Дарынды оқушылармен жұмыс
Жаңаарқа ауданы.
О.Жұмабеков
атындағы орта мектебінің
бастауыш сынып ұстазы
Дүрімхан Майгүл
ХХІ ғасыр – бәсеке ғасыры, бұл бәсеке енжарлықты, керітартпалықты көтермейді. Сондықтан да еліміздің білім берудегі ұлттық жүйесі өте қарқынды өзгерістер сатысында тұр. Бүгінгі таңдағы негізгі мақсат – ұлттық құндылықты әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті, өзіндік жеке көзқарасы қалыптасқан тұлға тәрбиелеу. Ол үшін оқушылардың белсенділігін арттыру, ізденімпаздыққа үйрету және білімді өз бетінше алуы мен қолдана білетін дарын иесін тәрбиелеу керек. Осы заманғы шебер мұғалімі білім берудің ұлттық моделіне өту арқылы, оқыту мен тәрбиенің соңғы жетістіктерін меңгерген педагогикалық – психологиялық диагностиканы қабылдай алатын, педагогикалық жұмыста қалыптасқан бұрынғы қабілетті және ескі сүрлеуден арыла алатын, нақты тәжірибелік іс- әрекет үстінде өзіндік даңғыл жол салуға икемді шығармашыл, зерттеуші, ойшыл педагог болуды қажет етеді. Себебі, жаңа ғасырда бәсекеге қабілетті интеллектуалдық күші жетік маман кадрлар болмай, әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай экономика дамымайды. Жас жеткіншектің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу,оның одан әрі дамуына бағыт бағдар бере білу ерекше қиын іс. Демек,оқушы бойындағы табиғат берген қабілетті дамыту, дарындылықтың көзін ашу, ғылыми зерттеу жұмыстарына қызығуын қалыптастыру, шығармашылық қабілетін дамыту, қазіргі техниканы пайдалану мәдениетіне тәрбиелеу-ұстаздардың басты міндеті. Дарын-адам бойындағы асқан талант, ерекше қабілет. Дарындылық бала бойындағы асқан алғырлық, зеректік. Табиғи дарынды бала алдымызға қашан келеді күтудің қажеті жоқ, керісінше, балалардың бойындағы қабілетті ашып, болашақ қоғамның бір-екі, одан да көп тұлғасын дайындау жолында еңбек етуіміз қажет, демек, бүгінде қоғам алдында тұрған міндет, әрбір ұстаз алдында тұрған міндет: дарынды балаларды іздеу, оларды тәрбиелеу мен оқыту. Дарынды балалармен жұмыс істеуде ұстаз өзі бірінші болып ізденеді.
- Дарынды балалар мәселесін зерттеуге қатысты философиялық, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік әдебиеттерді зерттеу, саралау.
- Ғылыми–әдебиеттердің сараптамасы негізінде дарынды балалардың сипаттамасын беру.
- Балалардың дарындылық қасиеттерін анықтауға арналған әр түрлі әдістемелерді жинақтау.
- Дарынды балаларды оқытуда білімденудің инновациялық технологияларын жүйелеу.
Қазіргі уақытта тәжірибелік негізі бар екі бағыттағы ғылыми зерттеулердің қажеттілігі өте орынды болып отыр. Олар:
- Дарындылық деңгейлерін жақсарту;
- Бала дарындылығын зерттеудің педагогикалық әдістерін жетілдіру.
