“Ана тілің – арың бұл…
«Ана тілің – арың бұл…»
Ана тілі – әрбір адамның бойына анасының ақ сүтімен дарыған тілі. Менің ана тілім – қазақ тілі. Жаратқан шешіп қойған, менің қазақ болып туылуымды. Оның әміріне қарсылығым жоқ, керісінше, мың алғыс. Алайда, кейбір адамдар осы бақытты түсінбейді. Қазақ болып туып, орыс болып өмір сүреді: орысша көп сөйлейді, көп қарайды, оқиды, ойлайды.
Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі, қазақ халқының ана тілі, шексіз бай, көркем, рухани бай, Абай әрлеген, Жамбыл жырлаған ғажап тіл. Оған дәлел әдебиетші ғалымдардың зерттеулері, пікірлері:
«Қазақ тілін қарабайыр санайтын адамның бұлтын сейілту үшін мынаны еске алу артық болмас: егер бір ғана «Абай жолында» Әуезов 16 983 сөз қолданса, ал Шекспир мен Байронның барша лексиконы 15 мың сөзді құрайды. Демек қазақ әдебиетінің дәмін көрмей жатып, әлемдік әдебиетке қол созудың өзі – ақымақтық» , – деген екен неміс ғалымы, аудармашы, қазақ тілінің жанашыры Герольд Бельгер. Ал қазақ балалар әдебиетінің атасы, қазақтың педагог-ағартушысы Ыбырай Алтынсарин былай деген екен: «Қазақтың тілі соншалықты мол. Яғни қазақтың тілімен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық һәм анық болар еді, егерде біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмай ілгері бастырып сөйлесе».
Бауыржан Момышұлының да қазақ тілі туралы айтқан нақыл сөздері бар: «Қазақ тілі – сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл».
«Ана тілімізге мән бермеушілік, оны құрметтемеу – шынайы патриоттар тәрбиелеу жұмысына үлкен зиян».
«Тіл тазалығы үшін күрес – ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес».
Замандастар, отандастар, жастар – ұлы бабаларымыздың айтқан сөздеріне құлақ түрейік, үйренейік! Қадыр Мырза-Әлі айтқандай:
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!
Гүлнұр Асқарбекқызы Ботабаева
№2 МЛ қазақ тілі мұғалімі, Қостанай қаласы