ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА БІЛІМ БЕРУ ІСІН ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ
Мақалада Ы.Алтынсариннің педагогикалық қызметінің өмірлік құндылықтарының негізгі мақсаты қазақ балаларының сауатын ашып, кәсіптік бағдарға қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелеу.
Аса көрнекті педагог-ағартушы, энтузиаст, ақын, фольклоршы, этнограф, қазақ балаларына арналған қазақ және орыс тілдеріндегі оқулықтардың авторы. Өзінің барлық күш-жігері мен талантын қазақ халқының санасын серпілтіп, оқу-ағартуға арнаған кемеңгер ойшыл.
Ы. Алтынсариннің бойында туған халқыма пайдамды тигізсем деген ұмтылыс басым болатын. Ол ұрпақ тәрбиелеп, педагогикалық қызметпен шұғылдануды армандады, бұл істі өзінің өмірлік мақсаты деп білді. 1865 жылы ол педагогикалық қызметке біржолата бет бұрды. Одан әрі 20 жылға жуық өмірін халық ағарту жүйесінде басшы лауазымдарда адал қызметімен жалғастырды. Торғай уезінде халық ағарту инспекторы болғанда ол асқан ұйымдастырушылық шеберлігімен көзге түсіп, талантты педагог, жазушы-ағартушы, жұртшылық мойындаған ірі қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. Ы.Алтынсарин балаларға білім беріп, сауатын ашуды оқыған адамның қасиетті парызы деп санады.
Қолөнер, ауылшаруашылығы мектептерін ұйымдастыру Ы.Алтынсариннің қызметінің жарқын бағыттарының бірі болып табылады. Ағартушы көпбейінді мектептердің жұмысын жолға қоюға мән берді, ал өзіне тиесілі жерді Торғай ауылшаруашылығы мектебіне пайдалануға беру туралы өсиет қалдырды. Ыбырай Алтынсарин өлкеде әйелдерге білім берудің негізін қалады. Ол Ырғыз қаласында қазақ қыздарына арналған мектеп-интернат ашты. Оның бастамашылығымен қазақ балаларына арналған 7 бастауыш мектеп, 4 екі сыныптық училище ашылып жұмыс істеді.
Алтынсарин шәкірттердің адамгершілік тәрбиесіне баса мән берді және кедейлердің балаларын, қазақтың қыздарын оқытуға ерекше көңіл бөлді. Ол шәкірттердің бойында адамгершілік, еңбекке адалдық, Отан сүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға күш салды. «Олар кейіннен парақор болып шықпас үшін, -деп жазады ол, – олардың адамгершілік сезімдерін оятуға барлық күш-жігерімді жұмсаудамын»
Білім беру және тәрбие мәселесін жан-жақты қамтуға ұмтылысымен Ыбырай Алтынсарин жаңаша оқыту мен тәрбиелеудің көшбасшысы, Қазақстандағы прогресшіл педагогикалық ақыл-ойдың негізін қалаушы деген атаққа лайық. Халық ағарту саласындағы оның сіңірген еңбегін замандастары жоғары бағалады.
Өзінің ақындық шығармашылығында педагог-ағартушы халықтың сауатын ашып, білім беру мәселелерін бірінші орынға қойды, жастарды білім алуға үндеумен болды. Ыбырай Алтынсариннің заманында білім алудың қажеттілігін дәлелдеу керек болатын. Мектепті ашу қаншалықты қиын болса, шәкірттеді жинау да соншалықты қиын болатын. Педагог Алтынсарин балаларға арнап, оларды оқып білім алуға шақырған өлеңдер жазды. Сол өлеңдердің ішіндегі ең танымалы — «Кел, балалар, оқылық!», онда ғылым мен білімнің адам өміріндегі пайдасы туралы айтылады. «Өнер-білім бар жұрттар…» деп басталатын өлеңінде ақын қазақтарды өркениетті халықтар қатарына алып шығатын білім үшін күресу қажеттігі туралы ойды оқырманға жеткізуге күш салған.
Қоғамдық-ағарту тақырыбындағы өлеңдермен қатар, Алтынсариннің ақындық шығармашылығында ауыл өміріндегі әлеуметтік теңсіздік ашып көрсетілетін, байлардың сараңдығы мен қатыгездігі сын тезіне алынған шығармалары да бар. Сорлы халық бас көтермей бүкшеңдеп жұмыс істейді, тақта отырған хан олардың үстінен билігін жүргізеді, кедейлерді аяусыз қанап, тонайды, байлардан сый-сияпатын аямайды.
