ЭССЕ Ұстаз- ұлағатты ұғым!

«Ұстаз – ұлағатты ұғым»

Ұстаз…Осы бір сөзді естігенде көз алдымызға әр адамның жүрегіне ерекше жылулық сыйлайтын,санасына білім дәнін себетін аяулы тұлға бейнесі келеді.Ұстаз алдын көрген әр шәкірт үшін алғаш әріп танытқан мұғалімінің бейнесі жүрегінің төрінен ойып орын алып,қашан да ыстық болары сөзсіз.Ұстаз-алғаш мектеп табалдырығын аттап,тарыдай боп келген шәкіртінің қолына қалам ұстатып,әріп танытып,білім әлемінің есігін айқара ашып, шәкіртінің алғашқы қадамын қолынан жетелей жүріп,бірге жасайды.Әлі еш нәрседен хабары жоқ жас шәкіртінен білімді әрі тәрбиелі тұлға дайындау жолында ұстаз еңбегі өлшеусіз.Ғалым да,шахтер де бас иетін ұлы мамандық иесіне құрмет те ерекше,бәрінен биік.

Ұстаз-шәкірт бағбаны. Жас тал шыбықтай болған біздердің қыңыр,қисық болып өспей,дұрыс бағытта өсіп-жетілуіміз үшін бар күш-жігерін салып,алтыннан да қымбат бағалы уақытын біздерге арнайды.Біздің қабілеттерімізді аша біліп,әрқайсымыздың жан дүниемізге үңіліп, білімге деген құштарлығымызды оятады.Әр сабағына кірген сайын ізденімпаздығымен,жан-жақтылығымен біздерді таң қалдырып,бар зейінімізді қызықты сабағына аударады.Біздің бойымызға ұлттық тәрбиені сіңіре отырып,жүрегімізде туған жерімізге,елімізге деген патриоттық сезімнің отын жағады.

Менің ойымша, қазіргі ғасырдың ұстазының мақсаты:  білім беру үрдісіндегі шетелден келген жаңашыл педагогикалық инновацияларды қазақы ұрпаққа Алаш зиялыларының ұстанымымен, ұлттық сипаттағы реңкін жоғалтпай, шетелдік инновацияларды ұлттық танымға, аксиологиялық негізбен астастыру деп ойлаймын.

Біріншіден,педагогикалық еңбектердегі «ұлттық танымның» көрініс табуына тоқталайық. Ұлттық таным – ұлттың айрықша белгілерінен туындайтын эстетикалық құндылық екенін ескеретін болсақ, оқушыға берілер білімнің тіні, мәйегі «ұлттық таным» өзегі болмақ керек.

Менің ойымша, нағыз ҰСТАЗДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ШЕБЕРЛІГІ мықты болуы керек. Ол қалай?

Біріншіден, әлемдік өркениеттегі қуаты зор мемлекет – Жапонияны алайық. 2019 жылғы көрсеткіш бойынша (ЖІӨ): 5.749 трлн долларды құраған екен. Бұл көрсеткішпен әлемде  4-орын алады. Бұл ғана емес, әлемдегі ең ірі компаниялар: Toyoto, Canon, Honda, Sony, Tepco сынды алпауыттардың сол елдің экономикалық үлесіндегі компаниялар екенібаршаға мәлім. Бұл жапондықтардың экономикасын айғақтайтын бірер ғана мысал. Жапон әдебиетін алайық. Әлемдік әдебиеттегі атақты жазушылар, Нобель сыйлығының лауреаттары дәл осы мемлекеттен шыққан. Мысалы: Акутагава, Кавабата, Кубода Сей, Юкио Мисима, Мураками т.б. Қазіргі күндегі әлемдік классикада өзіндік тың сүрлеуі бар қаламгерлер. Біздің мақсат Жапон елінің жетістігін тәптіштеу емес. Олардың екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалай ғана мұндай жетістікке жету «құпиясын» білу. Менің ойымша, бұл құпияның басты ұстанымы – ұлттық танымның жапон елі үшін баға жетпес құдіреті күшті құндылықта екені сияқты. Дәлелі ретінде қазақтың көрнекті жазушысы, әдебиет сыншысы Т.Әсемқұловтың «Қаламды қару еткен Джиу-джитсу» атты мақаласында мынадай жолдар бар. Әрине, мақала тақырыбы: жапон әдебиеті жөнінде екені түсінікті.

