Д.А.Қонаев өмірі мен қызметі (арнайы 110 жылдығына)
Ғасырдың біртуар азаматы, мемлекет қайраткері, тарихи тұлға Д.А. Қонаевтың өмірі мен қызметі, қазақ елі үшін атқарған қыруар жұмыстары халық жадында ұзақ уақыттар бойы сақтала бермек. Олай дейтініміз 1936 жылдан бастап бұрғылау станогының машинисі болып еңбек жолын бастаған қайраткер мастер, ауысымдық инженер, бұрғылау-жару цехының бастығы сынды қызыметттер атқара отырып, 1962-1964 жылдары – Қазақ КСР-і Министрлер кеңесінің төрағасы; 1964-1986 жылдары – Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы қызыметіне дейін көтерілді.
Д.А. Қонаев партия мен халық оған үлкен жаупкершілік артып, Қазақстан өндіргіш күштерін көтеріп, халықтың тұрмыс ахуалын жақсартуда орындаушылық пен соған сәйкес ұйымдастырушылық өтемді күтті. Бұндай міндеттерді шешу үшін партия мен халық, ол айтқандай, оған қажеттінің бәрін: билік, құқық, міндет берді. Сондықтан ол оған көрсетілген партия мен халықтың жоғары сенімін ақтау үшін саналы түрде, барша жауапкершілікпен және батыл түрде іс-әрекет етті. Атап өту керек, сол Д.А. Қонаев халық алдындағы перзенттік парызын құрмет және абыроймен орындап шықты. Бұған оның билігіндегі өнеркәсіп, ауылшаруашылық, құрылыс, транспорт пен байланыс, ғылым мен мәдениет, халыққа білім беру, денсаулық сақтау, сауда, халыққа тұрмыстық қызмет көрсетудегі әсер ететін нәтижелер дәлел бола алады.
Д.А. Қонаев ізгі парасат, үлкен ұйымдастырушылық, шексіз білімдарлық, биік таным, қарапайымдылық, адалдық, табандылық, адамдарды тану, адами қадір-қасиеттертерді өз бойына жинақтаған тұлға болды.
Сондай-ақ Д.А. Қонаев бүгінгі ұрпаққа рухани һәм материалдық мұра қалдырды. Ол – ауыл шаруашылығын басқаруға қатысты тәсілдердің ғылыми-теориялық тұжырымын, орасан материалдық және мәдени құндылықтар, оқу орындарын, өз тұсында партиялық шектеулерге қарамастан мәдени-тұрмыстық нысандар салды. Халық игілігі үшін республиканың экономикалық және мәдени әлеуетін одан әрі жан-жақты дамытып, жетілдіруге тырысты.
Д.А. Қонаев өте үлгілі отбасында тәрбиелене отырып, еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастады, екіншіден оның балалық шағы қазақ тарихының ең ауыр кезеңі, «үлкен террор» немесе саяси репрессиялар мен 1932-1933 жылдардағы аштық кезеңімен сәйкес келді. Осы уақытта өзінің алғырлығымен шыңдалған қайраткер, қазақ жұмысшылары енді меңгере бастаған бұрғылау станогының машинисті болды.
Бұдан кейінгі тұста өз мамандығының шебері болған Д.А. Қонаев алғыр білімі мен салмақты мінезі арқылы басшылық қызметке өсті. Бұл турасында профессор Бақтыбай Өтемісов: «Әр адамның бойынан көрнекті саяси қайраткерге, мемлекет басшысына, ғалымға тән зор адамгершілік, қарапайымдылық, мейірімділік сияқты керемет қасиеттердің үйлесім тауып жататыны таң қалдырады. Орталық Комитетте қызметте жүргенде Димаш Ахметұлының осы қасиеттеріне тәнті боған адамдар санаты да көп. Онда жұмыс істеу бәрімізден жауапкершілікті, іскерлікті, кәсібилікті талап етеді. Сол талап үдесінен шығуға тырысасың. Ал ол кісі адамды асықпай тыңдай білетін, істің жайына қанығатын, бір қызметкеріне дауыс көтергенін, қабағын түйгенін көрмеппін. Әрдайым күлімсіреп қарсы алады, ұяң мінезді адам. Бірнеше рет қол беріп амандасудың реті келгенде байқағаным, алақаны кең екен, құдды адамның арқасындай әсер қалдырды. Орталық Комитет ұжымының алдында Қонаев беделді, тәлімгер ұстаз қалпында қалды» деп ризашылықпен еске алады.
