Ұлттық тәрбие – ұрпақ саулығының кепілі!

                              Ұлттық тәрбие – ұрпақ саулығының кепілі !

Жамбыл облысы Талас ауданы

Қаратау қаласы  “Үміт” мектеп – интернаты

Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі

Курманалиева Гульмайра Ауеновна

 

«Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін

 қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлттың

тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»

М. Жұмабаев

 

Қанша уақыт өтсе де өзінің құндылығын, өзектілігін жоймайтын бір маңызды мәселе бар, ол –жас ұрпақ тәрбиесі. Тәрбиені қашанда құнды байлыққа балаған халқымыз бала тәрбиесіне ешқашан жүрдім-бардым қарамаған. Ал оған ұлттық сипат беру – ұлт болашағын ойлаудан туған даналық.  Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, қиын балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың негізгі жолы. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. .                                                                                                                                   Ұлттық тәрбие атауын алғаш әдеби-педагогикалық оқулықтарға енгiзген М. Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегінде  «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет ететін болғандықтан, әрбір тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деп ой тастаған. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің негізгі бағдарлы идеялары еліміздің президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2030» халыққа жолдауында былай деп жазылған: «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн».

Ұлттық тәрбиелік білім жас ұрпақтың мінез-құлқын қалыптастырып, ізгілік пен адалдықты игеруге, оны өз бойына дарыта білуге, яғни, рухани даму сипатына жетелейді. Заман өзгерген сайын əдіс-тəсілдер көбейіп, жаңарып, толығып отыр. Əр түрлі жаңа технологияларды өз тəжірибемізде қолданып жүреміз.  Әйтсе де, халқымыздың сан ғасырлардан келе жатқан ұлттық мұрасын ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқыту-тәрбиелеу ісінде қолданудың тиімділігіне өз тәжірбиемде көз жеткізіп келемін.   Ерекше білім беру қажеттілігіне ие  балалардың барлық категорияларына тән даму кемшіліктеріне тоқталсақ :                                                                                                                            -баяу және шектеулі қабылдау қабілеті ;                                                                                                  -моторикасының дамуының кемшіліктері;                                                                                                   – сөйлеу,ойлау қабілетінің кемшіліктері;                                                                                       -танымдық белсенділіктерінің кемшілігі;                                                                                        – тұлғалық дамуындағы кемшіліктер(өз-өзіне сенбеу, өзгеге тәуелділікті сезіну,төмен коммуникабелділік,өзін-өзі төмен немесе жоғары бағалау, өз жүріс -тұрысын басқарудағы олқылықтар). Осындай балалардың тұлға болып қалыптасуы мен денсаулығын нығайтуда,сөйлеу тілін,ой-қиялын дамытып, қызығушылығын арттыруда ауыз әдебиеті үлгілерін , ұлттық қолөнерді, ұлттық ойындарды күнделікті тәрбие жұмысында ұйымдастырып отырамын.  Қысқаша тоқталып өтсем:  ұлттық тәрбиенің қайнар көзі -халық ауыз әдебиетінің салалары көп. Олар:ертегілер, жырлар, мақал-мәтелдер,жұмбақтар, жаңылтпаштар, т.б. Осы салаларды мүмкіндігі шектеулі  балалардың жас ерекшеліктеріне, қабілеттеріне қарай және оларды жалықтырып алмайтындай етіп, сана-сезіміне әсер ету арқылы қызықтыра отырып, бойларына сіңіру үлкен жауапкершілікті талап етері хақ.  Балаларға ертегі тыңдатып, халық ауыз әдебиетімен сусындату олардың ойының ұшқырлығына, тілінің байлығына, сана-сезімінің өсіп дамуына көп әсерін тигізеді . Жұмбақтар баланы байқағыштыққа, тапқырлыққа баулып, ой – қиялын ұштастыруға көп әсер етеді. Халықтық шығармалар ішінде баланы дұрыс та, айқын сөйлеуге үйрететін, тілін жаттықтыруға бейімдейтін жанр – жаңылтпаш. Балалар жаңылтпаш арқылы сөздерді дұрыс сөйлеуге, жеке дыбыстарды алмастырмай дұрыс айтуға үйренеді. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың көпшілігі кейбір сөздерді не жеке дыбыстарды дұрыс айта алмайды. Міне,осындайда сөздері қызықты, ұйқасты,айтуға жеңіл жаңылтпаштарды жиі-жиі қайталатып жаттықтырған жөн. Сонымен бірге  тәрбиелік мәні зор мақал-мәтелдер арқылы отансүйгіштік,рухани адамгершілік , еңбексүйгіштік қасиеттерді бала бойына сіңіріп,ой-өрісінің дамуына ықпал ете аламыз. Ауыз әдебиеті үлгілерін тәрбиенің барлық бағытына сай қолдануға болады.                                                                                                                                                                                                                                                                                                        Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың  эстетикалық талғамын қалыптастырып, шығармашылық қабілеттерін дамытуда, еңбекке қызығушылықтары мен ой-өрістерін кеңейтуде сонымен қатар қолының ұсақ моторикасын дамыту мақсатында – ұлттық қолөнердің орны ерекше. Ата-баба мұрасын бала бойына ұлттық өнер үлгілері арқылы сіңіріп, мүмкіндігінше қолмен жасатып, көзбен көрсетіп, тәжірибе арқылы орындап отырамыз. Ұлдар жасына,мүмкіндігіне қарай қамшы өру,ағаштан бұйымдар жасауды игерсе, қыздар ұлттық ою-өрнектерді  ою, тоқыма мен кесте тоқу сияқты бірнеше жұмыстарды атқарады. Жұмыс барысында балалардың саусақтарының икемділігі мен қызығушылығы  үнемі ескеріліп отырады. Әрбір баланы өзінің қабілетіне қарай қолөнерге бейімдеудің, іске икемдеудің маңызы да зор. Бұл деген олардың өздеріне сенімділігін арттырып, қоғамға бейімделіп, мамандықты меңгерудің алғы бастамасы болатыны анық. Біздің мақсатымыз да сол ерекше балаларды қоғамға бейімдеу болып табылады. Осы мектеп-интернат қабырғасынан өнерге қызығушылықтары оянып, қазіргі таңда қолөнермен айналысып жүрген түлектеріміз осының дәлелі.                                                                       Халық даналығында «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған.  Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды  тәрбиелеуде ,жан-жақты дамытуда халқымыздың тарихи – мәдени игіліктердің бірі – ұлттық ойындардың да пайдасы өте зор. Ұлттық  ойындар жастайынан  баланы  өз  елін   сүюге, құрметтеуге, өз және өзге ұлтты сыйлауға, патриоттық сезімді нығайтуға, салт-дәстүрлерін сақтай білуге, ұлттық идеологияны құрметтеп, өз ұлттық діліне,тіліне беріктігі мен ұлттық салт-дәстүрді сақтауға және физикалық,биологиялық тұрғыда мықты болуға үлкен септігін тигізеді. Ойын балалар өмірінің нәрі, яғни оның рухани жетілуі мен табиғи өсуінің қажетті алғы шарты және халықтың салтын үйренуде, табиғат құбылыстарын тануда олардың көру, есту, сезу қабілеттерін, зейінділікпен тапқырлықтарын дамытады. Ойын арқылы балалар қоғамды тәжірибені меңгереді, өзінің психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Ойнау процесінде сөйлесу қарым-қатынасы үлкен роль атқарады. Сөйлесе жүріп, балалар өзара пікірлесіп, әсер алысады. Ойын баланың жан – жақты дамуын көздейтін, оның тілін жаттықтыратын, қимыл-қозғалысын жетілдіретін, белсенділігін арттыратын, басқа адамдармен қарым-қатынасын реттеп, құрдастарымен ұйымшылдығын арттыруға негіз  болып      табылады. Ойын кезінде жасалатын қимыл-қозғалыстар балалардың ептілік , шапшаңдық, күштілік, батылдық, төзімділік қабілеттерін дамытады. Денсаулығын нығайтып, ақыл – ойын өсіреді.  Сонымен бірге ойын ойнау негізінде бала:
– көңілді болып жақсы демалады;
– денесі қимылдап, бойы сергиді, миы тынығады;
– ойынға қатысушылар бір-бірін тез түсінеді, ұйымшылдыққа үйренеді.                               Балаларға ұлттық ойындарды үйрету арқылы әділдікке, достыққа, сыйластыққа, кішіпейілділікке тәрбиелей отырып, яғни адамгершілік қасиеттері де қалыптастырылады. Басқа ойындар сияқты қазақтың ұлттық ойындар тәртібін бұлжытпай орындауы баланың ойын барысында тәртіп сақтауы, баланы осы кезден бастап тәртіпке, әділдікке, жинақылыққа баулиды, адал, қайырымды, өжет болуға тәрбиелейді. Қазақтың ұлттық ойындарын кеңінен зерттеген этнограф ғалымдар халық ойындары баланың қимыл-қозғалысын дамытып, денесін шыңдап қана қоймай, денсаулығын жақсартушы бірден-бір пайдалы дүние екенін мойындаған. Ойынды ойнату барысында балалардың  физикалық қабілеті,жас ерекшілігі ескеріледі және ойын ережесі мұқият сақталады. Кіші топтағы тәрбиеленушілерге «Қуырмаш», «Санамақ»,. «Ұшты-ұшты», «Соқыртеке», «Мерген мен үйрек», «Қоян мен қасқыр» , «Ақсерек пен көксерек», «Көги-көк » т.с.с ойындарды, орта және жоғары топтағы тәрбиеленушілерге «Дәл басу», «Кім жылдам?», «Жаяу жарыс»,  «Бес тас », «Арқан тартыс», «Қол күрес », «Тоғызқұмалақ »,  Асық ойындарын, т.б. ұлттық ойындарды ойнатамыз . Бұл  ойындардың қай-қайсы да  мүмкіндігі шектеулі баланың танымдық қабілеттерін дамытуға,денсаулығын нығайтуға оң ықпалын тигізеді. Мысалы  «Асық ойыны».  Асықты иіру, шиыру барысында қолдың ұсақ моторикасы дамиды, Асықты дәлдеп ату,домалаған асықты көзбен бақылау барысында көздің бұлшықеттеріндегі қан айналысы жақсарып,көру қабілеті артады.

Компьютерлік ойындар  Асық ойыны
Баланың жүйке жүйесін тоздырады Баланың ойлау қабілетін арттырады
Жүрек-қантамырлар жұмысын баяулатады Қан айналысын ,тыныс алу мүшелерінің жұмысын жақсартады
Көздің көруін нашарлатады Көз қашықтан көруге қалыптасады
Бала өзгелермен араласпай,тұйық мінез қалыптасады Өзгелермен тез тіл табыса білуге үйретеді
Қозғалыс аз болғандықтан бала әлжуаз болып өседі Қимыл-қозғалысы артып, денесі шынығады,ағзаның қорғаныш қабілеті артады

Міне осылай  асық ойынын компьютер ойынымен  салыстырсақ  асық ойынының еріккеннің ермегі еместігін білуге болады . Қорыта келе, қазақтың ұлттық ойындары баланың талдау, таңдау қабiлетiн шыңдайды, ортамен тiл табысуға, қарым-қатынасты жетiлдiруге , жеңiске жетудiң ең тиiмдi түрлерiн қарастыруға, адамның бойындағы қасиеттi әлеуметтiк күшке және қозғалысқа айналдыруға итермелейдi.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                .   Ұлттық тәрбие –ұлттық сана –сезімі жоғары болашақ жастарды тәрбиелеуге негізделген білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі.  Халқымыздың саралы да саналы дәстүрлерін бала бойына сіңіру- тәрбиешінің міндеті деп білемін. Неміс педагог-дефектологы П.Шуман «Баланың психикалық немесе дене дамуы неғұрлым төмен болса, ұстаздың білімділігі мен біліктілігі соғұрлым жоғары болуы қажет» – деп жазған. Олай болса, ерекше білім беру қажеттілігіне ие балалардың  жан-жақты дамып кемелденуіне жағдай жасап, таным-талғамдық қызығуын  жетілдіріп, шығармашылық жолға жетелеп,  өмірге икемделген, қабілетті  тұлғаларды тәрбиелеуде озық ұлттық мұраны тәлім-тәрбие ісінде шеберлікпен пайдалана білейік!

 

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *