Мұхтар шаханов поэзиясындағы рухани-адамгершілік идеялар
Жанатаев Данат Жанатайұлы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, доцент
Вахобова Карима Абділмансуровна
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 1-курс магистранты
Мұхтар шаханов поэзиясындағы рухани-адамгершілік идеялар
М.Шаханов поэзиясындағы көркемдік жүйенің бір парасы өзі өмір сүрген кездегі ауыл, ел тіршілігі, ұлттық мінез, ұлттық психология, табиғат көріністерінің көркем бейнесін жасауға негізделген. Ұлттық сипат кейіпкердің түр-түсімен, киім киісімен, сөйлеген сөзімен анықталмайды. Бұл сырт көрініс, ұлттық мейрам Наурыз мерекесінде қазақы шапан киіп, басқа халық тілдерінде сөйлеген бауыр-туғандарымыздың сұр–сықпыты, міне, осы сияқты. Мәселе ұлттың дамуының әлеуметтік, экономикалық және тарихи ерекшелігіне дүниетанудағы көзқарасына, сезудегі ұлттық психологиясына байланысты. Әрі ұлттық ерекшеліктерді бірыңғай ұнасымдылықтан, жақсы қасиеттерден іздеу де оғаштық. Яғни ол жаман қылық пен қасиеттерде де жатуы әбден мүмкін. Қысқасы, ұлттық сипат тарих көшіне ілесіп дамып, жаңа реңге ие болып отыратын құбылыс.
Ұлттық сана – біріншіден өз халқын, ұлтын сыйлайтын ыстық ықылас пен сергек сезімнен туады. Екіншіден, елінің, халқының ұлттың өткенін, қазіргісін, келешегін толық біліп, тексеріп халық тағдырына, ұлт мәселесіне елдік, мемлекеттік тұрғыдан қарайтын саналы, салихалы ойдан туады. Бұл ретте ұлттық сананың жасаушысы, сақтаушысы, қорғаушысы әрқашан да ұлттық интеллигенция, зерделі авангард топ зиялы қауым, әсіресе ақын-жазушылар. Абайда: «Қыранша қарап Қырымға, мұң мен зарды қолға алып, кектеніп надан зұлымға, шиыршық атып толғататын Шоқан, Ыбырай, Шәкәрім, Әлихан, Ахмет, Мағжан, Халел, Мыржақып, Жүсіпбек, Мұстафалар сияқты ұлы ойшылдар ғана ұлттық сананың негізін салып, ірге тасын қалайды» [1, 572-576 бб.]. Бұлар халқының өткеніне қиналған, қазіргісіне қынжылған, келешегінен үміттенген.
Дәл осындай шығармашылығында ұлттық сипаттар басым қазақ ақынының бірі – Мұхтар Шаханов. Әр кейінгі ұрпақ өз жолын алдыңғы аға буынның жеткен жерінен бастайтындығын ескерсек, Мұхтар да Абай мұрасын құран хадистеріндей құлағына құйып өскен өрен. Абай поэзиясының түп тамыры өмірде, ұлттық негізде, тарихта екендігін жете зерделеген Шаханов оны игеріп қана қоймай дамытты, жемісті үрдістермен жетілдірді. Сөйтіп дәстүр мен жаңашылдық арақатынасын туғызды. Бұл бұрын да бар, алда да жалғасын табар құбылыс. Жалпы көркем әдебиет, өнер аса сындарлы тәрбиеші. Ата-анадан да, ұстаздан да өткін ұлы тәрбиеші – әдебиет, оның ішінде – поэзия. Тәрбиелік роль атқармаған өнер тұл.
Шаханов поэзиясы – ұлттық сананы сілкіп оятатын қуатты дәру, жан–жүйеңе ізгілік нұрын шашатын энергия көзі. Құт-береке құюшы құндылық.
Шиллердің, Шекспирдің драматизмі оқиға қоюлығымен, адам психикасының тереңдігімен ерекшеленетін еді. Мұхтарда солармен бірге сөз, бейнелі тіл құдіреті айрықша орын алады. «Сезімнің төзім жібін албырттығын қиды ма?» деген өлеңнің жалғыз тармағындағы образға қаншама сезім мен ой сыйып тұр. Ойымызды күнде бөлетін қарапайым ұғым емес, санаңда жарқ ете қалатын жаңа тіркес. Көбінде бір сезім отына төзе алмаймыз. Сезімге берілеміз, ләззат кешеміз, қадірлейміз, ардақтаймыз. Бұл – өмірде де, өлеңде де қалыптасқан ұғым, қалыпты шындық. Яғни сезімді келістіре жырлау – поэзияның түпкі мақсаты, негізгі тенденциясы. Ал Мұхтар осы ұғымға контраст бейнелілік енгізіп отыр. Сезімнің төзім деген нәзік жібі болады екен. Сол жіппен «тұзақ ойнау» – кісілік көрініс. Ақын идеялы мен сөз қолданыс осылайша дәл түйіседі де, поэзия оты тұтанады. Бұл сияқты мысалдарды Мұхтар творчествосынан көптеп табуға болады.
Шахановтың қуатты балладалары халыққа бірден жетті. Себебі онда халық мұрасының, поэзиясының дәстүрлі жолы жақсы сақталған.
Даралыққа не жетсін көңілдегі.
Бақытты жан мен болам төріндегі
Өлеңде де ешкімге ұқсамайтын
Мұрынымнан танысаң, елім менің!
– деген жолдар ақын тіліне тегін оралып тұрған жоқ. Шынында да, Мұхтар Шаханов ізденіс жолына көп түскен ақын. Ол оның баллада жанрына көбірек баруы деп ұқпау керек. «Күнде өлең жазып машыққа айналдырудан қорқатын ақын арасы сирек-сирек туған әрбір өлеңі, не балладасы барлық жағынан ауқымды да жаңа дүние болып келеді. Шын мәнінде, Мұхтар Шаханов стилі – плифондық стиль. Ойдың интонациялық реңіне лайық өлең өлшемін бір өлеңнің ішінде шектеусіз пайдалана береді. Біркелкілік симметрияны сақтайды. Одан өлеңнің логикалық жүйесі бұзылмайды. Динамикасы күшейіп, табиғи сипаты молая түседі.» – дейді Б. Кәрібаева [2, 27 б.]. Мәселен, «Жанерке» атты балладасын негізінен он бес буын өлшеммен жазып келе жатып:
«Шіркін ана көргендей боп арманың таң құсын,
Жырға құмар жәудір көз жаудыратып алғысын»
Кел, Жанерке,
Кел, жарығым,
Қане төрлет.
Тоқтама.
Жақсы келдің, айналайын!»
–Деп қалбалақтап жатты ана,
– деген ұзынды-қысқалы тармақ кездейсоқтық немесе форма жаңалау сияқты арзан мақсаттан туған жоқ. Мазмұн тереңдігін көздеген шын көркемдік ізденіс кепілі. Небәрі екі парақ өлеңге төрт тарау арнап Саттар өмірінің түйінді тұстарын, кісілік қасиетін қыз есімі арқылы шебер жеткізеді.
«М. Шаханов ұлттық поэзия дәстүрін тереңнен танып, игерген сайын бүгінгі поэзия проблемасына жақындай түседі. Сыннан өткен халық даналығын бүгінгі өмірдің өзекті проблемасы етеді. Кейде осы көп проблемалылық Мұхтар поэзиясын трибуна немесе публицист ақын етіп жібергендей. Қалай дегенде де көне көз аңыз, ертегі формасы мен мазмұны ақын талантымен өзгеше үндестік табады. Сол бір халық творчествосындағы дарқандық, көп қырлы, жан-жақтылық Шаханов талантында тоғысып, ерекшелігіне айналған сияқты» [3, 215 б.]. Ақында еліктеуден гөрі немесе ұтымды үйренуден гөрі халық мұрасымен осындай бір табиғи табысу бар сияқты. Қарапайым әңгіме, таныс сюжет ақынның қаламынан жаңа ғана көзі ашылған бұлақтан ойнақтап шыға келгенде әрине, таңданасыз. Бұл деректің өзі ақынның публицист емес, суреткер ақын екенінің дәлелі. Ақынның бейнелі тұспалымен бірге пікірін ашық айтатын кездері де болады. «Түсінісу теоремасы», «Шың басындағы оқиға», «Отан», «Жігерлендіру» т.б. адам үшін аса қымбат шындықты көзге көрсете, қолға ұстата айтады. Мұндай тұстарда, әрине поэзия қуаты ма, жоқ әлде шындық күші ме мысын басатын, байыптау қажет болады. Ақын қайткенде де бүгінгі оқырманды ойлы әңгімеге баулудың жолын қарастыратындай.
Қорыта айтқанда, Шахановтың плифондық стилін біз ақынның жаңашылдығы, осы жолдағы ізденіс іздері деп бағалау ләзім. Поэзиядағы шарттылықтың бәріне де қарсы шығып, өмір шындығына жақындау, өнерді халыққа жақындату ниеті деп түсіну керек.
Пайдаланылған дереккөздер
- Абай. Энциклопедия / Абай. – Алматы: Атамұра, 1995. – 720 б.
- Кәрібаева Б. Қазақ лирикасының поэтикасы: Әдеби-сын мақалалар / Б.Кәрібаева. – Алматы: Жазушы, 1988. – 151б
- Қазақ әдебиетінің тарихы. 9-том. – Алматы, 2000. – 520 б.
- Шаханов М. Эверестке шығу / М.Шаханов. – Алматы; Атамұра, 2003. 272 б.