Ағылшын тілін үйренудің жолдары
Ағылшын тілін үйренудің жолдары
Қазіргі таңда, біз қалаймыз ба, жоқ па, өмірдің өз қарқыны мен ағымы бар. Ол өзгереді. Оған қарап біз де өзгереміз. Бүгінгі таңда көптеген адамдар шет тілін үйренуде. Күн сайын адамдар қысқа уақыт ішінде ағылшын тілін үйренудің жолдарын іздейді. Жартысы арнайы курстарға барса, басым бөлігі өз бетінше үйренеді. Кейбір адамдарға оңай болса, кейбіріне қиынға соғып жатады. Осыған байланысты, мен өзімнің ойымды және өзім қалай үйрендім, сол туралы ақпаратпен бөлісуді ұйғардым. Ағылшын тілін үйрену – бұл үнемі көп уақытты қажет ететін жұмыс. Соны қалай тездетуге болады? Жауабын беруге тырысайын.
Алдымен сіз «Маған ағылшын тілі не үшін керек?» деген сұраққа жауап беріңіз. Кей адамдарға жұмыс бабымен керек, кейбіреулері шетелге кетуді армандайды, қазіргі жастар Еуропада білім алғылары келеді. Яғни олардың мақсаты шетелге оқуға түсу, ағылшын тілін сол үшін үйрену. Ал сіз, өзіңіздің жауабыңызды тапқаннан кейін мақсатыңыз айқындала түседі.
Ендеше, мен қалай үйрендім? Ең алдымен, менің ағылшын тіліне деген құштарлығым күшті болды. Мен ағылшынша сөйлескенде өзімді бір американдық, англичандық адамдарша сезінетінмін. Мен ағылшынша сөйлей алатынымы мақтанатынмын. Ол кезде 6 класс оқушысы, әрине, мен үшін үлкен жетістік болды. Содан бері осы тілге деген қызығушылығым арта түсті. Күніне 10 сөзден жаттадым, мұғалімім бізден сөздік диктант алатын. Осы тәсілдің жұмыс жасайтынын көріп, қазіргі таңда мен де, мұғалім ретінде, өз оқушыларымнан сөздік диктанттар алып тұрамын. Сөз жаттау не үшін керек? Ол сөздік қорды арттыру үшін керек.
Келесі қадам ол – ағылшын тілінде кинолар көру. Әрине, жаңадан шыққан киноны оригинал нұсқасында көр демеймін. Ол сіздің көрген, түсінген киноңыз болуы керек. Себебі сіз енді бастап жатырсыз, ондағы барлық сөзді түсіне алмауыңыз мүмкін. Субтитрды оқып отырамын деп киноны жіберіп аласыз. Сондықтан субтитрсыз қарауға үйреніңіз.
Өзіңізге ұнайтын ағылшынша өлеңдерді аударыңыз. Қазір 21 ғасырда, интернет дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз, сол себепті ол қиындық туғызады деп ойламаймын. Сол өлеңді жаттап алыңыз.
Жаттаған жаңа сөздерді қолданыңыз. Жай ғана жаттап қойсаңыз, ұмытылып қалуы мүмкін. «Practice makes perfect» деген сөзді естіген шығарсыз, яғни кез келген жаңа нәрсені жасағанда практика керек. Сөйлем құраңыз, диалог, монолог құраңыз. Қалай да сол сөзді тұрақты қолдана алатындай жаттап алыңыз.
Ағылшын тілінде 4 дағды бар. Олар: тыңдалым, жазылым, айтылым, оқылым. Тыңдалымға біздің көретін киноларымыз және тыңдайтын өлеңдеріміз жатады. Яғни біз шетелдік акцентті тыңдап, олардың сөздерді айту мәнерлерін білуіміз керек. Келесі жазылым, басқаша айтқанда жаза алу. Қалай дамыту керек? Ол жоғарыда айтып кеткендей, сөздік диктанттар, диалогтар, хаттар жазу. Үйренген сөзді қолданып сөйлем құрасақ, жазылымды жайлап дамыта аламыз. Айтылым деген сөйлеу білу. Оны қалай дамытуға болады? Естіген фразаларымыз болсын, сөз тіркестері болсын, дәл сол ритммен, дәл сол акцентпен айту. Қайталау. Ал оқылым деген оқи алу. Жаңа сөзді айта алу бөлек, оны оқи алу бөлек. Сөзді жаттағанда, кейде көзімізбен жаттап алуымыз мүмкін, немесе тек қана айтылымын жаттап аламыз. Жазылуын да білу үшін, ең жақсысы, сол сөзді алдымен естіп, қайталап, көріп, содан соң жазып та жаттау керек.
Қазіргі таңда көптеген ұялы телефонға арналған қолданбалар бар. Test-english.com деген сайтты жақында ғана бір арнадан көрдім. Еш ақысыз осы жерде аталып кеткен 4 дағдымызды жақсартуға мол мүміндік бар. Оған не нәрсе керек? Біздің құлшынысымыз! Оқимын деген адамға еш нәрсе қиындық туғызбайды. Оқимын деген жан уақыт та, ресурс та табады. Оқы, оқы және оқы, деген Ленин атамыз. Оқиық, өзімізді дамытайық, ізденісте болайық.