Ұзын көше
Сабақтың аяқталуына да 2 айдай уақыт қалды. Бүгін әдеттегідей ұйқымнан тұрғым келмесе де тұрып, сол бір ұзын көшемен сабаққа келе жатырмын. Басқа күндердей емес, бүгін бұл көше маған ой тастады:
-Сабақтың бітуіне 2 ай қалды. 2 ай! Содан кейін мен бұл мектепке келмеймін. Енді бұл көшемен де ұйқылы ояу келудің қажеті болмайды.
Кенет:
-Қалай сонда? Бәрі сонымен біте ме? Мен сонда 11 жылды да аяқтап қойдым ба? 11 жыл! Жылына 365 күн,жарайды демалыстар,жазғы каникул бар,ауырған күндерімді алып тастағанда жылына 265 күннен 11 жыл, 2915 күн бойы мен осы көшемен білім ордасына барып келдім.Міне қызық!
Біртүрлі сезім бойымды билеп алды. Өкінетін сияқтымын ба,әлде қимаймын ба?
-Мен бұл көшемен сонау даярлық сыныптан бері мектепке барып келе жатырмын. Бұл көшемен күліп те,жылап та қайтқан кездерім болды. Асығып барып, достарыммен баяу, серуендеп қайтатынмын.Қысқасы бұл көше менің барлық көңіл-күйімнің, оқиғаларымның куәгері. Бұл ұзын көше менің үйреншікті жолым ғой…
Қимастық сезім мені айналама терең оймен қаратты. Ауыл тіршілігі таң атысымен қызу жүріп жатады емеспе. Мен күндегісін күнде амандасатын адамдар, менімен қабаттаса өріске кетіп бара жатқан қой мен сиырлар, көшенің әр жерінде ұйқылы ояу сабаққа бара жатқан оқушылар, балабақшаға баласы жыласа да апара жатқан аналар, самал желмен тербеліп тұрған ағаштар, бәрі де бүгін ерекше көрінді.
Мектепке де жетіп қалыппын.
-«Осы мектептен қашан кетемін?» деп айтсам да маған құшағын жайып тұрғандай. Қанша дегенмен бұл менің екінші үйім. «Екінші ана» атына ие мұғалімдерім де осы ыстық ұяда. Бір үйдің баласындай болған сыныптастарым да осы жерде. Алайда, осының бәрімен қоштасуға тура келеді. Бар жоғы екі айдан соң көшемен, мектеппен, сыныптастарыммен, мұғалімдермен қимастықпен қош айтысамыз.Мектеп пен мұғалімдер қуанатын да шығар, бірақ олар да бізді қимайтынын жақсы білемін.
Мен 11 жыл бойы кіріп, шыққан есігіме де келдім.
-қоштасу қиын әрине… бірақ мен жыламаймын-деп көзімді сүрттім де, мектепке кіріп кеттім.