Абайдың «Қара сөздерінің» тілдік ерекшеліктері

Абайдың қара сөздері мектеп оқушылары үшін өзінің жанры жағынан да, тақырыбы мен мазмұны жағынан да барынша жаңа дүние. Олар бұған дейінгі жерде бұл іспеттес стильде туған сөз үлгісін оқыған емес. Тұтас күйінде ой мен пікірге құрылған философиялық – психологиялық әрі педагогикалық ұғымға толы осындай сөз үлгісінен керегін тауып та, оны талдап та машықталған емес. Бұлардың сыртында ұлы ақынның терең ой мен күрделі мазмұнға ие ірі діни – философиялық тағы басқа терминдік мәнге ие сөздері көп бұл шығармаларын ғылыми түсініктемесіз жете ұғыну мүмкін емес. Міне, Абай «Қара сөздерін» оқытқанда, мұғалімнен шығармаларының осындай өзіндік жанр әрі мазмұн ерекшелігін бірінші кезекте ескеру, оны оқытудың методикасын оқушылармен жүргізілетін, олар тарапынан істелетін жұмыс түрлерін осы ерекшеліктер тұрғысынан келіп табу, талдау талап етіледі.

Абай әдебиетті қараңғы қауым үшін тәрбиеші ретінде пайдаланылған, өз творчествосының өзекті бір саласы етіп «Қара сөзді» пайдаланды.

Мектеп оқушыларының әр жақты, кең түсінуі үшін Абай «Қара сөздерін» тақырып, айтайын деген ой тұспалдары бойынша оның өлеңдерімен тығыз байланыстырып етсе нұр үстіне нұр болар еді.

Мысалға «Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі:

Жамандық көрсең нәфрәтлі

Суытып көңіл жисаңыз.

Жақсылық көрсең ғаибратлы

Оны ойға жисаңыз.

Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз? – дегендей ой түйінін «Он тоғызыншы» сөзіндегі: Адам ата – анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, срнда адам десе болады» деп одан әрі кеңіте отырып дамытатынын көруге болады. Осылай салыстыра отырып меңгерту ақынның шығармашылығын талдауда ерекше баспалдақ. Бұның сыртында төмендегідей қосымша мәлімет беру тағы бар.

Өлеңдері мен қара сөздерін қоса алғанда, Абай шығармаларында елуден аса мақал – мәтел бар екен. Абай әр мақалды өзінің керегіне жаратып, айтайын деген пікіріне лайықты түрде қолданады. Халықтың ел бірлігі туралы даналық сөздерін басшылыққа ала отырып, Абай «үшінші сөзі» мен «он тоғызыншы сөзінде»  бірлік туралы айтады. Өзінше құрып, жаңаша мазмұн беріп халықтың мақал – мәтелдерін қолдану, пайдалануда Абайдың өзіне дейінгі ақындардан ерекшелігін оқушыларға айта кеткен дұрыс. «Жалтырағанның бәрі алтын» дей бермейді. Кейбіреулеріне сын көзімен қарап «жиырма тоғызыншы сөзі мен бесінші сөзінде» қазақ мақал – мәтелдеріне сын айтады.

Абай «Қара сөздерінде» араша тұтас тіркестер мен сөйлемдерді ғана емес, орыс сөздерін де қолданған. Олар 43 сөзіндегі подвижный элемент, сила притягателная однородного және впечатлительность сердце дегендер. Мұндай ұғым аттарын орысша алып, әрі қарай сөздердің емес, ұғымның мәнін қазақшалап түсіндіреді. Бұл тәсілде Абайдың қазақ әдеби тіліне кіргізген жаңалығы екенін баса атап кеткен орынды. Яғни, ақынның көздеген мақсаты – ұғымдардың атын емес, затын білдіру екендігі байқалады.

Абай прозасынан басқа да орыс сөздерін кездестіруге болады.

  1. Оған дознание – тергеу шығады (3 сөз, 98-б, II том)
  2. Әуелі қызмет құмар қазақ балаларына оброзование беруге ол да

пайдалы іс (3 сөз, 98-б, II том)

  1. уезный начальник бірден военный губернатордың назначениясын бірден болады десе…(3 сөз, 99-б, II том)
  2. …үстіне біреуді посредникке сайлап алып… (3 сөз, 100-б, II том)

Өз шығармашылығына бөтен сөздерді кіргізу қажеттіліктен, халыққа айтпақ ойын толық жеткізуден ткындаса керек. Өйткені Абай:

«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы

Ол – ақынның білімсіз бейшарасы.

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы» – деп, жұртты тіл тазалығына шақырады.

