Дидактикалық ойындардың бала тілін дамытуда атқаратын рөлі

Дидактикалық ойындардың бала тілін дамытуда атқаратын рөлі.

Жалпы ойын – бала өміріндегі тәрбиенің шешуші шарты. Бала өзін қоршаған ортаны, өмір сүріп отырған айналасындағы құбылыстар мен заттарды ойын арқылы түсінеді. Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл-әрекеті – ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін әрі тәрбиелейтін негізгі іс-әрекет-ойын. Ойын-балалар үшін күрделі әрекет. Ойынның түрлері көп, соның ішінде маңыздысы – дидактикалық ойын. Мектеп жасына дейінгі балаларға білім беруде, тілін дамытуда,  оқу қызметінде дидактикалық ойындарды пайдаланудың маңызы өте зор.

Дидактика – термині гректің «дидактикос» , яғни үйретемін деген мағынаны білдіреді.  Дидактикалық құралдар оқу міндеттеріне сай арнайы әзірленеді.

Дидактикалық ойын – оның аты айтып тұрғандай, баланың ақыл ойын дамытып, таным түсініктерді ажыратудағы әдістердің бірі. Ойын әрекеті арқылы оқыту – мектеп жасына дейінгі кезеңнің негізгі ерекшелігі. Білімді меңгерту және оны бекіту үшін, дағды мен әдет қалыптастыруда балаға қайталау және жаттығу қажет. Егер баланың ойлауы образды, эмоциялық әсерде болса, ол соғұрлым жақсы нәтиже береді, сондай – ақ білім қызғылықты әрекетпен байланысты болса, баланың іс – әрекетімен іштей қабысып жатса, ондай білімді бала дұрыс меңгереді

Дидактикалық ойындар үш топқа бөлуге болады:

1.Заттық дидактикалық ойындар-дидактикалық ойындармен және түрлі ойын материалдармен ұйымдастырылады. Заттық дидактикалық ойындар әртүрлі ойыншықтармен және әртүрлі ойын материалдарымен ұйымдастырылады. «Жаңылтпашты тез айт», «Фонетикалық жаттығулар», «Мақалды жалғастыр» т. б.

Сөздік дидактикалық ойындар, яғни ауызша ойналатын ойындарға әр топтың жас ерекшеліктеріне байланысты ойындар іріктеледі, сондай – ақ тапсырмалар арқылы балалардың білімін тереңдете түседі және сөздерді дұрыс айтуға, есте сақтауын дамытуға көмектеседі.

2.Үстел үстінде ойналатын дидактикалық ойындар.

Үстел үстінде ойналатын дидактикалық ойындар – балаларға арналған қызық сабақ. Түрлері бойынша олар әртүрлі: сыңар суреттер, лото, домино. Ойындарды ойнаған кезде шешілетін тапсырмалар да әртүрлі. Суреттер сыңарын табу ойындары. Мұндай ойындағы ең қарапайым тапсырма – алуан түрлі суреттерден бірдей сыңарларын: түстері, үлгілері және т. б. бірдейлерін табу. Содан соң тапсырма күрделенеді: бала суреттерді тек қана сыртқы белгілерімен ғана емес, сонымен бірге мағынасы бойынша да біріктіреді, мысалы: барлық суреттердің ішінен екі ұшақты табу. Суретте бейнеленген ұшақтар, түсі, пішіні бойынша әртүрлі болуы мүмкін, бірақ оларды ұқсатып заттардың бір түріне жатқызып, біріктіреді. Ересектер топтарында тапсырмалардың шешілуі күрделірек: кейбір балалар суреттегі салынған қимылдарды бейнелейді, басқалары суретте кім салынғанын, онда адамдардың не істейтінін, мысалы өрт сөндірушілер отты сөндіреді, теңізшілер теңізде жүзеді, құрылысшылар үй салады және т.б. табады.Мұндай ойындарда жеке тұлғаның осындай құнды қасиеттері: қайта түрленуге қабілеттілігі, қажетті бейнені жасаудағы шығармашылық ізденушілігі қалыптасады.

3.Сөздік дидактикалық ойындар.

Сөздік ойындар ойнаушылардың сөздері мен әрекетінен тұрады. Мұндай ойындарда балалар заттар туралы түсініктеріне сүйеніп, олар туралы білімдерін тереңдетіп үйренеді. Балалар өздігінен түрлі ойлау тапсырмаларын шешеді: олардың сипаттамалық қасиеттерін бөліп, заттарды суреттейді; суреттеу бойынша табады; ұқсастық және айырмашылық белгілерін табады; әртүрлі қасиеттері, белгілері бойынша заттарды топтайды. Бұл дидактикалық ойындар барлық жастағы топтарда өткізіледі, әсіресе балаларды мектепке дайындауға мүмкіндік беретін, мектепке дейінгі ересек жастағы балаларды тәрбиелеу мен оқытуда ерекше маңызды: педагогты мұқият тыңдай білуді дамытады, қойылған сұраққа жылдам жауап табады, өз ойын дәл және анық тұжырымдайды, қойылған тапсырмаға сәйкес білімді қолданады.

Дидактикалық ойын балалардың қоршаған орта туралы түсінігін кеңейтеді, баланы ойнай білуге баулып,ақыл-ой қызметін қалыптастырады,әрі адамгершілікке тәрбиелеу құралы болып табылады. Дидактикалық ойындарды сөйлеуді дамыту оқу қызметінде пайдалану,сонымен қатар күн тәртібінің барлық сәтінде жүзеге асырылу тиімділігін тәжірибе көрсетіп отыр. Дидактикалық ойындарды қолданудың тиімділігімен баланың дүниетанымын, ой-өрісін,логикалық ойлау қабілетін, тіл байлығын, шығармашылығын дамытумен мақсатқа жетеміз. Дидактикалық ойын – адамгершілікке тәрбиелеудің құралы болып табылады. Дидактикалық ойынмен ұйымдастырылған оқу қызметі балаларға көңілді әрі қызықты болады. Балабақшадағы тәрбиелеу – оқыту жұмысында балалардың тілін дамыту, сөздік қорларын дамыту, ауызша сөйлеуге үйрете отырып, үйренген сөздерін күнделікті өмірде еркін қолдану, әрі оны күнделікті іс- әрекет кезіндегі тілдік қарым – қатынаста қолдана білуге жаттықтыру ісіне ерекше мән берілген.

Мухамбетова Фарида Бекмуратовна

Аққулы аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті

Мұғалім-логопед

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.«Дидактикалық ойындар жинағы» әдістемелік құрал

2.Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М. «Педагогика» Алматы, 2000

3.Коменский Я.А. «Ұлы дидактика»

 

Cізге ұнауы мүмкін...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *