Қозғалыс белсенділігі процесінде мектепке дейінгі жастағы балалардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру.
Тақырыбы:Қозғалыс белсенділігі процесінде мектепке дейінгі жастағы балалардың танымдық қызығушылығын қалыптастыру.
Бекжанова Айгуль Кайрулдиновна,жоғары дәрежелі,I-санатты тәрбиеші,Шығыс Қазақстан Облысы білім басқармасы Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің «№100 балабақша-бөбекжайы» КМҚК
Мектепке дейінгі тәрбие – ол бүгінгі заман талабына сай, жан-жақты жетілген бойында адамгершілік қасиеті дарыған азаматты тәрбиелеп өсіру. Бүгінгі қоғам мүддесіне лайықты жан-жақты жетілген, бойында адамгершілік сезім қалыптасқан, тәрбиелі азамат өсіру – балабақшаның қасиетті борышы екені баршамызға мәлім.
Жас ұрпақтың бойында ұлттық сананы тәрбиелеуді ұлттық психологияны қалыптастыруды мемлекеттік талап деңгейінде жүргізу ісінде тәрбие негізі саналатын – балабақшаның маңызы зор. Сондықтан тәрбие үрдісінде баланың танымдық белсенділігін арттыруға, қоршаған өмірге қызығушылығын, дүниетанымын, қалыптастыруға, құрбылардың бір-бірімен және үлкендермен қарым-қатынас қалыптастырып, дамытуға көп көңіл бөлінуі тиіс.
«Тәй-тәй» бағдарламасының мазмұны бойынша орталықтарда бала бірлесіп жұмыс істеуге, ұйымшылдыққа және бір-бірінен үйренуге көмектеседі, жас және жеке ерекшелігіне сай дамуына мүмкіндік алады. Өз білімдерін іс-жүзінде пайдалануға, өз ойларын еркін айтып, қортынды жасауға үйренеді. Шешім қабылдап, әртүрлі жолдармен, тәсілдермен оқып үйренуге жағдай жасайды.
Қазіргі таңда Сорос бағдарламасының технологиясымен жұмыс істеп жатқан кезде, оның аты айтып тұрғандай-ақ сабақтар ойын орталықтары арқылы өтеді. Мұнда балалар тек ойын орталықтарымен шектеліп қалады деген сөз емес, ертеңгілік жиында, не болмаса сабақ соңында ойын түрлері міндетті түрде қолданылады. Тіпті балалардың қызығушылығына қарай олар сабақтан кейін де сол орталықтарда ойынын жалғастыра береді. Күні бойы балалар жабдықталған ойын орталықтарында ойын алаңы ретінде ойнай алады. Өмірдегі түсінігі, еліктеуі, бақылауы осы ойын үстінде көрініс табады.
Бағдарламаға сәйкес осы белсенділік орталықтарында тәрбиеші қандай рөл атқарады,атқару керек?
Балалардың жеке ерекшеліктерін ескере ортырып, іс-әрекеттерін жоспарлауға, ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Балалардың қалай жетіліп дамуын толық зерттеп, ойын үрдісі арқылы белсенділік орталықтарында балалардың іс-әрекетін бақылауға толық мүмкіндік бар.
Дамуына байланысты балаларды қастерлеп, олардың идеяларын жоғары бағалауға үйретеді, яғни, тәрбиеші – ұйымдастыру, тәрбиеші-бақылаушы, тәрбиеші-зерттеуші қызметін атқаруға мүмкіндік береді.
Мектеп жасына дейінгі балалардың таңдауына жағдай туғызу үшін топтарда әдебиет – кітап, ғылым, өнер, құрылыс, қол ойындары – үстел үсті, желілі-рөлді ойын делінген белсенділік орталықтары құрылды. Балалар қызығушылығына байланысты 4-5 баладан орталықтарда тақырыптық ойын сабағын жүргізіледі.
Сондай-ақ, тәрбиеші белсенділік орталықтарын ұйымдастырғанда топ жабдықтарының түстерінің әртүрлілігіне; орталық құралдармен жабдықтарды үнемі ауыстырылып отыруына; ер балаға қарағанда мен қыз баланың жабдықтарының көбірек болуына; шығармашылық міндетке байланысты заттық орталық көп функционалды болуына; баланың жас ерекшелігіне байланысты ойын материалдар-ды есепсіз жинауға; балалардың қызығушылықтарын арттыруға; ойын түрлерін түрлендіріп, күрделендіруге; баланың ойын кезінде алған тәжірибесін қолдана білуге назар аударуы керек.
Топтарда белсенділік орталықтарын ұйымдастырғанда мынандай бөлімдерді ұстанған жөн:
Орталықтарға атау беріп, анық көрсетіп, белгілеу. Орталықтар барлық топтарда ұйымдастырылып, бала түсінігіне сай болу. Орталықтарда жұмыс істеу ережелері балаларға түсіндірілуі қажет.
