Оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін дамыту жолдары
Оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін дамыту жолдары
Бүгінгі білім берудің басты нысаны әлемдік білім кеңістігіне кіру. Алғы шарт бүгінгі қоғамға лайықты білікті де білгір азамат тәрбиелеу. Мұндай тұлға өз ұлтының және өзге ұлт өкілдерінің мәдени құндылықтарын қастерлейтін, саналы деңгейде пікірлесе алатын дәрежеде болуы керек.
Оқушы біліктілігін арттыру қазіргі оқыту үрдісі мазмұнының басты нысанасы. Түрлі пәндер бойынша берілетін білім мазмұнының меңгерілуі, сол білімді пайдалану арқылы оқушының өмірлік дағдысы мен іскерлігі өлшенеді, ендігі жерде білімнің сапасы нәтижеге бағытталады.Іскерлік қатынасты көтеру мақсат етіледі [1]. Осыдан қазіргі білім беру жүйесіндегі құзыреттілік (біліктілік) ұғымы туындайды.
Коммуникативтік құзыретілік – әртүрлі әлеуметтік топтардағы адамдармен қарым-қатынас жасау үшін өзінің ана тілі мен өзге тілдерді меңгеруге, өмірлік жағдаяттарды шешу мақсатында әртүрлі коммуникация нышандарын қолдана білуге, мемлекеттік тіл – қазақ тілінде ұлтаралық, шет ел тілдерін меңгеруге үйретеді [2].
Нәтижеге бағытталған білімді пәндік құзыреттілік тұрғысынан зерделесек, біз адамға тыңдау, түсіну, ойлау,пайымдау, тұжырымдау, пікірлесу сияқты тілдік коммуникативтік біліктіліктерді оқушының өмірлік қажеттілігіне айналдыруы үшін әдебиеттің маңызы зор екеніне көз жеткіземіз. Әдеби білім алған оқушы әдебиетті пән ретінде ғана біліп қоймайды, сол пәндік білім негізінде болмысты танып біледі, одан ақпараттық мағлұматтар алады, эмоциялық құндылық болып табылатын адами қасиеттерді бойына сіңіре отырып, мәдениетті, салауатты қарым-қатынасқа түседі, әдебиеттің жетекші қызметінің жүзеге асырылуына жол ашады [2]. Бұл ретте көркем шығарманы дүниетанымдық, әлеуметтік, тәрбиелік бірлікте қарастырудың мәні артады, әдебиетті ұлттық құндылық ретінде оқыту қажеттілігі туындайды.
Сөз өнерінің негізінде оқушының дербес шығармалық қабілетін, ұшқыр, шешен сөйлеу шеберлігін дамыту үшін әдеби білім мазмұны көркемдік сипатқа құрылып, оқушы біліктілігін арттыруға негіз болады, сол себепті нәтижеге бағытталған білім моделі бойынша әр пәннен берілетін білім мазмұны мектептің барлық сатыларында нақты көрініс тауып, оқушылардың білімдік құзыреттілікті меңгеруін қадағалайды. Құзыреттілік ұғымы – оқушының белгілі бір кешенді іс-әрекетті орындай алу қабілетін жетілдіруге бағыттала отырып, оқыту жүйесіне қызмет етеді [2].
Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында бала бойында жалпы білім дағдысы мен білігін қалыптастыру мәселесі қаралады. Жалпы оқудың білігі мен дағдысын жан-жақты қалыптастырудың маңызы зор екені белгілі. Оқушы бойында білім негіздерін қалыптастыру үшін оның біліктілігін, дағдысын тұрақтандырып, белгілі арнаға түсірмейінше, нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес.