Бүгінгі таңда мемлекет пен қоғамның алдында тұрған басты мақсат Республиканың интеллектуалды әлеуетін сақтау және қазақстандық азаматтан зиялы қауымды дайындау. Интеллектуалы жоғары, қоғамға жаны аши білетен азаматтарды дайындау мектеп қабырғасынан басталады. Ендеше жаңа ғасыр мектебінің алдында тұрған міндет-дарынды балалармен жүйелі жұмыс жүргізу болып табылады. Дарындылықты дамытудың қазіргі кезде нақты бір белгіленген бағыты, жүйеленген әдістері немесе тәсілдері жоқ. Оқу мен тәрбиенің сыныптағы бала танымына лайық жолдарын сұрыптау, әр баланың даралық ерекшелігін дамытуға, қоғамда өмір сүруге психологиялық тұрғыдан дайындау мақсатымызға айналуы тиіс. Мектеп қабырғасында оқушылар жақсы да, жаман да оқиды. Ал адам бойындағы дарындылықты нағыз данышпандыққа айналдырудың бір ғана шарты-табиғи талантпен шектеліп қалмай, табандылықпен еңбектену. Демек, табиғи таланттарды ашу жас талапкердің жарқырап көрінуі үшін ұстазға жүктелер міндет не? Ол міндет-оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін жан аянбай еңбек ету. Осы жағдайға жеткен оқушы әрқашан да ұстаз сенімін ақтайды
Дарындылық – бұл қабілеттілік, адамның жалпы қасиеті немесе арнайы іс-әрекеті ретінде көрінетін қабілеттілік. Көптеген ғалымдар жалпы дарындылық бар дегенге сүйенеді. Сол білім мен дағдыны алғандағы жеңілділік пен шапшандылықты көрсетсе де, адамда қалыптасқан білім, дағды, іскерлік қабілеттілікке сәйкес келмейді. Адамның қабілеті шын мәнінде әрқашан жалпы және ерекше қасиеті бірлігінде берілген. Ерекше, жарқын көрінген таланттың арнайы қабілетінің бар болуы адамның жалпы дарындылығына ізін қалдырады, ал жалпы дарындылықтың бар болуы әрбір арнайы қабілеттің мінезінде көрінеді. Дарынды балаларды ерте жастан анықтау, оларға білім беру және тәрбиелеу – психологтардың маңызды мәселелерінің бірі. XX ғасырдың соңғы ширегінде барлық өркениетті елдерде әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени үдерістерде жеке адамның рөлі өзгергендіктен дарынды балалардың дамуы, оқуы және көрінуі бойынша жұмыстар басталды. Өнер, мәдениет, ғылым, басқару, өндірудің барлық саласында өзіндік, шығармашылықпен ойлайтын жас адамдардың қажеттілігі байқалды. Бала дарындылығының ерте жастан көрінуі және жүргізілген зерттеу тәжірибелері мұндай балаларды шығармашылыққа тәрбиелеудің арнайы мемлекеттік бағдарламасы құрылуы қажет екендігін және мұғалімдер мен ата-аналарды психологиялық, әлеуметтік-экономикалық көмекпен қамтамасыз ету керек екендігіне негіз болды.
Қоғам әрқашанда шығармашыл адамдарды қажет етеді, бірақ тек XX ғасырдың ортасында қабілеттілік және талант психологиясы бойынша зерттеулер кеңінен жүргізіле бастады. Дарындылық феномені туралы негізгі білімдерге ие және олармен жұмыс жасау тәжірибесі бар мұғалімдер санын көбейту проблемасы да осы қатарға жатады. Дарындылық – бұл адамның генетикалық және тәжірибелік мүмкіндіктерінің өмірге бейімделу шамасы. Дарындылықтың негізгі функциялары – өмірге, қоршаған ортаға максимальды бейімделу, шығармашылық тұрғысынан қарауды қажет ететін жаңа, күтпеген проблемалар болған жағдайда шешім табу. Дарындылық проблемасын зерттеуде ғалымдар жалпы және арнайы дарындылық деп бөледі. Жалпы дарындылық іс-әрекеттің формаларында немесе әртүрлі түрлерінде жалпы мәліметтерге ие. Жалпы ақыл-ойлы дарындылық іс-әрекеттің барлық түрін меңгеруде көрінеді. Дарындылықтың психологиялық құрылымы шығармашылық және адамның шығармашылық дамуын мінездейтін құрылымдық негізгі элементтермен сәйкес келеді. Сырт қараған адамға адамның шығармашылық дамуы көп қырынан көрінеді. Олар бала кезінен-ақ көріне бастайды, ең алғашқысы болып сөйлеу және ойлау қабілеттерінің тез дамып жетілуі, ерте жастан әуестенушілік (музыкамен, көркем суретпен, оқумен, есеппен), баланың білуге құмарлығы, зерттеу белсендігі. Баланың шығармашылық потенциалының жалпы мінездемесі және құрылымдық компоненті болып мотивацияның басқа типтеріне қарағанда таным мотивациясы доминантының психологиялық негізін құрайтын таным қажеттіліктері табылады.
Қорыта келгенде, дарынды баланың шығармашылық дамуының маңызды сипатына жеке бастық және интеллектуалды қасиеттердің ерекшеліктері жатады, дарынды балалардың заттық әлеммен өзара әрекетінде жеке бастық стратегиясы дами отырып, онда репродуктивті немесе продуктивті іс-әрекет типтері калыптасу негізінде, жүйелі оқыту процесінің басталуымен байланысты табиғи потенциалдарды тарататын креативтілік типінің қалыптасу мүмкіндігі құрыла бастайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. – 7 желтоқсан 2010 жыл
- Назарбаев Н. Қазақстан – 2030. Ел президентінің Қазақстан халқына жолдауы. – Алматы: «Дәуір», 1997. – 326 б.
- Гильбух. Ю. З. Умственно одаренный ребенок. –Киев, 1993
- Тұрғынбаева Б. А. Кіші жастағы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. – Алматы, 1997