“Отбасындағы ата-ананың міндеті мен бала құқығы” дөңгелек үстел

Қызылорда қаласы
№5 көру қабілеті бұзылған балалардың арнайы (түзету) мектеп-интернат

Тәрбиеші: А.Асанова
Тақырыбы: «Отбасындағы ата-ананың міндеті мен бала құқығы»
Мақсаты: Бала тәрбиесіндегі ата-ананың алатын орнының ерекше екендігін түсіндіру. Жанұядағы ата –анамен баланың арасындағы қарым – қатынасты нығайту. Ата –анаға деген бала махаббатын ояту. Мектеп, тәрбиеші, ата- ана үштігін нығайту. Отбасы мүшелері арасындағы бауырмалдық, қайрымдылық достық қарым –қатынасты қалыптастыру, үлкенді сыйлауға сыпайы, ілтипатты болуға тәрбиелеу.
Түрі: дөңгелек үстел
Әдісі: сұрақ-жауап
Көрнекілігі: слайд
Барысы:
Құрметті ата-аналар,! Бүгінгі «Отбасындағы ата-ананың міндеті мен бала құқығы» атты дөңгелек үселге хош келдіңіздер! Сіздермен бас қосып пікір алысудағы мақсатымыз балаларымызбен қарым-қатынастарды жақсартып бала тәрбиесіне көңіл бөлу.
Баланы жастан бақпасаң,
Жамандықтан қақпасаң,
Қадірден жұрдай қасқа боп,
Кешкенің өмір босқа тек,- дегендей, баланың ыстық суығына күймейтін, жақсылығына сүйінбейтін ата-ана жоқ шығар.
– Бала тәрбиесінде ата ананың алар орны ерекше. Өйткені «Құс ұясында не көрсе, соны алады». Яғни, отбасындағы тәлім-тәрбие, ата-ананың баламен қарым-қатынасы ұядан басталады. Тәрбиесі жақсы баланың өмірі де жақсы болатыны анық. Ендеше бала тәрбиесі ата-ананың міндеті, мектеп білім берумен шектеледі деу қате ұғым. Дана халқымызда «Ұстаз мейірі мен ана мейірі егіз» деген сөз бар. Бала мектеп табалдырығын аттап, білім ұясынан қанат қағып үлкен өмірге қадам басқанға дейін ұстаздың да тәрбиесін алады. Біз педагог ретінде барынша оқушылардың білім алуын, тәрбиесін қадағалаймыз. Теріс әрекеттерін байқасақ әрдайым оны түзетуге, ақылымызды айтуға тырысамыз. Ата анамен мектеп жалпы күш жігерді біріктіру арқылы ғана балаға адамдық бақыт бере аламыз.
Бүгінгі таңда көпшілігімізге белгілі күнделікті тіршілік күйбеңімен бала тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыт таппай қалатынымыз бәрімізге аян.Ал,балаңызбен сөйлесу, оның ойын ұғу,пікірін тыңдау, қажетті сұрағына жауап беру бүгінгі күнгі ең маңызды жұмысымыз екенін түсінеміз бе?
Осы орайда «Ата –ананың бала алдындағы міндеттері» тақырыбындағы баяндамаға назар аударсаңыздар.
– Әр жанұяның бала алдында атқаратын міндеттері бар. Оларға: Бала денсаулығына қамқорлық жасау, баланың үздіксіз дамуын қадағалау, тәрбиесі мен мамандық таңдауына көмектесу, баланы өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі дамытуға баулу. Баланың қызығушылығын, бейімділігін шығармашылығын дамыту. Баланың жан-жақты дамуына жағдай жасау жатады. Бала тәрбиесі – ата-ана үшін күрделі де жауапты міндет. Ата-аналардың үйдегі іс-әрекеті балалардың көзалдында өтеді. Сондықтан да жақсы да, жаман да ісіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ демекші ата-аналардың да қателікке бой алдыратын кездері де болады.
Осыған орай ата-аналарға мынадай 6 түрлі қателіктерді болдырмауға кеңес береміз:
1. «Сен баланы мүлдем қалаған жоқпын, ұнатпаймын» деп айту тәрбиенің қатаң құралдарының бірі, бұл сөзді еш уақытта айтпаңыз. Оның орнына жылы сөзбен айналып, «Сен менің қолқанатымсың, сендей бала ешкімде жоқ, бірақ сенің мына ісіңді құптамаймын» деп айтып баланың дұрыс емес іс-әрекетіне тосқауыл қою керек.
2. Бәріне көз жұма қарау. «Не істесең де маған бәрібір» дейтін әке-шеше, балаңыздың немен шұғылданып жүргеніне қызықпайтыныңызды білдіріп қоясыз. Балаңыздың іс-әрекеті көңіліңізге қонымсыз болса да, оны бейбіт жолмен шешуге тырысыңыз. Балам сен мұндай істе менен көмек сұра. Екеуміз ақылдасып тамаша іс тындырамыз деген сияқты көмек қолын соза отырып тәрбиелеуге болады.