Оқушы белгілі мәліметті қабылдаушы ғана емес, сонымен бірге терең ой иесі. Ол дербес ойланып, дәлелдер келтіруіне сабақ барысында түрлі әдістер арқылы қолайлы жағдай жасауға тырысамын. Айталық, «Атаулар көмегімен болжау жасау», «Елеспен жетелеу», стратегиялары оқушының шығармашылық қабілетін ұштауға өте тиімді. «Ой қозғау», «Болжау» әдістерін оқушының ой ұшқырлығын бақылауда, стандартты емес шешім жасауда тиімді пайдалану жөн. Оқу орыс тілінде жүретін мектептердегі қазіргі оқушыларды кең ауқымды көркем әдебиетті қазақ тілінде оқытуға баулу оңай іс емес. Бұл жолдағы қиындықты шешуге «ЖИГСО» әдісі көп көмегін тигізеді. Оқушы өзіне жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарап, басқа топ мүшелеріне түсіндіру үшін сурет те салады, сахналық көрініс те қояды, сабақтың осы кезеңі оқушыларды бей-жай қалдырмайды.
Оқушылардың ойлау деңгейіне сай әр сабақта сұрақ қою үшін Б.Блумның сұрақ қою өлшемін пайдаланамын. Сұрақтар қарапайымнан терең ойлауға дейін жалғасады [3]. Мұндағы мақсат – оқушы ойын ең төменгі деңгейден терең ойлауға дейін жеткізу.Топтық тапсырмалар сыныпта ынтымақтастықты қарым-қатынас орнатуға, шығармашылықпен жұмыс жасауға, тақырыпты өмірмен байланыстыруға мүмкіндік туғызады.
Сабақта интерактивті әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы жеткен нәтижелерім мынадай: оқушының білім деңгейі түсінуден басталады да алған білімін қолданып, қорытындылауға дейін жоғарылайды. Қабылдаған жаңа ақпаратты саралап, мәселені өзі шеше алуға мүмкіндік болады [3].
Әдебиет сабағында оқушының тілдік құзыреттілігін қалыптастыру мақсатында жиі қолданылып жүрген «Оқырман семинары» тәсілі бойынша сызба түрінде талдау жасадым. Сабақта меңгерілетін көркем шығарма мынадай топтардың көмегімен жүзеге асады:
- Сұрақ қоюшылар.Б.Блумның сұрақ қою өлшемі бойынша қарапайым сұрақтан шығармашылық сұрақтарға дейін қамтылады. Сұрақтар қою арқылы оқушы өз бетімен шығармашылық қабілетін дамытады.
- Сөз тапқыштар. Қойылған сұрақтарға нақты, дәлелді жауап беру үшін өз бетінше ізденеді, дағыдыланады.
- Аудармашылар. Мәтін бойынша түсініксіз сөздер тізбегін жасайды, тұрақты тіркестерді анықтап жазады.
- Жазушылар. Поэзиялық шығарма болған жағдайда прозаға айналдырып жазады, мәтін бойынша жоспар құрады.
- Суретшілер. Мәтін кейіпкерлерінен, белгілі бір эпизодтарынан сурет салады.
- Кейіпкерлерді сөзбен суреттеушілер. Кейіпкердің, оқиғаның, мәселенің суретін сөзбен салады.
Қазақ әдебиеті сабағында оқушының құзыреттілігін қалыптастыруға бағытталған тапсырмаларды 4 бағытқа бөлуге болады:
—Ақпараттық құзыреттілік
—Қатысымдық құзыреттілік
—Мәдени-танымдық құзыреттілік
—Мәселенің шешімін табу құзыреттілігі
Қатысымдық құзыреттілік бойынша тапсырмалар:
Отбасы тақырыбында жазылған шығарма беріледі. Берілген шығармадан қазақ халқына тән туыстық қарым-қатынастағы ерекшеліктерді сипаттаңы Жақын арада сіз оқыған шығармаңыздан өзіңізге қатарлас баланың сол шығарманың басты кейіпкері болғанын білдіңіз. Оның сізден немесе сыныптас достарыңыздан қандай айырмашылығы бар немесе қандай ұқсас жақтары бар. Соны сараптап айтып беріңіШығармада кездесетін әндерді қазіргі кездегі әндермен салыстыра отырып, өз ойыңызды айтыңыз;
- Мәселенің шешімін табу құзыреттілігі бойынша тапсырмалар:
— «Менің атым Қожа» шығармасын немесе басқа да көркем шығармаларды оқу барысында кейіпкерлерінің іс-әрекеттеріне өз бағаңызды беріңіз;
— Экология тақырыбында берілген шығармалар бойынша оқушының өз ойын тыңдай отырып, « Қазіргі экологиялық мәселелерді қалай шешуге болады?» деген тақырыпта сұхбат жүргізіңіз;
— Топтық жұмыс. Әр топ өзіне ұнаған кейіпкерінің отбасына, Отанына әкелетін жақсылықтары мен зияндықтарын атап, оларға сипаттама береді. Зияндықтарды болдырмаудың себептерін анықтаңыз және т.б;
- Ақпараттық құзыреттілік бойынша тапсырмалар:
— Шығарманы оқып шығып, жалпы идеясын анықтаңыз;
— Берілген шығарма бойынша жоспар ( жай, күрделі) құрыңыз;
— Баспасөз беттерінен осы автор туралы мәлімет жинаңыз.