«Иә, жапондар да өзгелерден үйренеді. Бірақ үйренген нәрсесін сол қалпында қайталамайды. Жапон рухы мен жан-дүниесіне, оның ішкі сұранысына сай етіп дамытады, жетілдіреді. Бізге жапондардың осы жағынан үйрену керек».

Мінекей, бұдан шығаратын қорытынды: ұлттың дамуы дегеніміз – ұлттың мәдениетінің дамуы. Ұлттың мәдениетінің дамуы ұлттың дамуы екенін түсінеміз. Ұлттық таным мен ұлттың дамуы диалектикалық бірлікте болған кезде ғана жетістікке жетуге болады. Тамырынан айырылған 100 жасар алып еменнің де шөгетіні рас қой… Жапонияның педагогикадан да әлеуеті зор екенін ескерсек, ұлттық танымға негізделген білімнің иммунитетінің зор екенін байқаймыз. Біздің қолданыстағы заттардың жапон ұлтының білімінің жетістігі екенін көп жағдайда қазақы қоғам ескере бермейді.

Екіншіден,нағыз ПЕДОГОГ- ҰСТАЗДЫҢ педагогикадағы ұлттық танымы – аксиологиялық негіздің Алаш зиялыларының педагогикалық еңбектерінен көрініс тапқанын айтқым келеді. Аласапыран сол уақытта А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытовтардың еңбектері ұрпақтың білімнің қалыптасуына да, ұлттық рухтың зораюына да көптен-көп үлес қосқаны анық. Мысалы үшін ұлт ағартушысы, ақыны, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың «Тіл құрал», «Әліпби», «Баяншы», «Оқу құрал», «Тіл жұмсар» педагогикалық еңбектерін алайық. Үйренушіге тақырыпты бекітуге берілер тапсырмалардың мәтіндері қазақтың мақал-мәтелдері мен жаңылтпаштары, әңгімелері. Әрі теориялық бөлімдегі мәтіндерде де ұлттық танымның қазақы ойлау жүйесімен берілгенін көреміз. Мәселе тапсырмалардағы мәтіндерде емес. Түйін: үйренушінің әрі білім жинақтап, әрі тапсырма орындау арқылы өз бойына ұлттық таным нәрін сіңіріп жатқандығында емес пе?! Ол үйренуші ертеңгі күні қандай маман, азамат болады деп ойлайсыз? Жауабы ретінде: қазіргі күннің абыройлы тәуелсіздік шамын өшірмеген азаматтар өскенін айта аламыз. Ал біз бұл абыройды сақтай аламыз ба? Ұлттық таным деңгейіміз қаншалықты?

Менің ойымша, нағыз ұстаздың өзіндік қасиеттері осындай болуы керек.Ұстаздарымыз білім нәрімен сусындатып,қай кезде болмасын өз білгенін біздерге үйретіп,рухани құндылықтарды бойымызға сіңіруде.Бізге тура бағыт-бағдар беретін,қамқоршымыз да, жанашырымыз да екінші анамыздай болған ұстаз деп білемін.«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп Абай атамыз айтқандай,біздің білім бәйгелерінде жеткен әр жетістігіміз ұстаздарымыздың қажырлы еңбегінің арқасы деп білемін.Болашақта біздің білімді,тәрбиелі,ел келешегін ойлайтын саналы ұрпақ болып қалыптасуымызға үлкен үлес қосып жатқан ұстаздарымызға мың алғыс айтып,басымды иемін!Сөз соңында өз ойымды аяулы ұстаздарыма деген бір шумақ өлең жолдарымен қорытындылағым келеді:

Өн бойына бар ізгілікті жинаған,

Білім беріп,жан жылуын сыйлаған.

Мерекеңіз құтты болсын бүгінгі,

Шәкірт үшін ең жанашыр сыйлы адам.

ҰСТАЗ! ҰСТАЗ! ҰСТАЗ!

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *