Оқушылардың білім сапасын арттыру – заман талабы
Бүгінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы Қазақстанның білім жүйесі мен азаматтарының білім дәрежесіне байланысты. Осы орайда елімізді әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына енгізуде білім беру ісі басты құрал болып табылады.
Отандық білім жүйесін халықаралық білім кеңістігінде еңбек нарығы бәсекелестігін қамтамасыз ететін білім сапасының дәрежесіне жеткізу басты міндет. Оқушының білім сапасыоның осы саладағы мемлекеттік нормативті-құқықтық актілерге негізделген. Біздің қарастыратынымыз оқушының білім сапасы, яғни орта, негізгі, бастауыш білім беру мазмұны бойынша игерген жетістігін бағалаумен анықталады. Яғни, күнделікті, тақырыптық, тоқсандық, жартыжылдық, жылдық, қорытындының нәтижесімен өлшенеді.
Мектеп оқушысының бағдарламаға сай білім алуы көптеген жағдайлардың шешілуімен байланысты болады. Мысалы, оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету мектептің түріне де тәуелді. Мәселен, мысалы, бізде жалпы білім беру болса, кейбір мектептер статусы мектеп-лицей немесе мектеп-гимназия болып келеді. Мектеп оқу жоспарының қай нұсқасын таңдайтыны да маңызды. Мысалы, бізде жаратылыстану-математикалық бағытта оқытылады. Білім беру саласындағы сапалы білім беру мотивациясының бірі – мұғалімнің имиджі мен мәртебесінің көтерілуі.
Қазіргі заманғы білім беру жүйесі, оқытудың инновациялық нысандары мен әдістерін енгізу педагог кызметкерлердің тұлғасына және кәсіби құзыреттілігіне жоғары талаптар қоюда. Мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін арттыру үшін оларды қайта даярлаудың жаңа жүйесі жасалды. Мұғалімнің мәртебесі туралы заң қабылданды. Оқушылардың білім сапасын жақсарту отбасының іс-әрекетіне де тікелей байланысты. Көп оқушылар үйде сабақ оқуға қажетті құрал-жабдықтармен толық жабдықталмаған. Құқық қорғау орындарының таратқан статистикалық мәліметіне жүгінсек, бүгінгі таңда кәмелеттік жасқа толмағандар арасында есірткіге, спирттік ішімдікке құмарлардың қатарының көз ілеспес жылдамдықпен кәбейіп бара жатқандығын айтып, дабыл қағып отыр. Бірақ, біздің мектепте мұндай нәрселерге жол берілмейді. Осылардың бәрін ескере келе мектептегі білім сапасын көтеру үшін жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек.
Білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімге, оның білім дәрежесі мен іздену шеберлігіне байланысты екені даусыз. Сапаны көтерудегі ең өзекті мәселелердің бірі – мұғалімдерді даярлау және кәсіби шыңдау мәселесі болып отыр. Жаңа заман мұғалімі «дайын» білім көзі ғана болмай, оқушылардың танымдық іс-әрекетінің ұйымдастырушысы және үйлестіруші бола білуі, білімнің құндылық ретіндегі сипатына терең мән беруі, нәтижеге бағытталған білім беруде жаңа жолдар мен әдістер табуға дағдыланған маман болуы қажет.
Ізденімпаз мұғалімнің шығармашылығындағы ерекше тұс – оның сабақты түрлендіріп, тұлғаның жүрегіне жол таба білуі. Ол өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам болуы керек. Қоғамдағы жаңа формация мұғалімі – педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, шығармашыл тұлға. Ол табысы, біліктері арқылы қалыптасып, дамиды. Нарық жағдайындағы мұғалімге қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби және әдістемелік жұмыстағы шеберлігіне байланысты.
Мектебімізде мұғалімдердің біліктілікті арттыру курстарында жүйелі түрде оқытылуы, олардың семинарларға, ғылыми-теориялық және әдістемелік конференцияларға, педагогикалық оқуларға қатысуы, өз бетінше білімін жетілдіруі, шығармашылық есептер жасауы, озат тәжірибелерін таратуы педагогтардың кәсіби шеберлігін айтарлықтай көтеруге жағдай жасайды, бұл негізінен оқушыларды оқыту сапасына әсерін тигізеді.
Сапалы білім беру дегеніміз – оқушының бойындағы бар қабілетін кемеліне келтіріп жетілдіру болып табылады. Оқушыларды танымдық тапсырмаларды орындау мүмкіндіктеріне қарай топтарға бөліп, сәйкес жұмыс түрлерін таңдап, жүйелі жұмыс жүргізудің маңызы зор; қызығушылық іс-әрекетте дәстүрлі емес әдіс-тәсілдер пайдалану интеллектуалдық қабілеттерін дамытып, оқу-танымдық және ғылыми ізденістер жасауға талаптандырады. Сапалы білімді қамтамасыз етуде қазіргі қолданылып жатқан әдіс-амалдар өте мол, оқушылардың қызығушылығын арттыруда жаңа педогогикалық технологиялардың маңызы да артуда, тек әр ұстаз өз оқушыларына ыңғайлысын қолдана білу керек. Оқушының ойлау қабілетін дамыту үшін өздігінен жұмыс жасауға баулу, өз ойын тұжырымдауға дағдыландыру, оқушы белсенділігін арттыру барысында проблемалық сұрақтарды пайдалану, проблемалық ситуациялар туғызу. Сыни тұрғыдан ойлау оқушылардың көбінесе өз пікірін айтуға, дұрыс шешімдерді қабылдауға, мәтінді есепке ала отырып, бақылау мен тыңдау арқылы дәлелдер жинастыру және іс-әрекеттеріне тиімді әдіс-тәсілдер арқылы шешім қабылдай білуге үйрету және дағдыландыру дегенді білдіреді. Біздің мектепте осы мәселелерге көп көңіл бөлінуде.
Балалардың қабілеттерін ашып, біліктілігін, мүмкіндіктерін көрсетуге жағдай туғызу мұғаліммен қоса ата-ананың да міндеттері болып табылады. Мұндай талантты балаларды түрлі сайыстарға, пәндік олимпиадаларға, ғылыми конференцияларға қатыстырып өздерінің қабілеттерін шыңдату керек.
Оқытудың интерактивті әдістерін қолдану, мультимедиялық кабинеттерді көбірек пайдалану білім беру үдерісінде өзінің нәтижелерін көрсетіп отыр. Ақпараттық-коммуникациялық технологияны дамыту білім берудің бір бөлігі. Соңғы жылдары заман ағымына сай күнделікті сабаққа компьютер, электрондық оқулық, интерактивті тақта қолдану жақсы нәтиже беруде. Ағарту саласында еңбек етіп жүрген әр ұстаз оқушыға жүйелі, сапалы білім беру үрдісінде бүгінгі заман талап етіп отырған ақпараттық- коммуникациялық технологиялардың мүмкіндіктерін игертуі қажет. Қазіргі заман талабына сай оқушылардың білім сапасын арттыруда білім беру жүйесінде электрондық байланыс, ақпарат алмасу, интернет, электрондық пошта, On-line конференция, On-line сабақтар арқылы іске асырылуда. Әсіресе, қашықтықтан оқыту жағдайында бұл мәселе ерекше маңызға ие болды.