Ахмет Байтұрсынұлы шығармаларының тәрбиелік мәні
Дамира Сейткамал
Торғай даласы, мен үшін, не бір дүл-дүл ақындар мен елі үшін еңіреген ерлердің, ел басына күн туғанда қасқайып қарсы тұрған батырлар мен керемет өнер саңылақтарының мекені деп білемін. Бұл топырақтан нәр алып, жалпы қазақ халқы үшін өмірлерін қиған, қазақ халқының қазақ болып қалуына бар күш-жігерлерін жұмсаған ұлы тұлғалар көптеп шыққан. Олар: ұлт-азаттық көтерілісінің туын тіккен Амангелді батыр мен білімнің шамшырағын алғаш жаққан даланың дара ұстазы Ыбырай, Торғайдың қос тарланы атанған Ахаң мен Жақаң. Міне, осындай ұлы тұлғаларсыз қазақ тарихын елестету мүмкін емес деп ойлаймын.
Мен-бақытты ұрпақпын, себебі Амангелді атамыздың атының тұяғы дүбірлеп өткен жерде дүниеге келіп, осы жерде өсіп келемін. Мен үшін менің туған жерімдей жер жоқ, өйткені менің өлкем –даналар мен даралар мекені. Сондай дара тұлғаның бірі- маған алғаш әріп танытқан менің сүйікті әліппе оқулығымның авторы Ахмет ата. Мен бұл кісі туралы не білетін едім? Біріншіден, ол-біздің жерлесіміз екенін, екіншіден, өлеңдер жазған ақын екенін, үшіншіден, «бес арыстың» бірі, ұлт жанашыры болғанын білетін едім. Ал, ұстазым Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай эссе жазуды тапсырғанда, іздене бастадым. Сол ізденістерімнің арқасында мен ол кісінің сегіз қырлы, бір сырлы жан екенін ұқтым. Ол-қазақтың ақыны, әдебиет зерттеуші ғалымы, түркітанушы, аудармашы, ұстаз, қоғам қайраткері. Бір сөзбен айтқанда қазақ үшін туып, қазақ үшін өмір сүрген жан деп білдім. Себебі, елін сүйгені сондай: «маса» болып ызыңдып, ұйықтап жатқан халқын оятып, білімге, ғылымға шақырды. Мен Ахмет ата шығармаларының тәрбиелік мәнін жазуды дұрыс деп шешіп, ұлы ұстаздың қырық мысалын оқып шықтым.
«Жас ағаш» мысалын оқып отырып, қазіргі кездегі жақын, туыс адамдардың бір-бірімен араласпай, өздерін жат адамдардай ұстауларын немесе «қарты бар үй- қазынасы бар үй» деген сөзді ұмытып, кәртайған ата-аналарын бақпай, қарттар үйіне тапсырып жатқан жастарға жазылғандай болып елестеді. Себебі, жанындағы барлық үлкен ағаштардан құтылған жас ағаш, ең соңында бір соққан дауылдан морт сынады. Ақын осы жас ағаш арқылы «…Ағайын бірі-пана, бірі-қару, Кісіге жеке-саяқ бақыт қонбас»-деген ұғымды түсіндіргісі келген. Біздің халықта «у ішсең-руыңмен»деген керемет сөз бар. Себебі, біздің халық-басына қиын қыстау күн туғанда жақыны түгіл жаттың өзімен бір үзім нанын бөліп жейтін қайырымды халық. Сондықтан да бізге бұл жат қылық.
«Бұлбұл мен есек» мысалын оқи отырып, Ахмет атаның көреалмаушылық, көңілдері тар, көздері соқыр, саф алтыннан сары жезді ажырата алмайтын надандарға келтірген мысалы екенін ұқтым. Мұндай адамдар қай заманда да болған, ол өте өкінішті. Себебі, біреудің қуанышына шын жүректен қуана алмау, біреудің жетістігіне жақсы сөздер айта алмау-жаман мінез. Мұндай мінезден арылмасақ, келешегіміздің жарқын болмасы анық. Себебі, әжем бізге жасаған жақсылық пен жамандықтың өзімізге қайтатыны жайлы күнде айтып отырады.
«Қарашекпен мен қой» мысалында сот болған қу түлкінің жазықсыз қойға жапа шектіргенін көруге болады. Ұстаз бұл мысалда қулықпен елді алдап, өз ойларын жүзеге асыратын жұғымсыз жандар жайлы жазған. Қазіргі кезде мұндай адамдар көбейіп кеткен сияқты көрінеді маған. Себебі, әлеуметтік желілер мен ақпараттық құралдарды көріп отырсам, зейнеткерлерді алдап, ақшаларын, үйлерін тартып алып жатқан алааяқтарды, ұялы телефон арқылы біреудің атына несие алып кетіп жатқан адамдарды көріп, еріксіз осылай ойлаймын. Сонда біздің болашағымыз жарқын болсын деп күрескен ұлы тұлғалардың еңбегі еш кетті ме? Жоқ, бұл мыңнан біреу ғана, керісінше өмірде жақсы адамдар көп. Сондықтан алдағы өмірге тек қана үмітпен қарау керек деп ойлаймын.
Ойымды қорытындылай келе Мұхтар Әуезовтің: «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны- «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетіне қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын…» деген сөздерін негізге ала отырып, ұлт ұстазының шығармаларының мәңгі жасайтынын көреміз, себебі ұстаз айтқан адами қасиеттер қазақ халқымен бірге жасамақ. Бұл асыл қасиеттер атадан балаға мирас болып қалатын қасиеттер екені даусыз. Сондықтан ұстаздың армандаған көзі ашық, көкірегі ояу, бойында адами, ізгі қасиеттері қалыптасқан жастар өмірден өз орындарын адаспай тапса деген арманы қазіргі уақытта орындалды деп айтуға болады.