«Саңырауқұлақ саясында» В. Сутеева ертегісі (үстелүсті театры)
Білім беру саласы: Қатынас
Ұйымдастырылған оқу қызметі:Көркем әдебиет
Тақырып: «Саңырауқұлақ саясында» В. Сутеева ертегісі (үстелүсті театры)
Мақсаты:Саңырауқұлақ ертегісін үстел үстінде сахналау арқылы кейіпкерлердің бейнесін, қимыл-қозғалысын, мінез-құлық ерекшелігін, іс-әрекетін ертегі мазмұнымен сәйкестендіре білуге үйрету, ұқыптылыққа, мейірімділікке, мәдениеттілікке тәрбиелеу
Әдістемелік құралда төмендегі шартты қысқартулар көрсетілген: Д/о – дидактикалық ойын ДМ – дамыту міндеттері ББМ – білім беру міндеттері ТМ – тәрбие міндеттері
Тапсырмалар
кейіпкердің бейнесіне енуде оның көңіл күйін көрсете алу, дауыс ырғағын, сөйлеу мәнерін келтіре білуге үйрету;
өзін-өзі көрсете білуде жеке шығармашылық және ұжымда жұмыс жасау қабілеттерін дамыту;
балаларды көрермен болғанда қойылымды тәртіппен көруге, құрдастарын сыйлай білуге тәрбиелеу
Үштілділік компонент:
құмырсқа – муравей – ant, көбелек – бабочка – butterfly, қоян – заяц – rabbit
Қойылымды көркемдеу:
үстелүсті театрына қажетті құмырсқа, көбелек, торғай, қоян, түлкі, бақа сияқты ертегі кейіпкерлері, саңырауқұлақ, орман бейнесі бейнеленген суреттер.
Алдын ала жұмыс:
ертегі мазмұнымен таныстыру, ертегі кейіпкерлерінің мінез-құлық ерекшеліктерімен таныстыру, ертегіні теледидардан тамашалау
I. ҰЙЫМДАСТЫРУ – ІЗДЕНІС КЕЗЕҢІ
Тәрбиеші: Балалар, қараңдаршы, менің қолымда не бар? Балалар: Бұл – жіп орамасы.
Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар. Бірақ бұл жай ғана жіп орамасы емес, ол сиқырлы, ол бізді ертегі әлеміне алып барады. Қане, бәріміз осы жіп орамасы қайда домаласа, соның ізінен жүрейік.
Балалар жіп орамасының артынан жүріп, ертегілер еліне келеді.
Тәрбиеші: Сендер ертегі еліне қонаққа келдіңдер. Ертегіде адамдар, жануарлар, құстар бір-бірімен сөйлесіп, тату-тәтті өмір сүреді. Ашу-ызаны сүйіспеншілік пен достық сиқыры жеңеді. Балалар сендер қандай жақсы ертегілерді білесіңдер? (балалардың жауабы) Тәрбиеші: Балалар, олай болса, біз бүгінгі ертегімізді еске түсірейік. Ол үшін алдымен келіңдер, саңырауқұлақ астына жайғасып отырыңдар. Ертегі кейіпкерлерін жұмбақ шешіп, табайық. Дұрыс шешуін тапсаңдар «Сиқырлы сандықшадан» ертегі кейіпкерлері шығады. Қатар-қатар қара нар,
Аспанменен барабар,
Алды биік, арты жар. (Құмырсқа)
Өзi кiлем түрiндей, Құдды қырдың гүлiндей. Гүлге қонса кетедi,
Айырмасы бiлiнбей. (Көбелек)
Үй iшiн аралап, Түнде жиі жортады.
Қаптарды батыл тескенмен, Мысықтардан қорқады. (Тышқан)
Сылдырдан да қорқады, Шошынып жортады. (Қоян)
Сайқымазақ қулығы бар, Барған жерде ұрлығы бар. Бұл қандай аң?
Ұғып ал. (Түлкi)
Таңдайлары тақылдап, Шулайтын кiм шалшықта. Бiрiн-бiрi мақұлдап? (Бақа)
Тәрбиеші: Балалар, жарайсыңдар, сендер қандай ақылдысыңдар! Барлық жұмбақтарды дұрыс шештіңдер. Балалар ертегі мазмұнын еске түсіріп, кейіпкерлерді бөліп, үстелүсті театрының көмегімен сахналап көрсетеді.
Қойылымды сахналау (негізгі бөлім)
Бірінші бала (автор): Күндердің күнінде орманда қатты жаңбыр жауады. Сол күні құмырсқа жаңбыр астында қалды.
Екінші бала (құмырсқа): Қайда тығылуға болады?
Бірінші бала (автор): Қараса, алқапта кіп-кішкентай саңырауқұлақ өсіп тұр екен. Жүгіріп барып саңырауқұлақтың әдемі қалпақшасының астына тығылды. Жауын сіркіреп жауып тұрды. Бір кезде қанаттары суланып, әрең ұшып көбелек келеді.
Үшінші бала (көбелек): Құмырсқа, құмырсқа! Үстім су болды, ұша алмаймын. Саңырауқұлақтың астына мен де тығылайыншы!
Екінші бала (құмырсқа): Мен сені қайда кіргіземін?! Өзім де әрең сиып тұрмын.
Үшінші бала (көбелек): Түк те етпейді, көңіліміз кең болса, жер тарлығы білінбейді емес пе?