Д.А. Қонаев Ұлы Отан соғысы қарсаңында осы жігерлі мінезі арқылы тың еңбеккерлерін ұйымдастыру, шикізат өндірісінде мол табысқа жету ісін жүргізді. Әсіресе өнеркәсіп орындарының жүйелі жұмыс жасауын қадағалап отырды. Ал соғыстан кейінгі 1946-1950 жылдардағы 4-ші қайта қалпына келтіру бесжылдығы қарсаңында халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру, елімізге депортацияланып келген өзге ұлт өкілдеріне қамқорлық жасау, оларды бөліп-жармау қағидасын қатты ұстанды. Ал тың игеру жылдары аса салмақтылықпен оның жүргізілу барысын, орын алған қиындықтарын шешуге тырысты. 1959-1965 жылдардағы өнеркәсіп ісінің жандануы, тау-кен ісінің дамуына да ғалым ретінде аса көрегенділік танытты. Әрбір ашылған өндіріс орнының маңыздылығы, оның өндіретін өнімінің республика үшін қажеттілігін нақтылап отырды. Өз замандастары естеліктерінде атап өткендей әрбір құрлыс пен оның тиянақты салынуына ерекше көңіл бөлінді.
Қазақстан астанасы Алматы қаласының да көркеюіне ерекше назар аударып, «Медеу» мұз айдыны, «Қазақстан» қонақ үйі, «Алма Арасан» кешені және т.б. мәдени кешендердің тұғызылуына ерекше үлес қоса білді. Әр бір қаланың көркеюі де осы Д.А. Қонаев басқаруына тұстас келді және ол жұмыстарды атқару Одақ тарапынан бақыланып отырғандықтан, салмақты шешім қабылдауға тырысты.
Ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының орын алуы мен одан кейінгі қиындықтарды басынан өткерген тұлға оған да аса сабырлық танытып, артын күте білді. Саналы ғұмырын халқына арнаған Д.А. Қонаев тіпті өзінің зейнетақысының барлығын жетімдер қорына аударып отыруы оның нағыз азаматтығын көрсетті және осы істері арқылы ол халық жадынан ерекше орын алды.
1993 жылғы 25 тамыз жалпы қазазақ халқы үшін аса қайғылы, қаралы күн болды. Себебі 50-жылдай халқына адал қызмет етіп, оның территориясы, сәулеті, көп ұлтты тұрғыны, тіпті ғылымы үшін аса жанашылық таныта білген ірі тұлға еді.
ХХ ғасырдағы қазақ халқының ұлы басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев «Өткеннің арбасы алысқа бармайды» деген халық даналығына сүйеніп: «Рас ескірген, тозған дүние уақыттың құрбаны. Бірақ ескісіз жаңа болмайды, оның тәлімінсіз, сабағынсыз ертеңгі күннің ерекше қасиеті де танылмайды»- деп тұжырымдаған. Олай болса бүгінгі күн кешегі күннің шәкірті. Өткенді бағаламай болашақты болжауға болмайды.
Яғни, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қоғамдық-саяси қызметін парақтау арқылы: «Ұмытылмас ұлы тұлға!» деп әр Қазақстанның азаматы, зор сүйіспеншілікпен мақтаныш ете отырып, халқым деп қайысқан, елім деп еңіреген ердің бейнесін үлгі ретінде және Қазақстанның одан әрі қарыштап алға басуындағы ірі саяси тұлға екендігін танытуда әрдайм жадынан шығармауы тиіс. Оған тағы да бір мысал, 2022 жылы 3 мамыр күні еліміздің Президенті Қ.К. Тоқаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрлысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес Алматы облысының Қапшағай қаласын Қонаев қаласы қайта аталсын» деп Жарлық шығарды және осы күннен бастап елімізде Д.А. Қонаев есімімен қала аталды.
Біз бұдан елі мен жері үшін тер төккен және адал да шынайы істерімен есте қалған Д.А. Қонаев атамыздың тарих сахнасынан ойып орын алуының куәгері болып отырмыз. Бұл іс халық жады мен болашақ ұрпақ есінде мәңгі сақтала беретіндігінің айқын дәлелі деуге болады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Универститеті,”Тарих” факультетінің 4 курс студенті,Берікқызы Әсел.