Абай прозасының синтаксистік құрылысы да ерекше, күрделі екендігін оқушыларға жете түсіндіріп отырамыз. Олар құрамы мен құрылысы жағынан әр түрлі. Бірнеше жай сөйлемдерден құралған құрмалас сөйлемдер кездеседі. Мысалы, 33 – сөзінде 17 жай сөйлемнен тұратын, 28 – сөйлемінде 8 жай сөйлемнен тұратын құрмалас сөйлемдер кездеседі.

Ұзын – ұзақ сөйлемдердің екінші тобы – бірыңғай мүшелердің есесінен жасалғандар. Өлеңдері тәрізді, прозасында да бірыңғай мүшелерді жиі қолдану – Абай стиліне тән тәсілдердің бірі және бірыңғай мүшелер сан жағынан екі – үш емес, одан да көп болып, шоғырланып келуі жиі.

… әйтеуір бір талайөмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық…    (1 сөз, 95-б, II т.)

Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білім – ұяты, ары, жақыны, бәрі – мал.

(8 сөз, 105-б, II т.)

Анттың, серттің, адалдықтың, ұяттың бір жоқтаусыз кетекні ме?(11 сөз, 108-б, II т.)

Біздің қазақтың өнер, достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. (24 сөз, 119-б, II т.)

Ішпек, жемек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жинамақ, мансап іздемек,айлалы болмақ…(43сөз, 162-б, II т.)

Бірыңғай мүшелер бастауыштың, баяндауыштың, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыштардың қызметтерінде жұмсала береді.

«Бірыңғай мүшелердің қайталап шылаумен келуі Абайда жүйелі нормаға айналған деуге болады. Қазақ прозасының ішінде тұңғыш рет шылауларды әрбір бірыңғай мүшелермен немесе бірыңғай жай сөйлеммен қолдану жиілігі жағынан да, белгілі бір тәртібі жағынан да,  Абай «Қара сөздері» көзге түседі де, Абай осы салада нормализатор болып шығады. Р.Сыздықова ( «Абай шығармашылығының тілі» Алматы 1968).

Осы пікірді басшылыққа ала отырып, төмендегі мысалдарды келтіруге болады.

Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я мойыныңнан ғадаләт…((38 сөз, 151-б, II т.)

Кең толғау, үлкен  ой жоқ, не балуандығы жоқ, не батырлығы жоқ, не ақылдылығы, не арлылығы жоқ.(38 сөз, 159-б, II т.)

Әрбір уайым – қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахриет шаруасына…(4 сөз, 100-б, II т.)

Абай шылауларды ғана емес, өзге де сөздереге реңк үшін, назар аударту мақсатымен қайталап қолданған. Мысалы: 22 – сөзінде «қадірлейін десең, құрметтейін десең» деген екі тіркес 6 жолда да қайталанып келеді: «мырзаларды қадірлейін десең, байды қадірлейін десең…».

Абайдың 40 – қара сөзінде 17 абзацы қалай есімдігінің қайталанып айтылуымен құралған болса,

3 абзацы несі деген сұрау есімдігінің қайталануымен жасалған.

Синтаксистік параллелизмдер – Абай өлеңдерінің ең көрнекті стильдік белгілерінің бірі. Бұл тәсілді едәуір мөлшерде прозаның тілінде де пайдаланғаны көрінеді.

«Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел» немесе «жоқ тіленші – адам сайтаны, характерсіз – соңы монтаны». «Қайратсыз ашу – тұл, тұрлаусыз – ғашық тұл, шәкіртсіз  ұстаз – тұл».(337 сөз, 136 – бет)

Жоғарыда келтірілген мысалдарды оқушылармен талдаудағы мақсатымыз Абайдың дайын тұрған әдеби тілді пайдаланған қатардағы қаламгер емес, сол әдеби тілдің даму жолындағы жаңа дәуірін бастаушы, сапалық жаңа типінің ірге тасын қалаушы екендігін ұғындыру болмақ.

Сондай – ақ пікіріне сөзі дәл, екі ұшты мағына бермейтін, мағынасы анық, «іші алтын, сырты күміс», сөз жақсысын терең білетін Абайдың қазақтың әдеби тілін жасаудағы зор еңбегін ұрпаққа мүмкіндігінше ұғындыру еді.

 

 

 

Әдебиеттер:

Абай Құнанбаев шығармаларының екі томдық толық жинағы. Алматы 1977 жыл

Абай тілі сөздігі. Алматы 1968 жыл

Р.Сыздықова «Абай шығармаларының тілі». Алматы 1968 жыл

 

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *