” Шоқан Уәлиханов – публицист”
Біз Шоқан Уәлихановты ағартушы, географ және тарихшы ретінде білеміз. Алайда, Шоқанның публицистикалық қырын да айтпай кету мүмкін емес. Әжесінің арқасында Шоқан Уәлиханов бала кезінен қазақ аңыз – әңгімелерімен, мақал – мәтелдерімен сусындап өсті. Қазақ ауыз – әдебиетін жетік білген тұлғалардың бірі болды. Ол кішкентай кезінен оқып, білімін жетілдіре түсті. Соның арқасында өзінің жан – жақтылығын көрсетті. Сол кезеңде қазақ халқының жағдайы өте ауыр болған еді. Халықтың жай-күйі Шоқанды қатты алаңдатты. Осы тұста өзінің біраз публицистикалық мақалаларын жариялаған болатын. Мақалаларында халықтың мүддесін қорғап, әділеттілік үшін күресті. Патша үкіметінің озбыр саясатын сынға алды. 1864 жылы Қазақстанда реформа іске асты. Сол кезде Шоқан Уәлихановтың «Сот реформасы» атты мақаласы дүниеге келді. Бұл мақалада осы реформаның құрылысы сыналып, халықтың пікірімен санаспай, билер мен сұлтандардың қолдауы бойынша жасалғаны әшкереленді. Ол билерді сайлау тәртібін қолдамады. Себебі, парақорлыққа, сатып алушылыққа және жолсыздықтың күшеюіне әкеп соқтырады деп есептеді. «Сахарадағы мұсылманшылық» деген мақаласында әйел теңдігі мәселесіне көңіл бөледі. Балалардың туылмай жатып атастырылуы, әмеңгерлік салтын, кішкентай қыздарды қалың малға сату секілді ауқымды проблемаларды көтереді. Шоқан адамның жеке құқығына ешкімнің қол сұғуға қақысының жоқтығын нақты жазып кетті. «Қазақтар қыздарын кәмелетке толмай күйеуге бермейтін болсын, ата – аналары өздерінің балаларын тұрмысқа шығуға, үйленуге күштемейтін болсын» деп ұсыныс енгізген болатын. Ол «Қырғыздар туралы», «Қазақтардың қонысы туралы» мақалаларында көшпелі халықтың басты байлығы – мал шаруашылығы екенін және осы кәсіп арқылы экономиканы көтеру ең жақсы әдіс болатынын жазып өтеді. Сонымен қатар, патша үкіметі жерді бөлгенде қоныс аударып келген орыс шаруалары мен көшпелі қазақтарға тиімді болатын жағын ескертуді талап еткен болатын. Ол барлық қазақ халқы бірте-бірте егіншілікпен айналысып, артынша жартылай көшпелі, кейін отырықшы ел болатынына сенді. Қорыта келе, қилы кезеңдегі қазақ халқының жағдайын ойлап, патша үкіметіне қарсы шығып, сынап отырған тұлғалардың бірі – Шоқан болды. Ол қазақ халқын қай жағынан болсын жетілдіріп, биік дәрежеге көтергісі келді. Өзінің үлесін қосып, сол мақсатқа біртабан жеткізді деп ойлаймын. Өзіндік ойып алар орын бар Шоқан Уәлиханов – қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдыз.