Білім бақытқа апара ма?
«Білікті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген мақалды білмейтін жан жоқ. Әрине, жоғары білімі мен қызыл дипломы бар жанның жақсы қызметте істеуге, жоғары жалақы алуға мүмкіндігі бар. Білімнің шегіне жету мүмкін емес. Ми адамнан үнемі көбірек білім алуды талап етеді. Ал бұл жол қайда апарады? Адам өзгеден алған білімімен күн көріп, шығармашылық тұрғыдан ойлауын тоқтатады. Адамның жұмыс істейтін белгілі бір салада белгілі бір білімінің болуы жеткілікті. Егер білім “шектен шығып кетсе”, адам миында шығармашылық көзқарасқа орын қалмайды. Сезімді білім басып озады. Ал өте білімді адам кімге айналады? Роботқа ма?
Білім қауіпті емес, білім әрдайым қажет, бірақ адам тек білім шеңберімен шектелмеуі тиіс. Адам білімді өзінің және өзгелердің игілігіне пайдалану керек.
Мысалы, үйде жарылғыш зат жасау үшін де білім қажет, бірақ ол білімнің пайдасы қандай? Көпшілікке мұндай білімнің қажеті жоқ. Ол мыңдаған жандардың бастарын қауіпке тігеді.
“Қазақта екі білім бар,-дейді-, біреуі-оқыған, біреуі-тоқыған. Біз оқимыз, бірақ тоқымаймыз. Ал тоқымаған адамнан жақсылық күтпеңіз. Оқығаннан тоқыған артық.” Яғни, материалдық дүние туралы білім ала отырып, жанды, сезімді ұмытпауымыз керек. Бір жағынан материалдық білім қажет, бірақ екінші жағын, рухани жағын ескеру маңызды. Бірақ біз көбіне өмірдің рухани жағын елемейміз.
Сондықтан білімнің танымы әртүрлі. Біз миымызды қалағанымызша кез келген нәрсеге толтыра аламыз, бірақ бәрібір надан болып қала беруіміз мүмкін. Ақпараттың бәрін ой елегінен өткізу – өмір бойы қуып келе жатқан бақытқа апаратын тура жол, сондықтан бақыт материалдық жетістіктердің санында емес, ол біздің қаншалықты “адам” деген атқа сай екендігіміз.