Ыбырай Алтынсарин өлеңнен басқа, әңгімелер де жазды, онда автордың демократиялық, гуманистік, ағартушылық идеялары көрініс тапқан. Онда әлеуметтік тұрғыдан алып қарағанда қазақ өмірінің XIX ғасырдың 60-70 жылдардағы тұрмысы мен әдет-ғұрпының көріністері суреттелген. «Бай баласы мен кедей баласы», «Қыпшақ Сейітқұл», «Киіз үй және ағаш үй», «Надандық», «Өтіріктің зияны» және басқа да әңгімелерінде қоғамдық өмірдің: әлеуметтік теңсіздік, отырықшы тұрмыстың артықшылықтары, надандықтың кесірі, білім мен ғылымның пайдасы сияқты және басқа да маңызды мәселелер көтерілген.«Бай баласы мен кедей баласы» әңгімесінде көшіп кеткен ескі жұртта қалған құрдас екі баланың көшіп кеткен ауылды қалай іздегені баяндалған. Олардың басынан кешкен оқиғаларды әңгімелей отырып автор екі баланың олардың әлеуметтік жағдайымен, өмір салтымен, тәрбиесімен, дағдылары және әдеттерімен шартты байланыстағы мінез-қылықтарын ашып көрсетеді.Әңгіменің мәні — екі мінез-құлықты, екі әлеуметтік тұрпатты қарсы қою. Үсен — кедейдің баласы, ол еңбексүйгіш, оның бойындағы барлық қасиеттер осымен айқындалады. Өмірдің кез келген қиындықтарын еңсеруге қабілетті нағыз адамды еңбек қана тәрбиелей алады, ал думанды өмір — барлық кеселдің басы.«Бай баласы мен кедей баласы» әңгімесінің педагогикалық мақсаты бар: ол үйретеді және жол сілтейді. Алтынсарин күрделілендіруді емес, мінездердің айқындығы мен қарапайымдылығына ұмтылады. Бұл мінездер ойдан шығарылған емес, олар өмірдің өзінен алынған. Өмірден ойып алған дәлдігі, дидактикалық қорытындысының жеңілдігі — осының бәрі «Бай баласы мен кедей баласы» әңгімесінің қазақ шәкірттерінің ғана емес, орыс оқырмандары арасында да кеңінен танылуына жол ашты. 1890 жылы «Родник» журналында әңгіме орыс тіліне аударылып басылды.
70-жылдары жазылып, «Қырғыз хрестоматиясында» жарияланған «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесі де Ыбырай Алтынсариннің дүниетанымын, демократиялық және гуманистік көзқарасын түсінуде маңызды болып табылады. Даладағы көне феодалдық құрылыстың іргесі шайқала бастаған 70-жылдары қазақ кедейлері отырықшылыққа көшіп, диханшылықпен шұғылдана бастайды. Алтынсарин оларды қолдайды. «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінде еңбекқор Сейітқұл байларды жек көреді, олардан құтылудың амалын іздейді. Ол өзінің кедей-кепшік туыстарымен өзен бойын қоныстап, егіншілікпен айналыса бастайды. Алтынсарин егіншілердің бірлескен еңбегін жылы суреттейді, кедейлер одағының қалай нығая түскенін, бірте бірте басқаларды да өзіне тарта бастағанын көрсетеді: «…көшпелі кедейлер Сейітқұлға келіп қосылды. Бес-алты жыл өткенде ол басқаратын шаруашылықтардың саны төрт жүзге дейін жетті». Сейітқұл мен оның достарының табысын автор олардың ізденгіштігімен, олардың егіншілік пен саудаға үйренуімен түсіндіреді. «Бай баласы мен кедей баласы» әңгімесіндегі сияқты Алтынсарин еңбексүйгіштікті дәріптейді — еңбек адамы ешқашан далада қалмайды, ырыс оны өзі іздеп табады. «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінде Алтынсарин өзінің сүйікті тәсілі — антитезаны қолданады. Еңбекқор Сейітқұлға ұрлықпен, жұрттың малын тонаумен баюға жанталасқан ағасы қарама-қарсы қойылған. Ақыр аяғында оның ажалы кісіден болады. Жазушы зорлықпен, арамдықпен жиналған байлықтың берекесі болмайды деген ойды шегелеп айтады.
Көшпелі ел ғасырлар бойы бағып өсірген малын байлығым деп санаған. Ал ешқашан сарқылмайтын нағыз байлық ол — білім. Алтынсарин жастардың көзін осыған жеткізгісі келеді, оларды сендіруге ұмтылады. Тек білім ғана адамды құдыретті әрі бақытты ете алуы мүмкін.