Бірінші бала (автор): Құмырсқа көбелекті саңырауқұлақтың астына кіргізді. Жаңбыр тіпті қатты жауа бастады. Осы кезде саңырауқұлақтың қасына ентіге жүгіріп тышқан келеді. Төртінші бала (тышқан): Кіргізіңдерші мені! Үстімнен су сорғалап ағып тұр!
Бірінші бала (автор): Тышқан жалынып сұрайды.
Үшінші бала (көбелек): Сені қайда кіргіземіз? Көрмейсің бе, өзімізге де орын жетпей тұр! Төртінші бала (тышқан): Сығылысып көрейікші!
Бірінші бала (автор): Үшеуі сығылысып, саңырауқұлақтың астын паналайды. Жаңбыр болса тоқтар емес, шелектеп құйып тұр. Саңырауқұлақтың қасына секіріп торғай келеді.
Бесінші бала (торғай): Қауырсындарым су болды, қанаттарым шаршады!
Жаңбыр біткенше саңырауқұлақтың астына кіруге бола ма? Демалып, қанаттарымды, үстімді кептіріп алайыншы!
Бірінші бала (автор): Жылап жіберді кішкентай Торғай. Төртінші бала (тышқан): Орын жоқ қой, сені қайда кіргіземіз? Бесінші бала (торғай): Өтінемін, жылжып көріңдерші!
Үшінші бала (көбелек): Жарайды, кіре ғой!
Бірінші бала (автор): Құмырсқа, көбелек, тышқан жылжып, саңырауқұлақтың астына торғайды да кіргізді. Алқапқа осы арада ырғып шыққан қоян саңырауқұлақты көріп айқай салды.
Алтыншы бала (қоян): Құтқарыңдар! Менің артымнан түлкі қуып келе жатыр, қай тесікке тығыламын, қай жерге жасырынамын? Көмектесіңдер!
Екінші бала (құмырсқа): Тағы қысылысып көрейікші, қоянның түрі сондай аянышты! Бірінші бала (автор): Қоян да тығылып үлгерді, дәл сол кезде түлкі жүгіріп келді. Жетінші бала (түлкі): Қоянды көрдіңдер ме?
Барлығы бірге: Жоқ, көрмеді
Бірінші бала (автор): Түлкі саңырауқұлаққа жақындап, тұмсығымен түрткілеп иіскей бастады.
Жетінші бала (түлкі): Осы жерде қоян тығылып тұрған жоқ па?
Барлығы бірге: Ол бұл жерде қалай тығылады, өзіміз сығылысып зорға сыйдық!
Бірінші бала (автор): Түлкі сары құйрығымен әрі-бері бұлаңдатып кетіп қалды. Жаңбыр осы кезде тоқтап, күннің көзі жарқырай ашылды.
Саңырауқұлақтың астындағылардың бәрі қуана-қуана алқапқа жүгіре шықты.
Екінші бала (құмырсқа): Бұл қалай болды? Алғашында саңырауқұлақтың асты менің өзіме тар еді, ал енді бесеумізге де орын табылып, кішкентай жерге сыйып кеттік!
Сегізінші бала (бақа): Бақ-бақ!
Бірінші бала (автор): Бақылдаған бақаның дауысы естілді. Бәрі қараса, саңырауқұлақ үстінде бақа күліп отыр.
Сегізінші бала (бақа): Әй, сендер! Саңырауқұлақтың…
Бірінші бала (автор): Сөзін аяқтамастан ол секіріп кете барды. Бәрі саңырауқұлаққа қарап ойланып қалды. Басында біреуінің өзі әрең сыйып, келе-келе бірнешеуіне пана болған саңырауқұлақтың сырын ұға алмай бәрі аң-таң болып қалды.
Тәрбиеші балалардың қойылымды сахналауына баға беріп, өз ойын айтып, балалардың ой пікірлерін сұрап шығады.
- II. ҚОРЫТЫНДЫ-РЕФЛЕКСИВТІ КЕЗЕҢ
Тәрбиеші:
– Балалар, сендер қалай ойлайсыңдар, саңырауқұлақтың қандай сиқыры бар?
– Неге басында саңырауқұлақ астына құмырсқаның өзіне тар көрініп, кейін бәрі сыйып кетті?
Балалар: Саңырауқұлақ жаңбыр астында өсіп, үлкейіп кетті.
Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар. Жаңбыр қатты жауып, саңырауқұлақ үлкен болып өсіп, барлық орман жануарларына орын жетті.
– Ал сендер ертегі кейіпкерлерін естеріңе сақтадыңдар ма?
– Саңырауқұлақ астына тығылған жануарларды кезекпен атаңдаршы?
– Саңырауқұлақ астына тығылған жануарлардың дауыстарын салыңдаршы? (Балалардың жауаптары тыңдалады).
Балалар, олай болса сендердің жақсы көрермен болғандарың үшін «Көңілді ай» сыйлаймын, ал, рөлдерде ойнағандарға «Жұлдызша» беремін.
Күтілетін нәтижелер:
Жасайды: кейіпкердің бейнесіне енуде оның көңіл күйін, дауыс ырғағын, сөйлеу мәнерін бейнелей алады;
Түсінеді: өзін-өзі көрсете білуде жеке шығармашылықпен және ұжымда жұмыс жасай алады;
Қолданады: қойылымды тәртіппен көреді, құрдастарын сыйлай білугедағдыланады.