Тәуелсіз елім – тағдырым менің!

Айберген НҰРАЛЫ, Қалжан ТАРИХОВА

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультетінің 1-курс магистранттары

Данат ЖАНАТАЕВ
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Әл-фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті

Тәуелсіз елім – тағдырым менің.

Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде таныстым мұң тілімен.

Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

(Ж.Молдағалиев)

Менің елім – менің тағдырым. Қазіргі таңда осы ұранмен өмір сүрудемін. Елім үшін кішкентай болса да, тіпті көзге көрінбейтіндей бір пайдала іс жасау, ол мен үшін абырой. Әркімге өз туған жері ыстық болатыны белгілі. Мен үшін, туған жер – ол тек дүниеге келген жер емес, ол сенің балалық шағын, қызықтарын, қуанышты күндерін мен қайғылы түндерін өткен жер. Тәуелсіз елдің аспанында бақытты өмір кешіп жатырған біз қандай бақытты едік. Себебі қазіргі таңда өздерінің тәуелсіздігін ала алмай, өзге елдің боданы болып отырған елдер қаншама. Бізде талай жылдар бойы орыстардың боданы болып, қиын қыстау кезеңдерді бастан өткердік. Бірақ мың өліп, мың тірілген қайтпас қайсар рухты ата-бабамыз өз жандарын беріп, бізге тәуелсіздікті алып берді.Рухты, батыр ата-бабамыздың жанкешті күресінің арқасында біз тәуелсізбіз, еркінбіз. Бір ғана сөз бейбітшілік, бақыт, сәттілік, достық, сыйластыққа жетелейді, жаныңа жылылық пен дербестікті ұялатады. Шыңын мәңгі қар басқан биік таулары, сарқырай аққан өзендері, мөлдір сулы көлдері, шет-қиыры көзге көрінбейтін жазық далалары, қойнауында ұлан-асыр кен байлықтары тасып жатқан қуатты өлке, құт-мекеннің мәртебесі жоғары, тұғыры биік. Алайда, бүгінгі таңдағы әлем мойындаған Қазақстан мен еркіндікті аңсаумен бодандықта болған Қазақстанды салыстыру өте қиын.