Орталықтар барлық қажетті заттармен жабдықталуы қажет. Заттар үнемі бала қолы жететін жерде тұруы қажет. Балалар әр заттың тұратын орнын білуі және де басқа балалар тез тауып алатындай орналастырылуы қажет.
Оқу іс-әрекеті тақырыбына сәйкес әртүрлі орталықтарда өтуі тиіс. Бұл баланың ізденіс-тәжірибелік шығармашылықтарын дамытады. Орталық баланың деңгейіне, қабілетіне қарай ұйымдастырылуы тиіс.
Бағалау тәсілі. Балалар өз жұмыстарының қалай бағаланатыны жөнінде және өз істеген жұмыстарының қоятын орнын білуі қажет. Өз жұмыстарының сапасын бағалау үшін, балаларға үлгі беру керек. Сонда ғана өз және құрбысының жұмысына баға бере алады.
Балалар әдемі, көзге тартымды орталықтарда көп жұмыс істегісі келеді. Сондықтанда орталықтарды эстетикалық талапқа сай, әдемі, тартымды етіп ұймыдастырған жөн.
Орталықтарда «отырып істейтін» және «қиындық» көретін жұмыстар болмауы керек. Бала орталықтарда не мақсатпен және қандай іс арқылы нәтижеге жететіні туралы білуі керек.
Осы аталған белсенділік орталықтарына жеке тоқталып кетсек:
Кітап бұрышы бала өміріндегі ең басты рөл атқарады. Ол бала өміріндегі көркемдік қана емес, сонымен қатар, танымдық және жалпы мәдениеттілік болып саналады. Тәрбиеші баланың сүйікті ертегісіне деген қызығушылығын анықтау керек. Баланың жасына сәйкес ертегіні тандап алу қажет. Кітаптар бұрышы жиі жаңарып тұруы тиіс. Ондағы ертегілер жинағы, энциклопедиялар, т.б. кітаптар бала бойында ұқыптылықты, кітапқұмарлықты тәрбиелей отырып, шығармашылққа қызығушылықтарын оятады.
Кітап бұрышында иллюстрациялы альбомдар, оқуға арналған ертегілер мен өлеңдер жинағы, балалар мен жануарлар туралы әңгімелер жинақталады, тәрбиеші бұлардан тақырыпқа сай көркем шығарманы таңдап алады.
Театр бұрышы. Балалар балабақшаның алғашқы күнінен бастап әдеби шығармамен танысады, келесі сабақтарда иллюстрацияларды бейнелеп, шығармаға қарапайым декорациялар әзірлейді, кейіпкерлерге бетперде дайындап, шығарманы рөлге бөліп ойнайды, шағын қойылым қояды. Қойылымға балалардың барлығы қатысқаны дұрыс. Шығармадағы кейіпкерлердің саны аз болса, қосымша бейнелер ертегі айтушы, хабарлап тұратын жүргуші, көркемдеуші рөлдері кіргізіледі. Қойылымға тақырыпқа байланысты әуен мен шулы әсер қолдануға, концерттік нөмірлер, тақпақ, мақал-мәтел, жұмбақ енгізуге болады.
Театр бұрышын толықтырғанда тәрбиеші ойын-қойылымдарына қажетті барлық заттарды жинастырып, толықтырады: бас киімдер, орамалдар, қолшатырлар, сөмкелер, сағат, зергерлік бұйымдар, костюмдер және желілі-рөлді ойынға керекті бұйымдар. Барлық крстюмдер, атрибуттар бала таңдап алатындай ыңғайлы, бойы жететін жерде болуы керек.
Үстел үсті ойындары бұрышындағы құрал-жабдықтар өзіне көп қажеттілікті талап етпейді. Осы ортадағы құралдар бала қолының ұсақ моторикасын, көз бен қолдың үйлесімді жұмыс жасауын дамытуға бағытталған. Бұл шығармашылық түріне арнайы ойын материалдары бар (кесілген суреттер, қалташалар, пазылдар, кубиктар). Сонымен қатар, құрал-жабдықтарды баланың жас ерекшелігіне және қызығушылығына қарай өзгертіп, үнемі жаңалап тұрмаса дамыту сипатын жоғалтады.
Өнер бұрышы арнайы қол еңбегіне және бейнелеу өнеріне арналған құралдармен жабдықталады. Тәрбиеші бейнелеу орталықтарында балаға әртүрлі материалдарды пайдалана отыра, сурет салудың әдіс-тәсілдерін қолдануына мүмкіншілік береді. Барлық құралдар күнделікті қолданылатындықтан, ыңғайлы, қол жетерліктей орында тұрған жөн. Осы аймақта үстелдерді балалар өздері жылжыта алатындай қойған жөн. Әр баланың мүмкіншілігі зор, тек оны дәл уақытында шығармашылққа баули білу қажет. Балалар қиялдай біледі. Олардың қиялын байыту үшін өнер орталығындағы әр түрлі құралдар көмекке келеді. Өнер орталығы баланы еркін әрекетке, өзінің шығармашылық ойын іске асыруға бағыттайды.
Ғылым орталығында тәрбиеші балаға ізденіс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Әртүрлі заттармен толықтырады. Әртүрлі материалмен ғылыми жұмыстарын орындауға мүмкіндік беріледі. Ғылым бұрышының алатын орны ерекше. Өйткені зерттеу, тәжірибе өткізу негізгі іс-әрекеттің бірі болып табылады. Ғылым бұрышындағы құралдар жеке түрде тұруы немесе топты безендіруде қолданылуы мүмкін.
Белсенділік орталықтарындағы ойындар сонымен бірге оқу үстіндегі оқытумен тығыз байланысты. Ойын ешқашан өзінің қызығушылығын жоғалтпайды, тек оның сипаты өзгереді. Ойындар мазмұнына қарай, өзіне тән ерекшелігіне қарай сюжетті-рольді, дидактикалық ойын, қимылды ойын, құрылыс ойындары болып бөлінеді.
Сюжетті-рольді ойындар мектепке дейінгі балалар өмірінде елеулі орын алады. Сюжетті-рольді ойындардың ерекшелігі сол, ойынды балаларды өздері жасайды. Ойынның дербес әрекеті айқын өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады. Ойын барысы ұзақ та, қысқа да болады. Сюжетті-рольдік ойын өзінің сипаты жағынан көбінесе еліктеу, шындықты көрсету болып табылады. Мысалы: «Дүкен» ойынын ойнағанда балалар сатушы мен сатып алушының әрекеттеріне, ал «Аурухана» болып ойнағанда дәрігер мен науқастың әрекеттеріне еліктейді. Бағдарлама бойынша басқа да іс-әрекеттерді қолдана отыра, тәрбиеші ойынды байыта алады. Ойын барысында тәрбиеші ойынға кірмей, сырттай бақылап, бағыт беріп отыруы керек.
Дидактикалық ойын кішкене балаларға мейлінше тән оқыту формасы болып табылады. Оның арғы тегі ойынды өдең мен қимылмен ұштастыру негізінде көп нәрсеге үйрететін ойындарды жасаған халық педагогикасында жатыр. Дидактикалық ойынның нәтижесі қандай жолмен болса да ұту емес. балалардың білімді иегру, ақыл-ой қызметін дамытуда, өзара қарым-қатынас жасауда жеткен жетістіктерінің көрсеткіші. дидактикалық ойындарда да балалардың алдына қандай да бір міндеттер қойылады, оларды шешу үшін назарды жұмылдыру, ерікті зейін қою, ой күшін жұмсау, ережені ой елегінен өткізе білу, қиыншылықтарды жою керек болады.Дидактикалық ойындар ойынның орталығы ойыншықтар мен ойын құралдары.
Қимылды ойындар балалардың жүгіру, секіру, өрмелеу, қағып алу, лақтыру қабілеттерін жетілдіруге, дамытуға мүмкіндік береді. Қимыл ойындары баланың жүйке-психикалық дамуына, жеке басының, денсаулығының қалыптасуына да үлкен әсер етеді. Қимыл ойынында ережелер ұйымдастырушы роль атқарады, олар ойынның барысын, жүйелілігін, ойнаушылардың қарым-қатынасын, Баланың мінез-құлқын анықтайды. қимыл ойындары бақша ішінде және серуен кезінде бірнеше баламен немесе бүкіл топпен өткізіледі. Олар сондай-ақ дене шынықтыру сабақтарының құрамына енеді.
Құрылыс ойындары – балалар әрекетінің бір түрі. Оның негізі мазмұны қоршаған өмірді алуан түрлі құрылыстарды және соларға байланысты іс-әрекеттерді бейнелеу болып табылады. Құрылыс ойыны бір жағынан сюжетті рольді ойынға ұқсас келеді және соның бір түрі деп қаралады. Олардың қайнар көзі біреу – қоршаған өмір. Балалар ойын үстінде көпірлер, театрлар т.б. ірі құрылыстар салады. Құрылыс ойындарында олар қоршаған заттардың, құрылыстардың көшірмесін жасап, құр бейнелеп қана қоймайды, сонымен бірге өздерінің шығармашылық ойын, жобалық міндеттердің өзіндік шешімін еңгізеді.
Қорыта келе айтарда, аталған ойындарды ойнатудың мақсаты – балаларды ой еңбегіне үйрету; өздігінен еңбектенуге дағдыларын жетілдіру; тұрмысқа қажетті бұйымдармен табиғи заттарды даралай, жинақтай білу, салыстыра, сипаттап әңгімелеу, сөйлемді дұрыс айту дағдыларын жетілдіру, сөздік қорын байыту. Сондықтан да тәрбиеші осы ойындарды сабақ мазмұнына, күн тәртібіне, өткізілетін оқу-тәрбие жұмысының мазмұнына қарай пайдалануы керек.Нәтижесінде мектепке дейінгі жастағы балалардың қозғалыс белсенділігі процесінде мектепке дейінгі жастағы балалардың танымдық қызығушылығы толығымен қалыптасады деген ойдамын.