— Сол автордың шығармашылығы бойынша тезис дайындаңыз;
— Көркем шығармада берілген аймақты сипаттаңыз;
- Мәдени-танымдық құзыреттілік бойынша тапсырмалар:
— Шығармадан қазақ халқына тән туыстық атауларға байланысты этнолингвистикалық сөздерді теріп, жазып, сөздік құрастырыңыз;
— Белгілі бір тақырып бойынша аңыз, ертегілерді жинақтап, жобалар жасаңыз;
— Шығармада кездесетін ұлттық тағамдар атауларын атаңыз және олардың адам денсаулығына пайдасын дәлелдеңіз;
— Шығарманы оқу барысында қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы өз ойыңызды айтыңыз.Басқа сынып оқушыларымен қазіргі салт-дәстүрлер туралы сұхбат жүргізіп, диктафонға жазыңыз және сараптама жасаңыз;
Оқушыны іздендіру үшін сұрақ қоя білуге үйрету арқылы оның саналы ойлауы, жан-жақтылығы, білімі мен біліктілігі қалыптасады. Сонымен қатар, жоспарлы түрде жұмыс істеуге машықтану үшін мәтін бойынша жоспар құру әдетін қолдануға болады. Нәтижесінде оқушы мәтін бөлімдеріне қысқаша тұжырымдама жасап, әрбір оқиғаға ат қойып, өзіндік іздену мен білім дағдысын берік қалыптастырады.Мәтін бойынша түсініксіз сөздер тізбегін жасау, поэзиялық шығармаларды прозаға айналдыру тәсілдері де оқушының жан-жақты дамуына үлкен ықпал етеді.
Қорыта айтқанда, қазақ әдебиетін құзыреттілік тұрғысынан оқыту мәселесін қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің әдістемелік бірлестігіне талқылап, оқу-тәрбие процессі барысында басшылыққа алып, қазақ әдебиеті сабақтарында оқушыларды шығармашылықпен жұмыс жасатып, алған ақпараттарын өмірде қолдана алуына жағдай жасау үшін құзыреттілік тұрғысынан оқыту тәсілдерін қолданудың оқушы біліктілігін арттыру үшін маңызды зор.
Қолданылған әдебиет:
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Алматы-2008
- Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы.
- Б.А. Тұрғанбекова «Мұғалімнің шығармашылық әлеуетін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту: теория және тәжірибе» Алматы-2005
- К.Құдайбергенова «Құзырлылық – тұлға дамуының сапалық критерийі»
(ғылыми-практикалық конференция материалдары) Алматы-2008
- «Қазақстан мектебі» журналдары, 2010 жыл
Аңдатпа.
Мақалада интерактивтік әдістер түсінігі анықталған. Сонымен бірге қазақ тілі сабағында интерактивті әдістерді пайдалану ерекшеліктері көрсетілген. Автор өз тәжірибесінен мысалдар келтірген.
Аннотация. В статье говорится о формировании коммуникативной компетентности учащихся. Автор уделяет внимание формированию навыков разговорной и письменной речи школьников. Приведены примеры из опыта работы автора.
Abstract.
The article says about the communicative competence formation of students. The author pays attention to skill formation spoken and written language development of pupils. Examples of the author’s work experience are given.