Қазақ тілі сабақтарында тіл дамыту жұмыстарының маңыздылығы
Мухамжарова Бакыт Сериковна
«Өнер алды – қызыл тіл», — дейді халқымыз. Мектепте берілетін бүкіл білім мен тәрбие ең алдымен сөз арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да оқушылардың тілін дамыту – тек әдебиетші, тілшілер мақсаты ғана емес, ол бүкіл мектептің, барлық пән мұғалімдерінің де басты мақсаты, борышы, барлығына тән бірыңғай талап.
Тіл мәдениетіне дағдыландыру, көркем, әдеби тілін жетілдіруде қазақ тілі сабағының орны ерекше. Шебер мұғалім тіл дамытуда осы екі сабақты үндестіріп, бір бағытқа жұмсайды. Қазақ тілі сабағында да тіл дамытуға арнайы сағаттар бөлінеді, әрі әдебиетке бөлінген сағаттардан көп. Міне, осы сағаттарды тиімді пайдаланса, мұғалім оқушылардың көркем тілін қалыптастыруда біршама жұмыстар атқарады.
Әсіресе, оқушылардың ауызша тілін, сөйлеу мәдениетін, шеберлігін арттыруда пікірталасы, айтыс сабақтар, баспасөз конференциясы, брифинг, көзқарас сабақтарының маңызы ерекше. Ал жазбаша тіл дамытуда реферат қорғау, конференция, семинар, семинар-сабақ, т.б. сабақтардың орны зор.
Әдебиет сабағының басым көп уақыты оқушылардың да, мұғалімдердің де ауызекі сөйлеу тіліне кетеді. Оқыған әңгімелерін не басқа көркем туындыларын мәнерлеп оқу, мазмұндау — әдебиетті оқытудың дәстүрлі әдіс-тәсілдері.
Тіл дамыту жұмыстарының бір ерекшелігі – оқушыларға тілдік заңдылықтар туралы тиянақты мағлұмат беріп, оны оқу әрекетінің барлық сатыларында дамытып отыру тиімді. Мысалы, тілдің қоғамдық рөлін, сұлулығын, байлығын, даралық сипатын түсіндіріп, белгілі ақын-жазушылардың, ғалымдар мен ойшылдардың нақыл сөздеріне талдау жасату керек. Дидактикалық мәтіндерді іріктеп, ондағы ой жүйесін қорытындылауға баулу; тіл сөз құдіреті жайында халық ауыз әдебиеті үлгілерін, мақал-мәтелдерді жинату; тіл туралы оқушының ой-пікірлерін, толғаныстарын жаздыру секілді жұмыс түрлерін ұсыну оқушының білімін арттырады.
Тілдің даму үстінде болатыны, оның ішкі заңдылықтары да оқушы назарынан тыс қалмауы тиіс. Әр ұрпақтың сөздік қорының өзгеруімен, яки тіл өзінің негізін сақтауымен бірге, ішкі алмасу, жаңару сипатына ие болатыны жөнінде, лексика, морфология тарауларын өткенде мол мағлұмат беріледі. Бір тақырыпқа байланысты әр кезеңде жазылған мәтіндерді салыстыру, тілдің тарихы туралы ғылыми-көпшілік мақалаларды талдау, түрлі лексикалық сөздіктермен жұмыс жасау үстінде оқушы білімі бекітіліп отырса құба-құп.
Сондай-ақ тілдік бірліктердің өзара байланыстылығына, бір-біріне тәуелділігіне, яғни тілдің күрделі құбылыс екеніне оқушының назарын аударудың маңызы зор. Мәселен, дыбыс – морфема мен сөзде, сөз – сөз тіркесі мен сөйлемде, сөйлем мәтінде қолданылатынын, осылай тізбектеле орналасуының өзінде ерекше заңдылық бар екенін білу оқушының білімін тереңдетумен бірге, сөзді орнымен қолдануға үйретеді. Оқушылар сөздегі әр дыбыстың грамматикалық, лексикалық мағынаны түрлендіруге негіз болатынын таниды; екінші жағынан, сөз тудыру, форма түрлендіру және сөздердің бірігуі сол сөздің лексикалық мағынасына тәуелді болатынын біледі. Мәселен, лексика тарауын өткенде, тілдік хабардарлықты басқа тараулармен қалай сабақтастыруға болады?
Мектепте оқытылатын қазақ тілі пәнінің лексика тарауы өзге тараулармен тығыз байланыста қайталанып отырылатын өзекті сала. Себебі, мұнда тілдің негізі – сөз туралы, оның басты белгісі – мағынасы жөнінде жан-жақты айтылады.
Кез келген теориялық білім мазмұнында тілдің құрылымы мен қызметіжайындағы білімдердің жиынтығы берілуі тиіс. Мұндай білім екі түрлі қызметті атқарады: бірі – оқушының тілді қолдану өрісін кеңейтсе, екіншісі, тілдік іскерлік-дағдыларды қалыптастырады. Яғни теориялық білім мен тілдік тұжырымдарды практикалық тұрғыда қолдану нәтижесінде сабақтың түпкі міндеті жүзеге асырылады. Сондықтан лексика тарауы бойынша өтілетін тақырыптар үстірт түсіндіріле салмай, оқушының тілін дамытуын, сөздік қорын байытуда, әдеби тіл нормаларына сай болуын ескерту жөн. Бала өтіліп отырған тақырыпты дара қалпында қабылдамай, тілдік жүйедегі орнын, басқалармен байланысын, әрі тұтастың бөлшегі ретінде қызмет ететінін бағамдайды.
Бүгінгі таңда білім беруде оқушыға тек қана білім, білік дағдыларын қалыптастырып қана қоймай, алған білімін өмірлік қажеттігіне жаратуға жетелеу көзделеді. Осыған орай, тіл дамыту жұмыстарында оқушының шығармашылық (креативті) ойын дамытып, жұмыс жасау барысында ізденуге көмек көрсетіледі, оқушының өз-өзіне дербес тұлға ретінде қарауға, оны сезінуіне мүмкіндік туғызылады.
Оқыту – таным әрекетінің ерекше түрі және білім берудің негізгі жолы. Оқытуда баланың таным қабілеті дамып, білімді, дағдыны, икемділікті игереді. Педагогиканың бір саласы дидактиканың негізгі міндеті – оқыту үдерісіне бағынатын заңдылықтарды анықтау. Ол заңдылықтарды мақсатқа сай қолданудың жолдарын қарастыру. Дидактика ғылым мен техниканың даму дәрежесін, балалардың жас ерекшелігін ескере отырып білім мазмұнын, икемділік пен дағдының мөлшерін, көлемін анықтау мәселесімен де шұғылданады. Тілді оқыту барысында да, тілді меңгерту үшін мәтіндерді іріктеп алу ісінде де біз ең алдымен дидактика заңдылығын басшылыққа аламыз. Себебі оқушының жасына қарай дұрыс таңдалған, танымдық, тәрбиелік қасиеттері мол мәтіндердің рөлі аса маңызды.
Қорыта айтқанда, танымдық қызығушылықты дамыту оқушылардың шығармашылық (креативті) ойлау қабілеттерін арттыруға, тілін байытуға, өз ойын қазақ тілінде еркін жеткізу, сауатты жазу үшін елеулі нәтиже береді деп ойлаймыз.