«Өмір – үлкен көл, Заман – соққан жел,

Алдыңғы толқын ағалар, артқы толқын інілер

Кезегімен өтілер, баяғыдай көрінер»,демекші еліміздің тарихы тереңде. Сонау орта ғасырларда әлемді дүркіретіп, Алтайдан Ақ теңіз, Моңғолияға дейін созылған аймақты қамтыған, әлемдік рухани мәдениетке үлес қосқан түркілерден тараған ұрпақпыз. Содан бері қанша ғасырды артқа тастап, түрлі қиындықтардан сүрінбей өтті. Бүгінгі күні Никонов, Жириновский сынды орыс саясаткерлері «Қазақ елінің», қазақ халқының тарихы жоқ екенін ауыз олтырып айтып, БАҚ құралдары арқылы сендіруге әлек. Бірақ мұның бәрі құр далбаса екенін бәріміз білеміз. «Күлтегін» жырында айтылып өткен «Мәңгілік Ел» концепциясы тура біздің елге сай келеді. Репрессия, түрлі қанаулар, жау шапқыншылығына қарамастан ұлтымыз даралығын, еліміз өз кейпін сақтап қалды. Елімізді қорғаған Бөгенбай мен Қабанбайлар, үш төбе болған үш би, Әлихандар, Ахметтер. Олжас пен Шахановтардың үлесі зор. Ал қаншама халық әлемдік аренадан өз орнын жоғалтып, «мемлекет» атауынан тұтас айырылған. Ұлтымызды небір қиындықтардан сескендірмеген күш осы Азаттыққа деген аңсау екені сөзсіз. Сондай күрестердің бірі – 1986 жылдың желтоқсанында алаңға шығып, Кеңес билігіне наразылық көрсеткен жастардың наразылығы еді. Шынында да Желтоқсан көтерілісі азаттық таңы ататын күннің жақындап қалғанын сездірген оқиға еді. Желтоқсаннан кейін барып Кеңес елінің түпкір-түпкірінде сан түрлі толқулар болып, ақыры араға 5 жыл салып Қызыл империяның күйрегені баршаға белгілі. Отанымыз 1991 жылы егемендігін алған уақыттан бастап бірте-бірте аяғына тұруға ниеттенді. Биыл дербес мемлекет болып қалыптасқанымызға 30 жыл болмақ. Өз алдына егеменді ел болып, тәуелсіз мемлекет атандық. Қазақ халқы үшін үлкен қуаныш. «Елу жылда ел жаңа» десе, елудің жартысын енді аттаған осынша аз уақытта басымыздан небір оқиғалар өтті, түрлі жетістіктерге жеттік. Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр.Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атауға болады. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипломатиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. «Қазақстан – 2030» стратегиясын қабылдадық. Шығыстағы көршімізбен шекарамызды бекіттік. Басқа да іргелес мемлекеттермен шекара жөніндегі келіссөздер қарқынды жүргізіле бастады. Ел аумағын ядролық қарудан толық тазарттық. Елордамызды Арқа төсіне көшірдік. Нарықтық экономикаға өтіп, жекеменшік институтын берік орнықтырдық. Отандық бизнестің негізін қаладық. Жастар әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім ала бастады. Түрлі дағдарыстардан аман өтуге мүмкіндік берген Ұлттық қорымыз құрылды. Дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нәтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді. Екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі. Осы жылдарда мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық әлеуетіміз арта түсті. Құрлықтағы барлық шекарамызды айқындап, заң жүзінде бекіттік. «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендедік. Солтүстік Аралды құтқарып, қашқан теңізді қайтардық. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиттерін өткізуге және басқа да бірқатар маңызды халықаралық жобаларға бастамашы болдық. Елімізге шетелден қомақты инвестиция тарттық. Есілдің жағасында бой көтерген еңселі елордамыз ұлттық идеямызға айналды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Тұрғын-үй құрылысы да бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамыды.Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік.

Әрине, егемендігін 100-200 жыл бұрын алған Еуропа елдерімен елімізді салыстыру, наразылық білдіру қисынсыз. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» дейді. Сол себепті еліміздің көркеюіне бір емес, бірнеше адам, бірнеше қоғам мүшелері болып қатынасуымыз керек. Осылайша біз елге, қоғамға жаңа серпін бере аламыз.

Өткенге мақтаныш сезімі бүгінгі күннің болмысына тікелей әсер етеді. Тәуелсіз елдің қадір-қасиетін танытатын, ары қарай жалғастыратын – бүгінгі жастар. Мүйізі қарағайдай алпауыт 30 мемлекеттің қатарына кіру үшін жастарды сапалы біліммен қаруландыру керек еді. Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, жаңаша құрылымы бар демократиялық қоғам құруға кірісуге бет алды. Еліміздің болашағын жасайтын жастар білімімен қатар шығармашылық қасиеті жоғары, өзіндік көзқарасы бар, елге тұлға болатын азаматтар болуы керек. Елбасымыздың тағы бір «Өмір сүру үшін өзгере білу керек» деген сөзі бар. Еліміз күннен-күнге сағат тілінен қалыспай, заман ағымымен бірге үздіксіз дамуда. Бүгінгі мақсат – ұлттық сипатымызды сақтай отырып, алға ұмтылу, болашақ ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу.

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты –

Мен жастарға сенемін! – деп ақын Мағжан Жұмабаев та болашақ жастарға айбынды сөз арнап, жас ұрпаққа үміт артқан. Сондықтан еліміз үшін аянбай еңбек етуіміз керек. Елімізді одан сайын гүлдендіру үшін, біз алдымен өзімізді әрдайым дамытып, көштен қалмауымыз қажет. Өйткені, ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс. Бұл туралы ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген.

Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында «өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі» деген болатын. Сондықтан да, ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерді ту етіп, еліміздің дамуы үшін, халқымыз бақытты өмір кешуі үшін бірлесе еңбектенуіміз қажет.

Bilimger.kz Республикалық білім порталы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне тіркелген.

Куәлік нөмірі: KZ45VPY00102718

Вам может также понравиться...

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *