқа, мейілі бөз.

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *