Қ.Мәдібай еңбектеріндегі Зар-заман мәселесін сараптау.
Жетекші: Жанатаев Данат Жанатайұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, доцент
Шойбекова А.,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс магистранты.
Қанипаш Мәдібай Қайсақызы 1951 жылдың қысында қазіргі Алматы облысы, Алакөл ауданының Жемді ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің филология факультетіне түсіп, оны 1972 жылы үздік бітіреді. Профессор Қанипаш Қайсақызы өзі зерттеп-зерделеген ғылыми еңбектерінің негізінде көптеген оқулықтар мен оқу құралдарын, монографиялар жазды. Студент-шәкірттерге арнап жазған ғылыми еңбектерінің бірі – “Зар заман ағымы” (1997) деп аталатын оқу құралы. “Абай және Абай дәуіріндегі қазақ өлеңі” (2007), “Өрісті өнер” (2014) атты оқу құралдары мен қазақ әдебиеті тарихын оқытуға арналған “Абайтанудағы жаңа бағыттар”, “Махамбеттану”, “Сәкентану” тағы басқа да авторлық курстарын әзірледі. Жетісу өңірінің түлегі филология ғылымдарының докторы, профессор, танымал әдебиет сыншысы Қанипаш Қайсақызы Мәдібай ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан (“2012 жылдың жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” грантының), ҚазҰУ-дың 75 жылдығы мерекелік медалінің иегері.
Қазақ әдебиеті тарихындағы зар заман ағымы. Қ.Мәдібай 1995-97 ж. студенттерге арнап Зар заман ағымы туралы еңбектер жазды . Зар заман ақындарын зерттеуде Қ.Мәдібай бұл кезеңнің қай уақыттан бастап және кімдер бастағаны жөнінде, сонымен қатар М.Әуезовтің анықтамалығына көз жүгіртеді. Соңғы зерттеушілердің бірі М.Мырзахметовтің “Отаршылдық дәуірдегі әдебиет” деп атауды ұсынуын да бір қырынан жөнді деп бағалайды. Шортанбай ақын атап кеткен бір өлеңнің атымен атай салу М.Әуезовтің мақсаты болмағандығы, бұл кезеңнің тарихи астары терең екендігін айта отырып, бұған: “…зар заман ақындарынан бастап біздің әдебиет екінші жікке қарай ауысады. Бұдан бұрын қарастырған әдебиет жұрнақтарының барлығы ауызша әдебиет десек, мыналарды жазба әдебиеттің басы деу керек” – деген пікірін келтіреді. Жазба әдебиетінің басы деуден бөлек, “Зар заман ақындары деп кімді айтамыз? Бұл дәуірдің алғашқы ақындары кімдер? Барлығының басын қосатын күй қайсы? Көпшілігі қандай жайды тақырып еткен, нені толғаған?” деген секілді сұрақтарға да жауап іздеуге тырысты. Сонымен сол кезде өткен Сырым, Исатай, Кеңесары басқарған үш күшті қозғалыстың жеңіліс табуы – халықта зарлы мұңды алып келді деген Х.Досмұхамедұлының да ойын қосады.
Келесі мәселе – халық поэзиясындағы зар заман (скорбная поэзия) мен толғау арасындағы байланыс. “Бұл өлеңдерде салт – сананың бұзылуы жырланады, халық өмірінің көне әдет – ғұрпы мен ескі салттарының құлдырауы, билер мен әкімдердің парақорлығы мен пәтуасыздығы, тұрмыс – тіршіліктің нашарлауы, мал санының азаюы мен халықтың жұтауы, жайылым -қоныстың тарылуы, қоныс аударушыларға шұрайлы жерлердің кесіліп берілуі, жердің тозуы, елдің азуы, аштық, жұт т.б. сөз болады; бұрынғы өмір мен ескі салт-дәстүрлер мадақталып, кейінгі өзгерістерге зар айналатыны сияқты идеялық – тақырыптық жағынан зар заман ағымына жақындата беруге болатынын аңғарамыз” – деп келтіреді.
Тарихшы ғалым Б.Сүлейменовтің еңбектеріне сүйене отырып Зар заман әдебиетітінің сол кездің өзінде зерттеле бастағандығын айтып, Ы.Алтынсариннің “Горе киргиз” қолжазбасы, оның маңызы мен мазмұны жайында сөз қозғайды. “Мұнда Ы.Алтынсарин зар заман әдеби ағымын патша үкіметінің отаршылдық саясаты, жұт қоян жылдары деп аталатын ашаршылық пен жалаңаштық көбейген кезең туғызды дейді. Бұл жерде Ы. Алтынсариннің Зар заман ағымының тууына патша үкіметінің отаршылдық саясаты себеп болды дегені дұрыс” деп, Қ.Мәдібай жасалған толғамдардың бәрі дұрыс, осының бәрі негізделіп әдебиетте жаңа реалистік бейне алған ағымның тууына себепкер болды деп баға береді. Осы секілді Х.Сүйіншәлиев, С.Сейфуллин, М.Мағауин, Б.Кенжебаев берген Зар заман ағымы туралы түсініктеме ойларын талқылап кетеді.
Осы зерттеуінде конференцияларда талқыланған “әдебиет – единый поток” сияқты 1957-59 ж. қаулыларды талқылау, Зар заман әдебиетін діни бағытта жазылған шығармалар деп тану, “Зар заманға кімдер кіреді?” деген мәселелерді де қарастырып өтті. “Ә дегенде Шортанбай ескішіл, исламға сүйенген, феодалдық қоғам жоқшысы деген тұжырымдарды төгіп – төгіп алып, ақынның санасы кертартпа бола тұра өлеңінде кейбір тұрмыс шындығы көрсетіліп отыратын тұстар бар” дегені секілді ірі пікірталастар орын алғандығын айтады.
Зар-заманды сөз еткенде Қ.Мәдібай осы еңбекте М.Әуезовтен көп сілтемелер келтірген. Соның бірі зар заман ақындарын бөліп қарастыру: Бірі — келер күннің жұмбағын шешіп, елге үлгі, өсиет сөз сөйлейтін, болжау айтқан қария. Екіншісі — толғау айтқан жырау. Қариясы — Асан. Жырауы — Бұқар. “Бұл жерде Мұхтар Әуезовтің Асан қайғыға байланысты ойының мәніне аз тоқтала кетейік. Абылай дәуірінде өмір сүрмегенімен шартты түрде хан маңында болуға тиісті ақылшы қариялардың жиынтық бейнесі ретінде аталғаны анық. Өйткені Асан М. Әуезов пайымдауында да ең алдымен елдің ақылшы кемеңгері, заманның сыншысы, қырағысы. Зар заман ағымына М. Әуезов XIX ғасырда жасаған ақындардың бәрін кіргізеді” – Қ.Мәдібай.
Зар заман әдебиетіндегі жүзжылдық дәуір мәселесі. Қ.Мәдібай М.Әуезов Зар заман ағымына ХІХ ғасырда өмір сүрген барша ақындарды жатқызды дедік, осылайша жүз жылдың өлшемімен алып қарап отыр. Осыған енді Мұхтар Әуезовтің жүзжылдықты үшке бөліп қарастыруы мен ондағы ерекшеліктерді атап көрсетеді: әлеуметшіл, ойшылдық сарыны – Бұқар заманы; ісшілдік – Махамбет; дін мен мәдениет – Ыбырай.
“Жүз жылдық дәуірдің саяси сипатын мейлінше жан – жақты қамтыған М.Әуезов” дей отырып, Қ.Мәдібай М.Әуезов толғамдарына мынадай тұжырымдар келтіреді:
– М. Әуезов қазақ әдебиетінде жырау қандай миссия атқарды, оның өмірі, өлеңі немен ерекшеленеді деген мәселені молынан қамтыды.
– жазба әдебиетке ауысу себептерін, ол әдебиеттің жалпы әдебиеттен айырмашылық, өзгешелігін сөз етті.
– Зар заман әдебиетіндегі тарихи жырларды теориялық, мән-мазмұн жақтан талдады, сол әдебиет тұсында туған түр деп таныды.
– Зар заман әдебиеті кімнен басталып, кіммен аяқталатындығын атап көрсетті.
– Зар заман әдебиетінің негізгі сарындарын айғақтады; Зар заман әдебиетін жанр, түр, өлең үлгісі жағынан барлады.
– бұл әдебиетті даму, өзгеру себептерін атап, 3 кезеңге бөліп көрсетті.
– Зар заман ақындарының қайсысында қай сарын басым болғанын саралады. Былайғы зерттеу, міндеттерді тұжырымдады.
Қорытындылай келгенде Қ.Мәдібайдың Зар заман ағымына арналған зерттеулерінің өзі қаншама. Зар заман тақырыбында қамтылған мәселелерді жалпылама сипаттап өтуге тырыстық. Қ.Мәдібай әдебиетті дәуірлеуде елеулі еңбектер мен зерттеулер жүргізген, зерттеулері сан саланы қамтып жатыр. Оның Хандық дәуір әдебиеті, ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті, Абайтану, Махамбеттану, Қазақ әдебиетінің жауһар ғасыры, Өрісті өнер, Әдеби мұраны зерттеу, т.б. қауым үшін әрқилы мәліметтер бере алуы қуантады. Оның еңбектерінің жан-жақтылығы біздің оны әлі де танып білуімізге итермелейді.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
- Өмірбаяны. Ар ісін аялаған. Мақала. “Ана тілі” порталы.
Сілтеме: https://anatili.kazgazeta.kz/news/19680
- Әдеби мұраны зерттеу. Алматы: Қазақ университеті. 2014 ж. – 238 б.
- Мәдібай Қ.Қ. Зар заман әдебиеті. Мақала.
Сілтеме: https://bilim-all.kz/article/16675