3. Аса қаталдық. «Мен не айтсам соны орындауың керек, өйткені үйде мен басшымын» деушілер қатты қателеседі. Мұндайда бала қолды бір сілтеп кетіп қалады. Тым қаталдық аңды қолға үйреткенмен бірдей. Оның орнына тайға таңба басқандай көрсетіп, түсіндіріп, иландырып жұмсау. «Сен қазір мынаны істе, кешке отбасымызбен бірге талқылаймыз жарай ма?»- деп айтқаны абзал.
4. Балаларды тым еркелету “менің баламның күші жетпегендіктен мұны өзім істей салайын” деп баласына кезіккен кедергіге өзі тойтарыс беріп бәйек болатын ата–ана. Бұларға ой салар пікір: ерке балаларға өмір соқпағы оңайға түспесі анық. Оның орнына «сен күштісің, мына істі өзің істеп көр, егер ойдағыдай болмаса мен саған көмектесемін» деп айтқан балаға демеу болары анық.
5. Бала тәрбиелеу үшін уақыттың тым аздығы. «Өкінішке қарай саған көңіл бөлуге менің уақытым жоқ», – деп жанұя мен бала тәрбиесін ысырып қойып белсенді еңбек етушілер қателескенін кеш ұғып жатады. Ата-анасынан уақыт жоқ деген сөзді жиі естіген бала ата-ана махаббатын басқа жақтан іздейді, тіпті сіздің жұмыс кестеңіз белгіленіп қойса да, кешкісін жарты сағатыңызды балаға арнаңыз. Оның төсегінің жанында отырып ертегі оқып немесе күні бойғы қандай қызықтар болғанын сұрау арқылы махаббатыңызды бөліңіз.
6. «Көп ақша – жақсы тәрбие» махаббаттың қай түрін болмасын ақшаға сатып ала алмайсыз. Құлаққа біртүрлі естілгенмен оң пікір. Кейбір аз қамтылған жанұяларда “Бала ештеңеден тарықпасын” деп жанұшырып жүреді. Дегенмен балаңыздың арманын орындай алмағаныңыз үшін өзіңізді кінәлі сезінбеңіз. Шындығында сіздің қалың әмияныңыздан гөрі шынайы сезіміңіз бен махаббатыңыз керек, онымен бірге ойнап, күлгеніңіз, бірге өткізген күндеріңіз бала үшін ерекше. Ата-ана мен мектеп өмірі тығыз байланыста болса, тәрбиелі, білімді ұрпақты тәрбиелеуге болады. Кей жағдайларда, мысалы кейбір ата-аналар өз баласының нақты қай сыныпта оқитынын, кіммен отыратынын, кіммен дос екендігінен мүлдем хабары жоқ. Әрине барлық ата-ана бірдей деуге болмайды..
Ата-ана құқығы мен міндеттері
62-бап. Ата-аналардың балаларды тәрбиелеу және оларға білім беру жөніндегі құқықтары мен міндеттері:
1. Ата-аналар өз балаларының денсаулығына қамқорлық жасауға міндетті.
2. Ата-аналардыңөз балаларын тәрбиелеуге құқығы бар және оған міндетті.
Ата-аналардың басқа да барлық адамдарға қарағанда өз балаларын тәрбиелеуге басым құқығы бар.
Бала тәрбиелеуші ата-аналар өздерінің қабілеттері мен қаржылық мүмкіндіктерінің шегінде, оның дене, психикалық, адамгершілік және рухани жағынан дамуына қажетті өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін негізгі жауапкершілікте болады.
3. Ата-аналар балалардың орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті.
Ата-аналардың балалардың пікірін ескере отырып, орта білім алғанға дейін білім беру мекемесі мен балаларды оқыту нысанын таңдауға құқығы бар.
4. Балалардың тәрбиесі мен білім алуына қатысты барлық мәселелерді балалардың мүдделерін негізге алып және балалардың пікірін ескере отырып, өзара келісімі бойынша ата-аналар шешеді. Ата-аналардың арасында келіспеушілік болған жағдайда олар (олардың біреуі) бұл келіспеушіліктерді шешу үшін ќорғаншы және қамқоршы органға немесе сотқа жүгінуге құқылы.
ІІ. «Ой қозғау» ата-аналарға сұрақ.
1.Балаңыздың білім алуына көп көңіл бөлесіз бе?
2.Білім алуына жағдай жасадым деп ойлайсыз ба?
3.Мектептен оралғанда көңіл күйіне мән бересіз бе?
4.Балаңыздың достарын білесіз бе?
5.Баламен қарым-қатынас қандай болуы керек?
6.Балаңыздың сүйікті пәні қандай?
7.Балаңыздың бос уақытында айналысатын ісі?
Қорытынды:Тәрбие отбасынан бастау алады. Әрбір ата-ана өзінің күнделікті тұрмыс-тіршілігін дұрыс ұйымдастырып, балаға әркімнің өзінің жеке басы арқылы үлгі-өнеге көрсете білуінде. Сондықтан да балаларыңызбен үнемі жақсы қарым-қатынаста болайық.

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *