Кәсіби маманның алғышқы қадамы – өндірістік тәжірибе

Қанатының астынан ғалымды да, ұстазды да, дәрігерді де, заңгерді де ұшырған, білімдінің білімін талантымен ұштастыра білген, білікті маман даярлаудағы ғылым мен білімнің алтын көпірі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздегі жетекші оқу орындарының бірі. Ұлы тұлғалардың тұсында іргесі тұрғызылған оқу орны қазіргі таңда, әлемдік деңгейдегі университеттермен иықтасып келе жатыр. Бой түзеген уақыттан бері ұлы тұлғалардың бірін осы шаңырақта шәкірт тәрбиелеткізіп, келесі бір тұлғаны қара шаңырағынан түлеткен ҚазҰУ біршама игі істердің бастамасы болып келеді. Тағы да бір қатар біліктілер түлегелі отырған оқу жылы филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4-курс студенттері «Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл-құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығынан» өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Тәжірибе жұмысының негізгі мақсаты – педагогикалық құзыреттілікті, кәсіби қасиеттерді қалыптастыру және дамыту, ғылыми байланыстарды жүзеге асыратын негізгі ұйымдардың, мекемелердің қызметімен таныстыру, жеке және ғылыми ұжымдық жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру және студенттің теориялық білімін тереңдету және бекіту.

​Тәжірибеден өту барысында орталық жетекшісі филология ғылымдарының кандидаты, ахметтанушы Имаханбет Райхан Сахыбекқызы қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы студенттерін атқарылуы тиіс жұмыстардың көлемімен таныстырды. Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы тарапынан жетекшілікке бөлінген Шортанбай Шоқан Амангелдіұлы өндірістік тәжірибе барысында атқарылатын істерге бағыт-бағдар беріп отырды. Сонымен қоса, өндірістік тәжірибенің мақсат-міндетін әрбір студентке жауапкершілікпен түсіндірді. Өндірістік тәжірибе барысында ZOOM платформасы арқылы онлайн жиындарға қосылып, жетекшілерімізден кеңес алып, көкейіміздегі сұрақтарымызды да талқыға салып отырдық. Өндірістік тәжірибеге бөлінген студенттердің бір тобына Алаш ардагері, қоғам қайраткері, ақын, әдебиеттанушы теоретик ғалым, ғұлама әдіскер Ахмет Байтұрсынұлы есімі берілген мұражай-үйлердің тарихы мен жәдігерліктерін, мемлекеттік және жеке мекемелердің құрылған жылдарын және олардың Ахмет мұрасын танытуға, насихаттауға қосқан үлесін саралап, жүйелеу жұмыстары тапсырылды. Сондай-ақ, республика көлеміндегі Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне қойылған ескерткіштердің санын анықтап, оларды жасаған мүсіншілердің есімдерін, ғалымның аты берілген көшелердің бойындағы ғылыми маңызы бар ғимараттарды жүйелеп, біріздендіруге атсалыстық. Аталған тапсырмаларды орындау барысында ғаламтордың, кітапханалардың, электронды кітапханалардың және ресми сайттардың көмегіне жүгіндік. Осы тапсырмалардың аясындағы жұмыс барысында тың мәліметтермен танымымыз толығып, болашақ мамандығымыз үшін мол тәжірибе жинадық.

Алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы мен ғылыми-әдістемелік мұрасын оқып-танысу, зерделеу – бүгінгі ұрпақ үшін де өте маңызды. Өндірістік тәжірибе барысында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығымен жете танысу үшін әр жылдарда жарық көрген мақалалар, деректі және көркем фильмдер, түрлі жанрда жазылған прозалық, поэзиялық, драмалық шығармалармен таныстық. Бір ғана Ахмет Байтұрсынұлының ғана емес, күллі Алаш көсемдері мен қайраткерлерінің өмірін өрнектеп бір картинаға сыйғыза алған «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Тар заман» сынды бірнеше бөлімдік телехикаяларды көріп, талқыға салдық. Ұлт ұстазының нағыз қиын шақтағы басынан кешкен қасіретін көрсеткен және Ел ағасының атылғанын айшықтап, көрермен көңіліне сызат түсірмей, Алаш қайраткерлерінің халық жадында мәңгі қалатынын көркем жеткізген.

​Ғалымға арналған жыл сайынғы конференциялар мен байқаулар, іс-шаралар, оқулардың да жас ұрпақ үшін берері мол. Сонымен қатар, ұлт ұстазының есімі берілген төсбелгілердің тарихы мен оларды иеленген тұлғалардың мұралары зерттеуіміздің негізі болды. Ендеше, өндірістік тәжірибенің біз үшін өнімі мол болары сөзсіз.

​Үстіміздегі жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұлт ұстазының өнегелі ғұмырын, соңында қалған әдістемелік еңбектерімен молынан таныстық. “Елді түзетуді бала оқытудан бастауымыз қажет” деп ұрандаған ұлт ұстазының осы мақсаттағы “Оқу құралы”, “Тіл құралы”, “Баяншы”сияқты әдістемелік оқу-құралдары ғылым салалары жайынан көп мазмұнды мағлұматтар беріп, оқыту барысында маңызды рөл атқарады. Ахмет мұрасының зерделенуі мен насихатталуы тоқтамай тек қана ілгерілейді деген ойдамын.

ҚазҰУ-дың 4-курс студенті:

Бекетаева А.М

Жетекшісі аға оқытушы: Шортанбай Ш.А

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *